6001-21-00-3ГП/195
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 25 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Сұлтанов, судьялар Ж.Қашқынбаева, Ғ.Мырзаке, прокурор У[...],
«Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - М[...]) өкілі Е[...],
жеке кәсіпкер Б[...] (бұдан әрі - Ж[...] кәсіпкер) өкілі А[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер Ж[...] кәсіпкерден мемлекет кірісіне 170 000 000 теңге ақшалай соманы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы Ж[...] кәсіпкердің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М[...] кәсіпкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, азаматтық іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданған. Жаңадан қарау нәтижесі бойынша Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Ж[...] кәсіпкерден мемлекет кірісіне 170 000 000 теңге ақшалай сома, 5 100 000 теңге сот шығындары өндірілген.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің өтінішхатын қанағаттандыруға қарсы емес екендігі туралы пікірін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.
Сотпен анықталғандай, М[...] мен Ж[...] кәсіпкер арасында 2018 жылғы 20 желтоқсанда № 80 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты жасалған (бұдан әрі - Шарт).
Шарт бойынша Ж[...] кәсіпкер Атырау облысының құрама командасын 2018 жылғы маусымдағы хоккейден республикалық чемпионатқа дайындау және қатыстыру қызметін көрсетуге, ал М[...] қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге міндеттенген. Шарттың жалпы құны 170 000 000 теңгені құраған. Шарт мемлекеттік тіркеуден 2018 жылғы 20 желтоқсанда өткізіліп, міндеттеменің орындалу мерзімі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленген.
2018 жылғы 20-26 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметтер бойынша сол жылдың 27 желтоқсанында орындалған жұмыстар актісі жасалып, тараптармен қол қойылған. 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 2851251/18-970 төлем құжатымен М[...] 170 000 000 теңгені хоккейден Атырау облысының құрама командасын Қазақстан Республикасының чемпионатына және Қазақстан Республикасының кубогына дайындау және қатыстыруға байланысты көрсетілген қызметтер үшін Ж[...] кәсіпкерге толық төлеген.
М[...] талап қою арызында Атырау қаласы прокурорының 2020 жылғы 13 қаңтардағы ұсынуына сәйкес Шарт бойынша тек 2018 жылдың 20-31 желтоқсаны аралығында көрсетілген қызмет үшін төлем жасауға міндетті болғандығына қарамастан, Шарт жасалғанға дейінгі мерзімде істелінген қызметтерге 170 000 000 теңге заңсыз төленгендігін көрсетіп, қаржыны бюджет кірісіне қайта өндіруді сұраған.
Жергілікті соттар талап қою арызын қанағаттандыра отырып, тараптардың міндеттемелері 2018 жылғы 21 желтоқсанда пайда болып және сол жылдың 31 желтоқсанында аяқталғанын, алайда Ж[...] кәсіпкерге Шарт жасалғанға дейін көрсетілген қызметтер үшін бюджет қаражаты заңсыз төленген деген қорытындыға келген. Сонымен қатар, тараптардың 2018
жылдың 20-26 желтоқсаны аралығында 170 000 000 теңге сомасына жұмыстардың орындалғаны туралы дәлелдемелер ұсынбаған деп негіздеген. Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
АПК-нің 15-бабының 1-3-бөліктеріне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық процеске қатысатын тараптарға осы Кодексте өзінің ұстанымын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген.
Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайды.
Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс екендігі түсіндірілген.
Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң (бұдан әрі - Азаматтық кодекс) 5-бабы және АПК-нің 6- бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшін маңызы бар фактілерден, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын сот зерттеген дәлелдемелермен расталған немесе дәлелдеуді қажет етпейтін және жиынтығында дауды шешу үшін жеткілікті жалпыға мәлім мәнжайлардан тұратын шешім негізді болып саналады.
Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.
Жергілікті соттармен жоғарыда келтірілген құқық нормалары сақталмаған. Соттардың талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары мерзімінен бұрын жасалған болып табылады, себебі олар істің белгіленген мән-жайларына сәйкес келмейді, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанына негізделген.
Азаматтық кодексінің 7-бабының 1) тармақшысына сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.
Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер:
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден туындайды.
Азаматтық кодексінің 392-бабының 1-тармағымен қарастырылған сот шарт ережелерiн түсiндiрген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi ескерiледi. Шарт ережесiнiң сөзбе-сөз мәнi түсiнiксiз болған ретте ол бүкiл шарттың басқа ережелерiмен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.
Іс бойынша тараптардың даулы құқықтық қатынастары олардың арасында жасалған Шарттың ережелерінен туындайды.
Бұл мәміле өзінің құқықтық негізі және шарт ережелерiн сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi бойынша үшiншi жақтың пайдасына жасалатын Шарт болып танылады.
Мұндай материалдық құқық нормалырын түсінуі тікелей Азаматтық кодексінің 391-быбы 1-тармағының талаптарында көзделген, өйткені Шартта тараптар несие берушiге емес, шартта көрсетiлген және борышқордан мiндеттеменi өзiнiң пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшiншi жаққа борышқор орындап беруге мiндеттi деп көрсеткен.
Өзге сөзбен Шарттың ережелері бойынша Ж[...] кәсіпкер міндеттемелерін М[...] емес «Бейбарыс» хоккей клубына (бұдан әрі - К[...]) орындап беругуге тиіс, ал М[...] қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге міндеттенген.
Істің мән-жайы бойынша хоккей К[...] сенімді басқарушысы Ж[...] кәсіпкер болып табылады.
К[...] 2018-2019 жылғы маусымда шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатына қатысуы М[...] қаржыландырылған. Осы мақсатта 2018 жылға бөлінген сомаларды игеру үшін М[...] мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы К[...] жасасқан № 15, 33 шарттары негізінде соңғының есеп шотына екі рет тікелей қаражат аударған.
Кейіннен 2018 жылда игеруге жататын қалған қаражатты М[...] кәсіпкермен жасасқан мемлекеттік сатып туралы Шарт негізінде 28 желтоқсанда оның есеп шотына аударған.
Өз кезегінде, Ж[...] кәсіпкер К[...] сенімді басқарушысы бола отырып, 2018 жылдың 28-29 желтоқсанында М[...] түскен қаражатты К[...] есеп шотына толық аударған.
Атырау облысы әкімдігі - К[...] құрылтайшысы, М[...] – Кәсіпорынды басқаруға уәкілетті орган болып табылады.
Алайда, жергілікті соттар істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар бұл мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеген және К[...] іске үшінші тұлға ретінде қатысуын қамтамасыз етпеген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақтан Республикасы заңының 18-бабының 1-тармағымен көзделген Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауға уәкілетті орган - Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің М[...] мен Ж[...] кәсіпкер арасында жасалған Шарт бойынша К[...] атқарылған жұмыстарына төленген 170 000 000 теңге төлемінің тиісті заңнамаларға сәйкестігіне аудиторлық тексеру жүргізіп, заңсыз төленген қаржы анықталмағандығы туралы берілген қорытындыны жергілікті соттар назардан тыс қалдырған.
Сонымен қатар, Шарт тиісті түрде орындалғаны туралы тараптар арасында жасалған жұмыстар орындалған туралы актісі сот шешімімен жарамсыз деп танылмаған деген жауапкердің уәжіне жергілікті соттар тиісті құқықтық баға бермеген.
Шарт жасалған кезде келтірілген залалдардың мөлшерін және нақты қандай қызметтер көрсетілгенін анықтау үшін тиісті сараптама жүргізілмеген.
Алайда, бұл нұсқау Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюдың бір себебі болған.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Жергілікті соттардың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Осыған орай, алқа жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.
Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданып, заңды және негізді шешім қабылдау керек.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жолдансын. Ж[...] кәсіпкер Б[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Сұлтанов
Ж. Қашқынбаева
Судьялар
Ғ. Мырзаке
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ғ.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.