ВС РК - Постановление от 29.09.2021 по делу 6001-21-00-6КГ/18 (Об административном правонарушении)

көшірме

6кг-18-21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 29 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж.Әлмағамбетова , А.Ж.Рахметулин, прокурор Т[...],

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаментінің өкілі О[...],

У[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылғы 4 ақпандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 31 мамырдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен,

У[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен У[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты іс бойынша шығарылған сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау ұсынылады.

Алқа Шымкент қаласының полиция департаментінің өкілі О[...], прокурор Т[...] және У[...] наразылықты қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, наразылықтың уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Іс құжаттарына сәйкес, жүргізуші У[...] 2020 жылғы 20 қыркүйекте алкогольдік масаң күйде мемлекеттік белгісі [...] «Audi» маркалы автокөлігін Леңгір қаласынан Шымкент қаласына қарай Қапал батыр көшесінің бойында басқарып, өзімен бір бағытта келе жатқан Т[...] басқаруындағы мемлекеттік белгісі [...] «Mercedes» маркалы автокөлігін басып озу мақсатында жолдың қарсы бағытына шығып, қарсы бағытта келе жатқан Д[...] басқаруындағы мемлекеттік белгісі [...] «Mitsubishi» маркалы автокөлігімен соқтығысып, соққы екпінінен Т[...] басқаруындағы «Mercedes» маркалы автокөлігін соққан.

Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде материалдық залал және жолаушылар Г[...], З[...] денсаулығына ауыр дәрежелі, Б[...], З[...], З[...] және жүргізуші Д[...] денсаулығына орта дәрежелі дене жарақаттары келтірілген. Осы факті бойынша У[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 345-1-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес жәбірленушілермен татуласуына байланысты тоқтатылған.

У[...] жол-көлік оқиғасын көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адам бола тұра жасағаны, сондай-ақ автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін іс материалдары бөлініп, оған қатысты ӘҚБтК-нің 608бабының 6-бөлігімен хаттама толтырылған.

Бірінші сатыдағы сот У[...] қатысты істі оның әрекетінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтату кезінде, У[...] бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылып отырғаны туралы тұжырым жасаған. Бұл мән-жай бойынша сот Шымкент қаласының полиция департаментіне заң бұзушылықтар орын алғандығы жөнінде жекеше қаулы шығарған.

Алайда, сот құқық бұзушылық құрамының жоқтығы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтату туралы ерте тұжырым жасаған.

ҚК-нің 345-1-бабының 2-бөлігімен абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген автомобильдi басқаратын адамның алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзуы үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігі У[...] ҚК-нің 345-1-бабының 2- бөлігінде көзделген әрекетті жасағаны үшін жәбірленушілермен татуласқан және келтiрiлген зиянды қалпына келтірген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылуға құқық береді.

Іс материалдарына сәйкес, Шымкент қаласының ПД АБ-ның тергеу жүргізу бөлімінің анықтаушысы Б[...] 2021 жылғы 28 қаңтардағы қаулысының негізінде қылмыстық істен автокөлікті масаң күйде басқару фактісі бойынша У[...] қатысты материал бөлектенген.

Аталған қаулыға сот заңды баға бермеген. Сонымен бірге, іс материалдарында ҚК-нің 345-1-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы тіркелмеген.

ӘҚБтҚ-тің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс бойынша қаулы заңды және негізді болуы тиіс.

Мұндай жағдайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қабылдаған қаулылары ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3- тармақшасында көзделген негіздер бойынша күші жойылуға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

Істі қайта қарау барысында сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, кажет болған жағдайда қосымша материалдарды сұратып, іске қатысты мән-жайларды толық зерттеп, іске қатысушылардың уәждерін тексеріп, іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдауы тиіс.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 840-бабының 2- тармақшасын, 851-бабының 5-бөлігінің 3-тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі бойынша У[...] қатысты қабылданған Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылғы 4 ақпандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 31 мамырдағы қаулыларының күшін жойып, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

Г. Әлмағамбетова А. Рахметулин

Көшірмесі дұрыс :

Г. Әлмағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.