КСАД РК - Постановление от 22.10.2025 по делу 7199-23-00-4к/142 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 қазан №7199-23-00-4к/142 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М. Туғанбаев,

судьялар М. Манабаева, Л. Қаирбаева болып,

прокурор А. Камашев, талап қоюшының өкілдері Н. Н. Боранбаев, Б. Н. Боранбаевтың, жауапкерлердің өкілдері Ғ. А. Карибай, А. К. Кеңес, М. Д. Сабденовтың қатысумен,

ашық сот отырысында Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы және Түркістан облысының прокурорының кассациялық өтінішхатымен түскен талап қоюшы «Нұр Строй Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Түркістан облысының мемлекеттік кірістер департаменті Сайрам аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАДЫ: Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. 2024 жылғы 11 тамыздағы Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен әкімшілік талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

2024 жылғы 12 желтоқсандағы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылды. Талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданды. 2023 жылғы 28 тамыздағы салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылды. 2023 жылғы 4 қарашадағы салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Кассациялық шағымда жауапкер және кассациялық өтініште прокурор апелляциялық сотының сот актісінің күшін жойып 2024 жылғы 11 тамыздағы Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық шағым және кассациялық өтініш уәждерін толық қолдаған жауапкер өкілдерінің және прокурордың түсініктерін, апелляциялық соттың қаулысымен келіскен талап коюшы өкілдерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, шағымдардың дәлелдерін талқылай отырып, кассациялық сот мынадай тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 84-бабының бірінші және төртінші бөліктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады. Заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жатады.

Апелляциялық сот алқасы, салықтық тексеру процесінде орын алған заң бұзушылықтар, атап айтқанда тексеру мерзімінің бұзылуы, ҚҚС (қосымша құн салығы) пен КТС (корпоративтік табыс салығы) қайтарымдарының ескерілмеуі, нұсқамада тексеру негіздерінің көрсетілмеуі, тексеру актісі мен хабарламалардағы сомалардың айырмашылығы, сот сараптама қорытындысы мен аудиторлық есептің, оған қоса заңды күшіне енген сот актісінің болуы, тексеріс кезінде талап қоюшының құқықтары бұзылғанын, іс жүзінде «Нұр Строй Com» ЖШС-тік пен «Аружан и К» ЖШС-і, «Меркурий М.Н.» ЖШС-і арасындағы мәмілелер орындалғанын, сондай-ақ әкімшілік органның әкімшілік актілер және соттың шешімі негізсіз қабылдаған деген дұрыс тұжырымға келді.

Аталған жағдайда, апелляциялық сот алқасының бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарған қортындысы заңды және дұрыс.

Істің егжей - тегжейлі мән - жайлары, апелляциялық соттың негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген. Апелляциялық соттың қорытындылары іс бойынша анықталған нақты мән - жайларға және материалдық кұқық нормаларына негізделген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымның және өтініш иелерінің келтірген уәждеріне дауланған апелляциялық соттың актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жауапкердің және прокурордың апелляциялық сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән - жайларына сәйкес келетін сот актісінің қайта қараулына негіз бола алмайды.

Баяндалғанның негізінде және ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Кассациялық шағым және кассациялық өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылсын.

М. Туғанбаев

Төрағалық етуші

М.Манабаева

Судьялар

Л.Қаирбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.