6003-26-00-2к/777
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 16 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор К[...], аудармашы Т[...], талап қоюшының өкілі С[...], жауапкердің өкілдері К[...], И[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер «Ш[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС, серіктестік) жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы электронды азаматтық істі жауапкердің Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 маусымдағы шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 маусымдағы шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған. «Ш[...]» ЖШС-нен Бөрлі ауданы, Қанай ауылдық округі аумағында орналасқан кадастрлық нөмірі [...] жалпы көлемі 1299,6 гектар жер учаскесі мемлекет пайдасына мәжбүрлеп алынған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Казақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі-Жер кодексі) 92-бабының 3) тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.
Іс құжаттарында қарағанда Бөрлі ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 20 мамырдағы № 265 қаулысы негізінде ЖШС-не Бөрлі ауданы, Қанай а/о аумағында орналасқан кадастрлық нөмірі [...] жалпы көлемі 3804 гектар, оның ішінде 1299,6 гектар нысаналық мақсаты егістік қызмет көрсету үшін арналған уақытша өтеулі ұзақ мерзімді 49 жылға жер пайдалану (жалға алу) құқығында жер учаскесі берілген.
Мекеме мен Серіктестіктің арасында 2018 жылғы 19 сәуірдегі №128 жер учаскесін жалға беру туралы келісім-шарт жасалған.
Департамент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер нысаналы мақсатына сай пайдаланбауына байланысты жер учаскелерін Бөрлі ауданының жер қатынастары бөлімінің 2023 жылғы 10 шілдедегі хаты мен оның қосымша ұсынылған тізіміне сәйкес тексерген.
Тексеріс барысында егістік мақсатындағы жер учаскесінің орналасқан жерге шығу кезінде аталған жер учаскесі 4 егістік алқаптардан құралғаны және олар далалық жолмен бөлінгендігі, жер қатынастары бөлімінің жұмыс картасында көрсетілген және далалық жолдың бар екені анықталған. Жер учаскесінің екі шеткі алқаптарында аралас далалық шөптердің көп шыққандығын, арасынан ескі көпжылдық екпе шөбі (житняк) бар екендігін, ал ортада орналасқан егістік алқапта ескі көпжылдық екпе шөбі (житняк) шыққанын анықтаған.
Алайда, жер учаскесін толығымен ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және жырту жұмыстары жүргізбеген, тек ескі көпжылдық екпе шөбін (житняк) мал азығы ретінде шабу арқылы пайдаланғаны, яғни, жер учаскесін мақсатына сай пайдаланылмайтындығы анықталған.
2023 жылғы 9 тамыздағы ЖШС-не орын алған бұзушылықты жою туралы № 172 нұсқама беріліп, орындау мерзімі 2024 жылдың 9 тамызы деп көрсетілген.
2023 жылғы 9 тамызда талап қоюшы жауапкерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 338 бабымен кінәлі деп танып, ескерту жазасын тағайындаған.
Нұсқаманың орындалуына белгіленген 1 (бір) жылдық мерзімі өткен соң, Департаменттің жергілікті атқарушы органдардан алған ресми жауаптары жауапкердің нұсқама талаптарын орындамағаны және жер заңнамасының
талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі тиісті шаралар қабылданбағаны анықталған.
Бөрлі аудандық сотының 2024 жылы 12 қарашадағы қаулысымен жауапкер ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кінәлі деп танылған.
«Соттардың жер заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 10-тармағында көрсетілген талаптар жергілікті соттармен толығымен сақталған және жол берілген бұзушылықтардың салдарын жою үшін жауапкер ешқандай шаралар қабылдамағаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптарын негізді және қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген. Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкердің шағымындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 5 маусымдағы шешімі және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.