ҚАУЛЫ
2024 жылғы 13 маусым 6001-23-00-6ап/2304 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, Шымкент қаласының әкімдігінің жер комиссиясының төрағасы И[...], комиссия мүшелері Н[...], Ә[...], М[...], А[...], Ш[...], Ш[...], А[...], Д[...], Қ[...], Е[...], У[...] Шымкент қаласы Жер комиссиясының 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №48/189 хаттамалық шешімі мен Шымкент қаласы әкімінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы №2588 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, қолайлы акт қабылдауды міндеттеу туралы талабы негізінде қаралған әкімшілік іс бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 05 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 шілдедегі қаулысына талап қоюшы С[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы С[...] Шымкент қаласы, Бозарық шағын ауданы, Дархан бағбандық серіктестігі, Гипрозем көшесі №2/7 мекенжайындағы жылжымайтын мүліктің меншік иесі болып табылады. Оның меншік құқығы рәсімделмеген жылжымайтын мүліктерді жария ету комиссиясының 2007 жылғы 13 ақпандағы № 13513 шешімінің негізінде туындаған.
2022 жылы 02 желтоқсанда С[...] өзінің 0,0600 га жер учаскесіне (мақсаты «жеке тұрғын үй құрылысы үшін») қосымша іргелес жатқан көлемі 0,0550 га жер учаскесіне уақытша пайдалану құқығын бекітіп беруді сұрап, әкімдікке жүгінген.
Шымкент қаласы Жер комиссиясы (бұдан әрі – Жер комиссиясы) 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №48 хаттамалық шешімімен (бұдан әрі – Даулы шешім) талап қоюшының өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
2022 жылғы 26 желтоқсанда Шымкент қаласы әкімдігінің жер учаскелеріне тиісті құқықтарды беруден бас тарту туралы №2588 қаулысы (бұдан әрі – Даулы қаулы) қабылданған.
Осы әкімшілік актілерге дау айтып, талап қоюшы С[...] сотқа жүгінген. Онда сұралып отырған жер учаскесінің бос жатқанын, қызыл сызыққа енбейтінін, учаскеде инженерлік жүйелер, санитарлық қорғау аймақтары жоқ екенін, яғни учаскені табыстауға кедергі келтіретін мәнжайлардың жоқ екенін алға тартқан.
Әкімдікті өзіне қатысты қолайлы акт қабылдауға міндеттеуді сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 05 наурыздағы шешімімен С[...] талабын қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымында істі қарау барысында соттар материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер Шымкент қаласының әкімі мемлекеттік мекемесі оның өкілі іске онлайн түрінде - бейнеконференцбайланыс арқылы қатыстыруды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сондықтан жауапкерлердің өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқа тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын және талап қоюшын қассациялық шағымын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алғаны анықталмады.
Талап қоюшыға жер пайдалану құқығын табыстаудан Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес бас тартылған.
Бұл бапта жер учаскелерін сауда-саттықтан (аукциондардан) тыс табыстаудың нақты жағдайлары тізбектелген.
Аталған 48-баптың жауапкерлер басшылыққа алған 1-тармағының 5) тармақшасында жер учаскелерін сауда-саттықтан (аукциондардан) тыс табыстаудың бір жағдайы ретінде - жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығының жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін берілуі көзделген.
Бұл норманың мағынасына сәйкес - жер учаскесін аталған негізбен табыстау үшін кеңейтілетін және реконструкциялатын құрылыстың Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасы болуы керек.
Талап қоюшы С[...] өтініші бұл талаптарға сай болмағандықтан, жер табыстаудан бас тартқан жауапкерлердің шешімі заңды және негізді.
Сонымен қатар, соттар талап қоюшының сұрап отырған алаңы 0,0550 га жер учаскесі оның үйімен іргелес жатқанымен ол бөлек өз бетінше пайдаланатының, кіріп-шығу жолы қарастырылған жер учаскесі екендігін ескерген.
Сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері бойынша жергілікті соттардың дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген деп табады.
Сондықтан, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз және жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деп санайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 05 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С.Баймаханов Е.Өмірәлиев
Судьялар
Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.