КСАД РК - Постановление от 10.06.2026 по делу 6003-26-00-4к/840 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 маусым 6003-26-00-4к/840 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

талап қоюшы К[...], жауапкерлер өкілі Ж[...], М[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Мақтаарал ауданы әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі), Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөліміне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, жер учаскесін қайтарып алу туралы 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №766 санды қаулыны, баламалы жер учаскесін беру туралы 2024 жылғы 7 ақпандағы №81 санды және 2024 жылғы 14 ақпандағы №108 санды қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Төмен тұрған сатыдағы соттарымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Жетісай ауданы әкімінің 1993 жылғы 9 сәуірдегі №106 шешімімен «Ө[...]» шаруа шаруашылығына (басшысы Қ[...]) ауданының арнайы жер қорынан 5 га суармалы жер тұрақты пайдалануға берілген.

Жетісай ауданы әкімінің 12 мамыр 1994 жылғы №243 қаулысы негізінде Қ[...] 1993 жылғы 9 сәуірдегі №106 шешіміне қосымша «Үлгілі» ассоциациясындағы ауданының арнайы жер қорынан 5 гектар суармалы жер бөлініп, барлығы 10 га жер бөлініп, өмірлік мұраға қалдырып пайдалануға берілген.

Жетісай ауданы әкімінің 1995 жылғы 30 сәуірдегі №261 қаулысы негізінде Қ[...] шаруа қожалығының өтінішіне сәйкес, 1993 жылғы 9 сәуірдегі №106 қаулысы бойынша ауданның арнайы жер қорынан бөлінген 10 га жердің иелену құқығы сатып алынуға және осы жерге жер үлесі бойынша бөлінген 9,40 га жер қосылып, барлығы 19,4 га суармалы жер өмірлік мұраға қалдырылып пайдалануға берілген.

Мақтаарал ауданы әкімінің 2006 жылғы 17 наурыздағы №179 қаулысы негізінде Жетісай ауданы әкімінің 1995 жылғы 30 сәуірдегі №261 қаулысының күші жойылып, Қ[...] «Үлгілі» ауылдық округі аймағынан өтеусіз қысқа мерзімге 4 жыл 6 айға ауданның арнайы жер қорынан 9,40 га суармалы егістік жерді уақытша ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен қайта бөлініп берілген.

Аудан әкімінің 2011 жылғы 30 мамырдағы №1403 қаулысымен 2006 жылғы 17 наурыздағы №179 санды қаулысының негізінде Қ[...] «Үлгілі» ауылдық округі аймағынан уақытша пайдалану құқығымен берілген 9,40 га суармалы егістік жердің уақытша пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты, Қ[...] ауылдық округі аумағында орналасқан, 9,40 га жер учаскесін өтеулі ұзақ мерзімге, 39 жылға жалға уақытша ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен берілген.

Мақтаарал аудандық сотының 2015 жылғы 30 маусымдағы №2-210 шешімімен Қ[...] Жетісай ауданы әкімінің 1994 жылғы 23

мамырдағы №243 санымен, «Ө[...]» шаруа қожалығының жүргізуі үшін берілген, аудан әкімінің 1993 жылғы 9 сәуірдегі №106 шешіміне қосымша «Үлгілі» ассоциациясындағы ауданының арнайы жер қорынан 5 (бес) гектар суармалы жер бөлініп, барлығы 10 га жер бөлініп, өмірлік мұраға қалдырып пайдалануға беру туралы Жетісай ауданы әкімінің қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Мақтаарал аудандық сотының 2018 жылғы 19 қаңтардағы шешімімен Жетісай ауданы әкімінің 1994 жылғы 12 мамырдағы №243 қаулысы негізінде берілген кадастрлық №[...] мемлекеттік актісі жарамсыз деп танылған, Шымкент қаласының нотариусы К[...] 2016 жылғы 24 мамырында тізілімдеме №668 кадастрлық №[...], жалпы көлемі 10 га, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін К[...] атына өсиет бойынша мұраға құқығы туралы куәлігі жарамсыз деп танылған.

Аудан әкімінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №766 қаулысымен К[...] жер беру туралы Жетісай ауданы әкімінің 1993 жылғы 9 сәуірдегі №106 шешімі және 1994 жылғы 12 мамырдағы №243 қаулысының күші жойылған, Мақтаарал ауданы К[...] ауылдық округі аумағында орналасқан кадастрлық №[...], көлемі 10,0 га жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына енгізілген.

К[...] сотқа берген талап қоюында, Жетісай ауданы әкімінің 1994 жылғы 30 сәуірдегі №261 санды қаулысымен әкесі К[...] берілген көлемі 10 га жер учаскесі жердің иелену құнымен 9930 теңгеге сатып алынғанымен, алайда, сатып алынған жерге жекеменшік құқығын бекіту туралы аудан әкімі шешім қабылдамаған атап көрсетті. Жер учаскесін осы күнге дейін пайдаланып келеді. Алайда, Мақтаарал ауданының әкімі даулы жер учаскесін ауданның арнайы қорына заңсыз қабылдап, балама жер учаскесі ретінде басқа тұлғаларға 5 га көлемінде бөліп бергендіктен, бұл әрекеттерін заңсыз деп санайды. Өйткені, Мақтаарал ауданы әкімі тарапынан дауланып отырған қаулыларды қарау барысында өзіне хабарлама арқылы тыңдау жүргізілетіні туралы хабарламай, әкімнің қаулысына қарсылық білдіру құқығын шектеген деген уәждерін келтірді. Сондықтан Мақтаарал ауданы әкімінің іс-әрекеттерін заңсыз деп танып, К[...] тиесілі 10 га жер учаскесін арнайы қорға қайтару туралы 2023 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысын, Қ[...] жер учаскесін басқа тұлғаларға беру туралы 2024 жылғы 7 ақпандағы №81 санды және 2024 жылғы 14 ақпандағы №108 санды қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Жауапкер Аудан әкімі талап қоюға ұсынған қарсы пікірінде дауланып отырған жер учаскесі К[...] Жетісай ауданы әкімінің шешімімен берілгенін мәлімдеп, жоғарыда аталған Мақтаарал аудандық сотының 2015 жылғы 30 маусымдағы шешімі мен Мақтаарал аудандық сотының 2018 жылғы 19 қаңтардағы шешімі – Жетісай ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің жолдаған хаты және Жетісай аудандық сотының 2023

жылғы 28 наурыздағы атқару парағы негізінде Мақтаарал ауданы әкіміне орындауға түскенін атап өтті. Ал, Мақтаарал ауданы әкімімен аталған сот шешімдерін орындау мақсатында, даулы жер учаскесін ауданның арнайы жер қорына қабылдау туралы 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №766 қаулысы қабылданғаны туралы уәждерін атап өтті.

Бірінші сатыдағы сот келесі негіздермен талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырған.

Мақтаарал аудандық сотының 2015 жылғы 30 маусымдағы шешімі бүгінгі күнде заңды күшіне енген. Оның негізінде Мақтаарал ауданы әкімінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №766 қаулысымен Мақтаарал ауданы К[...] ауылдық округі аумағында орналасқан кадастрлық №[...] жалпы көлемі 10,0 га жер учаскесі – ауданның арнайы қорына енгізілген.

Түркістан облысының әкімі 2023 жылғы 19 қазандағы жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы №229 қаулысын қабылдаған. Аталған қаулыға тіркелген жер учаскелерінің тізімінде кадастрлық №[...] жер учаскесінің иесі Б[...], кадастрлық №[...] жер учаскесінің иесі Е[...] көрсетілген.

2024 жылдың 15 қаңтарында Мақтаарал ауданы жер қатынастары бөлімі мен Б[...], Т[...] арасында мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің орнына басқа жер учаскесін беру туралы келісім шарт жасалған. Мақтаарал ауданы әкімінің 2024 жылғы 7 ақпандағы №81 қаулысымен К[...] арнайы жер қорына қайтарылған жер учаскесінің 5 га бөлігі Б[...], Т[...], Т[...], Т[...], Т[...] баламалы жер учаскесі ретінде уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жиырма алты (26) жылға жалға, ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен бөлініп берілген. Аудан әкімінің 2024 жылғы 14 ақпандағы №108 қаулысымен К[...] арнайы жер қорына қайтарылған жер учаскесінің 5 га бөлігі Е[...] баламалы жер учаскесі ретінде уақытша өтеулі ұзақ мерзімге 26 жылға жалға ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен бөлініп берілген. 2024 жылғы 15 қаңтардағы Жер қатынастары бөлімі мен Е[...] арасында мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің орнына басқа жер учаскесін беру туралы келісім шарт жасалған.

Аталған мән-жайларды ескере отырып, жергілікті соттардың Аудан әкімінің тарапынан дауланып отырған қаулыларды қабылдау барысында, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік туралы Заңының талаптарының бұзылуына жол берілмеген деген тұжырымдарын кассациялық сот заңды және негізді деп санайды.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметтеріне сәйкес, Е[...], Б[...], Т[...], Т[...], Т[...], Т[...] құқықтары мемлекеттік тіркеуден өткен.

Ал, даулы жер учаскелері талап қоюшы К[...] атына тіркеуде жоқ.

Талап қоюшы К[...] жер учаскелеріне құқығы Мақтаарал аудандық сотының 2018 жылғы 19 қаңтардағы шешімімен тоқтатылған. К[...] бұл іс бойынша қатысқан, сот шешімін дауламаған. Аудан әкімімен даулы қаулылар қабылдану барысында К[...] әкімшілік рәсімнің қатысушысы болып табылмаған, өйткені даулы жер учаскесіне құқықтары болмаған.

Кассациялық шағымның уәждері – мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Кассациялық сот, талап қоюшының жауапкермен әкімшілік рәсімнің тәртібі сақталмағаны жөніндегі уәжін негізсіз деп санайды, себебі жауапкердің іс-әрекеттері заңды күшіне енген сот шешімін орындау шеңберінде жасалған. Осы тұста кассациялық сот төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен толықтай келіседі.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот, жергілікті сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Д. Әбдіғалиев

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.