ВС РК - Постановление от 14.08.2024 по делу 6001-24-00-6ап/620 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 14 тамыз 6001-24-00-6ап/620 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Б.И.Саттыбаевтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Бурабай ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанындағы «Бурабай Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның (әрі қарай - Кәсіпорын) жауапкер «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалану, реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне ауыртпалық салатын әкімшілік актіні анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп тану және жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшы Бурабай ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанындағы «Бурабай Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның келтірген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымымен талап қою арызы қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, әкімшілік істі қайта қарауға жолдауды сұраған.

Іс бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы прокурордың сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған қорытындысын тындай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, келесідей тұжырымдарға келді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларынан, талап қоюшы Кәсіпорын ауыртпалық салатын әкімшілік актіні анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп тану және жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

2023 жылғы 31 мамырда «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалану, реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Инспекция) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері бойынша Кәсіпорынға қатысты анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарған. Нұсқама талап қоюшыға пошта байланысы арқылы жіберіліп, 2- маусымда табыс етілген.

2023 жылғы 9 маусымда кәсіпорын тарапынан тексеру нәтижелері бойынша жазбаша түрде қарсылықтар баяндалды, инспекциямен 22 маусымда қарсылықтар бойынша жауап берілген.

2023 жылғы 29 тамызда Кәсіпорын бірінші рет сотқа осы әкімшілік талап қоюмен жүгінген.

2023 жылғы 31 тамызда «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 4-бабына сәйкес әкімшілік талап қоюды мемлекеттік тілде жолдау қажеттілігі көрсетіліп, арыз қабылданбаған.

2023 жылғы 20 қазанда талап қоюшы сотқа екінші рет осы талап қоюмен жүгінген, арыз мемлекеттік тілде берілген.

Осы аталған мән-жайларды көрсете отырып, талап қоюшы өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат берген.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сай, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасында талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратыны көзделген.

Дауланып отырған нұсқама 2023 жылдың 2 маусымда талап қоюшыға белгілі болған, ал әкімшілік талап қою сотқа 2023 жылдың 20 қазанда берілген, демек, заңда көрсетілген талабына сай талап қоюдың бір айлық мерзімі өтіп кеткен.

Сот аталған заң нормаларына сілтеме жасап, талап қоюды талап қоюшыға негізді қайтарған.

Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Бурабай ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанындағы «Бурабай Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Ғ.Әлжанов Судьялар Г.Дуйсенбаев Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.