6001-23-00-6ап/1254
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 3 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нурбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер Шымкент қаласының Әділет Департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы Ж[...] іс әрекетіне дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 наурыздағы ұйғарымына, Шымкент қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы С[...] сотқа берген талап қою арызында, мемлекеттік сот орындаушысы Ж[...] 2016 жылғы 7 қыркүйекте атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулысының күшін жоюды сұраған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 наурыздағы ұйғарымымен талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартылған.
Шымкент қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтіндігін көрсете келе, іс бойыынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жіберуді сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждерін және іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2012 жылғы 6 сәуірдегі Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының сот бұйрығымен Е[...] өндіріп алушы С[...] пайдасына кәмелетке толмаған үш баласына табысының ½ мөлшерінде алимент өндірілген. 7 қыркүйек 2016 жылы сот орындаушысы Ж[...] атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулы қабылдаған. Талап қоюшы 2022 жылдың 29 мамырында әкімшілік сотқа Шымкент қаласының әділет департаментінің басшысының орынбасары И[...] өз ісіне немқұрайлы, селқос қарағандықтан дұрыс жауап бермегенін заңсыз деп тану, борышкер Е[...] берешегін 6 сәуір 2012 жылдан 2019 жылға дейін есептеуді Шымкент қаласының әділет департаментінің «Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімі» филиалының басшысы аға сот орындаушысы М[...] міндеттеу жайлы талаппен жүгініп, істі қарау барысында дауланып отырған қаулымен танысқанын талап қоюшы жоққа шығармаған.
Аталған қаулының күшін жою туралы арызбен сот орындаушыға жүгініп, оның жауабымен қанағаттанбай жоғары сатыдағы органға шағымданып, нәтижесінде 2022 жылдың 21 қарашасында Әділет министрлігінен тиісті жауап алған.
ӘРПК-нің 136-бабы 4-бөлігіне сай сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
Осы норманың 7-бөлігіне сай дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
АПК-нің 126-бабы 2-бөлігі бойынша, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Алайда, талап қоюшы С[...] мемлекеттік сот орындаушының әрекеттері туралы 2021 жылдың 21 қарашасында белгілі болғанына қарамастан, сотқа 2023 жылдың 19 ақпанында шағымданған, яғни талап қою мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алғандықтан жергілікті соттардың талап арызды қайтаруы заңды, әрі негізді болып танылады.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Талап қоюшының сотта зерттеліп дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 наурыздағы ұйғарымы, Шымкент қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Б. Нажмиденов
Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.