Қ А У Л Ы
2023 жылғы 13 ақпан №6001-23-00-6ап/2262 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
жауапкер өкілі – Ә[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер Қызылорда қаласы әкіміне, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес қоғамына Қызылорда қаласы әкімінің 2005 жылғы 21 қарашадағы қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшы М[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
Талап қоюшы М[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен әкімшілік талап қою сотқа беруге арналған мерзімді өткізіп алуына байланысты қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Соттар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138–бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасын басшылыққа алып талап қоюды, оны сотқа беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартып қайтарған.
Қассациялық шағымда талап қоюшы М[...] соттардың ұйғарымдарының күшін жоюды, әкімшілік талапты қарау үшін сотқа қайта жолдауды сұраған.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, келесідей тұжырымдарға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Қызылорда қаласы әкімінің 2004 жылғы 16 сәуірдегі №2166 қаулысымен М[...] Мерей ықшам ауданынан көлемі 400 шаршы метр болатын жер учаскесі дүкен және кафебар құрылысы үшін ақылы түрде табысталып, тараптар арасында келісім шарт жасалып, жер учаскесі М[...] атына мемлекеттік тіркеуден өткен. М[...] аталған жер учаскесіне 2008 жылы аталған құрылыстың іргетасы құйылған.
Қала әкімінің 2003 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен Мерей ықшам ауданынан аралас дүкен құрылысы үшін У[...] көлемі 450 шаршы метр болатын жер учаскесі табысталып, тараптар арасында шарт жасалып, жер учаскесі У[...] атына тіркелген. 2005 жылы У[...] аталған жер учаскесін Б[...] сатып алу-сату шарты негізінде сатқан.
2005 жылғы 21 қарашадағы әкімнің қаулысымен Б[...] Мерей ықшам ауданы, Журба көшесі, нөмірсіз мекенжайдан көлемі 350 шаршы метр жер учаскесі ақылы түрде жеке меншікке табысталып, арыз негізінде Б[...] 450 шаршы метр және 350 шаршы метр жер учаскелері біріктірілген.
Уәкілетті органдардың берген жауап хаттары бойынша М[...] көлемі 400 шаршы метр жер учаскесі мен Б[...] 350 шаршы метр жер учаскесі қабаттасқаны анықталған. Соттар талап қоюды қайтарған кезде, ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігінің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделі әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы деген талаптарын басшылыққа алған. Яғни, сот талап қоюшы М[...] әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды деп танып, талап қоюдың тиым салынған мерзімін қолданған.
Бірінші және апелляциялық саты соттарының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды.
Себебі, уәкілетті мемлекеттік органдардың талап қоюшыға берген жауаптарынан М[...] жер учаскесі мен Б[...] берілген жер учаскелері бір-біріне қабаттасқаны анықталады.
Бұл орайда, М[...] әкімшілік рәсімнің қатысушысы болып табылады, себебі әкімнің қаулысымен Б[...] берілген жер учаскесі М[...] жер учаскесімен қабаттасқан.
Сондықтан бірінші сатылы соттың талап қоюшыға сотқа талап қоюдың тиым салынған мерзімін қолдануы қате болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, ал әкімшілік іс қарау үшін сотқа жолдануға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымының, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жолдансын.
Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.