ҚАУЛЫ
2026 жылғы 20 мамыр №6003-26-00-4к/466 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшының өкілі Н.С. Алагөз, жауапкерлердің өкілі Б.А. Налеков, мүдделі тұлғалар М.К. Тулегенов, Х.О. Айгелдиев және оның өкілі М.С. Тамаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында «Қуаныш» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Исабекович Елеевтің (бұдан әрі – «Қуаныш» ШҚ) жауапкерлер Жуалы ауданы әкіміне (бұдан әрі – аудан әкімі), «Жуалы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) конкурстың жеңімпаздарын анықтау туралы корытындысын бір бөлігінде заңсыз деп танып, күшін жою, қаулыларды заңсыз деп танып күшін жою, шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 16 қазандағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2026 жылғы 14 қаңтардағы қаулысына мүдделі тұлға Х.О. Айгелдиевтің атынан «Әділет» ШҚ берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, Х.О. Айгелдиевтің атынан «Әділет» ШҚ және М.К. Тулегеновтың атынан «Төлеген» ШҚ жер учаскелерінің берілуі заңсыз екенін көрсеткен, себебі аталған жер учаскесі бұған дейін «Қуаныш» ШҚ 49 жыл мерзімге уақытша жер пайдалану құқығы берілген.
МАӘС-тің 2025 жылғы 16 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылды, 2024 жылғы 24 қазандағы жер комиссиясының №16 лот бойынша («Төлеген» ШҚ -11,0 га), №17 лот бойынша («Әділет» ШҚ- 11,5732 га) жеңімпаздарды айқындау бөлігіндегі қорытындысы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Аудан әкімнің 2024 жылғы 1 қарашадағы №296 және №331 қаулылары, яғни «Төлеген» ШҚ мен «Әділет» ШҚ жер учаскелерін беру туралы қаулылар заңсыз деп танылып, күштері жойылған. Бөлім мен «Төлеген» ШҚ, «Әділет» ШҚ арасында жасалған 2024 жылғы 5 қарашадағы №519 және 2024 жылғы 1 қарашадағы №479 жалдау шарттары жарамсыз деп танылды.
ӘІжСА-ның 2026 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлға Х.О. Айгелдиевтің атынан «Әділет» ШҚ сот актілердің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қалбылдауды сұрайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайлардан көрінгендей, аудан әкімінің 2001 жылғы 3 желтоқсандағы №1767 қаулысымен талап қоюшыға 22.6 га (егістік) жер учаскесі 49 жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығы берілген.
Жуалы аудандық жер-кадастр филиалы және Жуалы ауданы бойынша Салық комитетімен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындалып, бірыңғай жер салығы сомасының есебін жүргізген.
Жуалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының 2025 жылғы 24 ақпандағы хатына сәйкес, «Қуаныш» ШҚ 2002 жылғы 28 ақпанда тіркелген және оның қызметі тоқтатылмаған.
2024 жылғы 24 қазандағы жер комиссиясының қорытындысы негізінде өткізілген конкурс шеңберінде №16 лот бойынша «Төлеген» ШҚ (11,0 га), №17 лот бойынша «Әділет» ШҚ (11,5732 га) жеңімпаз деп танылған.
Аудан әкімінің 2024 жылғы 1 қарашадағы №331 және №296 қаулыларымен «Төлеген» ШҚ мен «Әділет» ШҚ тиісінше көлемі 11,0 га және 11,5732 га жер учаскелері берілген.
2024 жылғы 1 мен 5 қарашадағы Бөлім мен «Төлеген» ШҚ және «Әділет» ШҚ арасында №519 және №479 жалдау шарттары жасалған.
Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін беру тәртібі мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әріКодекс) 43-1- бабының нормаларында көзделген.
Кодекстің 31-бабына, 43- бабының 2-тармағына сәйкес жер пайдалану құқығы: жер пайдалану құқығын табыстау, жер пайдалану құқығын беру, жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) жолдармен туындайды. Құқықтың туындау негіздері мемлекеттік органдардың актілері,
азаматтық-құқықтық мәмілелер және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер болып табылады.
Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақта), аудандардың жергiлiктi атқарушы органдары және кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, бір жер учаскесіне екі немесе одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушылардың) меншік құқығының туындауына, сондай-ақ шектес жер учаскелерінің шекараларының бұзылуына байланысты дауларды шешу кезінде соттар Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды ескеруі тиіс. Жер учаскелерін бөлу тәртібінің сақтауын, тараптардың әрқайсысында жерге құқықтың туындау негіздерін, құқық белгілейтін құжаттарды және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеруі қажет.
Бір жер учаскесіне немесе оның бір бөлігіне тең дәрежелі құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындаған күнінмен айқындалатын бұрын пайда болған құқықтардың басымдығын негізге алуы тиіс.
Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандыра отырып, жауапкерлердің жер заңнамасының талаптарын сақтамағанын негізге алған, өйткені талап қоюшыға даулы жер учаскесін 49 жыл мерзімге пайдалану құқығын берген күші жойылмаған әкімшілік акт болған. Осы мән-жайларға қарамастан, жауапкерлер даулы жер учаскесін конкурсқа шығарып, оны бөліктерге бөліп «Төлеген» ШҚ мен «Әділет» ШҚ заңсыз берген, сол арқылы талап қоюшының құқықтары мен Кодекстің 43-1-бабының талаптарын бұзған.
Кассациялық сот АПК-нің 449-бабының бірінші бөлігін сәйкес, кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Анықталған мән-жайлардан 2001 жылдан бастап «Қуаныш» ШҚ Жуалы ауданында орналасқан көлемі 22,6 га жер учаскесінің 49 жыл мерзімге құқық иеленушісі болып табылатыны көрінеді.
«Қуаныш» ШҚ көрсетілген құқығы заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылмаған, Кодекстің 31, 43, 43-1-баптарына сәйкес бұрын қабылданған аудан әкімнің шешімінің күшін жойылмаған және түзетулер енгізілмеген.
Алайда, жоғарыда аталған мән-жайларға қарамастан, 2024 жылы көрсетілген жер учаскесі конкурсқа шығарылып, бөліктерге бөлініп «Төлеген» ШҚ мен «Әділет» ШҚ берілген, бұл талап қоюшының құқытарын елеулі түрде бұзады және шектейді.
«Қуаныш» ШҚ басым құқығы бар, өйткені оның жер учаскесіне құқығы 2001 жылы туындаған.
Сонымен қатар, заңнамада белгіленген рәсімді сақтамай, мемлекеттік органның актісімен жер пайдалану құқығын немесе оның бір бөлігін тоқтатуға жол берілмейді. Сондықтан жергілікті атқарушы орган даулы жер учаскесін конкурсқа шығару туралы шешім қабылдау кезінде бастапқыда жергілікті құқықтық негіздер болмаған.
Қаралып отырған жағдайда талап қоюды қанағаттардыруға, сондай-ақ аудан әкімінің дауланып отырған қаулыларының және олардың кейінгі құқықтық салдары туындаған жалдау шарттарының күштерін жоюға жеткілікті құқықтық негіздер болған.
Талап қоюшы келтірген уәждер төмен тұрған соттардың қорытындыларын теріске шығармайды.
Кассациялық шағымның уәждері өзінің мазмұны, мәні және мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірген уәждермен бірдей. Бұл уәждер төмен тұрған соттармен қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген. Материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, осы бөлікте дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға кассациялық сот негіз таппайды. Осындай мән-жайларда мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.
АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне, 108-бабының 7) тармақшасына сәйкес мүдделі тұлға «Әділет» ШҚ талап қоюшының пайдасына өкілдің қызметіне ақы төлеу бойынша 400 000 теңге мөлшерінде сот шығындары өндіріп алынуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 қазандағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 14 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Хамит Ошарханович Айгелдиевтің атынан «Әділет» шаруа қожалығынан Жанболат Исабекович Елеевтың атынан «Қуаныш» шаруа қожалығының пайдасына 400 000 (төрт жүз мың) теңге мөлшерінде сот шығындары өндіріп алынсын.
Мүдделі тұлға Хамит Ошарханович Айгелдиевтің атынан «Әділет» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Д. Әбдіғалиев Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.