Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 07.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4317 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4317

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 7 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор А.Кадылбековтың,

талап қоюшының өкілі Н. Болаттың, жауапкер А.Е. Тумышевтің және оның өкілі Ж.Т.Елумисовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер «Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Income KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Абай Аманбердыевич Конысбаевке, Асан Елгожаұлы Тумышевке, Айгерим Максатовна Тлеповаға мәмілелерді және жерге орналастыру жобасын бекіту жөнінде бұйрықты жарамсыз деп тану, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы азаматтық істі жауапкер А.Е.Тумышевтің өкілі Ж.Т.Елумисовтың Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

«Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ММ, Бөлім) мен «Income KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-ЖШС, серіктестік) арасында 2022 жылғы 4 шілдеде жасалған № 1058 жер учаскесін жалдау туралы шарт жарамсыз деп танылған.

«Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Income KZ» ЖШС-нің арасында 2022 жылғы 9 қыркүйекте жасалған №1730 уақытша өтеулі қысқа жалдау шартымен пайдалану құқығы туралы шарт жарамсыз деп танылған.

«Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Income KZ» ЖШС-нің арасында 2022 жылғы 29 қарашада жасалған №2002 жалдау құқығын сатып алу-сату туралы шарт жарамсыз деп танылған.

«Income KZ» ЖШС мен А.А.Конысбаевтың арасында 2023 жылғы 9 каңтарда жасалған № 01/2023 сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

А.А.Конысбаев пен А.Е.Тумышевтің арасында 2023 жылғы 4 шілдеде жасалған № 1152 сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Ақтау қаласы, 31 шағын ауданы, №21/5 мекен-жайында орналасқан кадастрлық №13-200-044-605, алаңы 0,0600 га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Талаптың жерге орналастыру жобасын бекіту жөнінде бұйрықты жарамсыз деп тану бөлігі қанағаттандырылудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер А.Е.Тумышев кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Н.Болатты, шағымды қолдаған жауапкер А.Е. Тумышевті және оның өкілі Ж.Т.Елумисовты, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Кадылбековтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, 2019 жылғы 14 мамырдағы сатып алу-сату шартының негізінде «ХазарИнформ» ЖШС-нен «Income KZ» ЖШС-не Ақтау қаласы, 31 Б шағын ауданы, алаңы 0,0200 га жер учаскесінің уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы берілген.

Ақтау қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 26 қарашадағы №KZ85VBH00118708 қаулысының негізінде Ақтау қаласы, 31-Б шағын ауданы, № 25/3, кадастрлық № 13-200-044-046 жер учаскесінің нысаналы мақсаты «автоматикалық телефон станциясының құрылысын салу және пайдалану үшін» орнына «ғимараттың және құрылғының құрылысын салу және пайдалануға» өзгертілген.

2022 жылғы 27 маусымдағы Ақтау қаласы әкімдігінің № 02-02/1277 қаулысы негізінде «Income KZ» ЖШС-нің кадастрлық №13-200-044-046 жер учаскесінің уақытша өтеулі ұзақ (жалдау құқығын сату шартымен бес жыл) мерзімге пайдалану құқығы ұзартылған және осы қаулының негізінде «Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Income KZ» ЖШС арасында 2022 жылғы 4 шілдедегі № 1058 жер учаскесінің жалдау құқығын сатып алу-сату шарты жасалған.

«Income KZ» ЖШС-нің өтініші негізінде 2022 жылғы 9 қыркүйектегі Ақтау қаласы әкімдігінің № 02-02/1899 қаулысымен кадастрлық №13-200-044046 жер учаскесіне қосымша нысаналы мақсаты – құрылыстар мен ғимараттар кеңейту үшін көлемі 0,0400 га кадастрлық №13-200-044-599 жер учаскесі уақытша қысқа мерзімге (жалдау шартымен үш жыл) пайдалану құқығы табысталған және аталған қаулының негізінде «Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Income KZ» ЖШС арасында 2022 жылғы 9 қыркүйектегі № 1730 жер учаскесін жалдау туралы шарты жасалған.

«Income KZ» ЖШС-нің кадастрлық №13-200-044-599 жер учаскесі Ақтау қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 29 қарашадағы № 02-02/2371 қаулысы негізінде ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен (жалдау құқығын сату шартымен 2027 жылдың 27 маусымына дейін) қайта рәсімделіп, «Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Income KZ» ЖШС арасында 2022 жылғы 29 қарашадағы №2002 жалдау құқығын сатып алу-сату туралы шарт жасалған.

2023 жылғы 5 қаңтардағы № KZ45VBG01167982 бұйрықпен кадастрлық №13-200-044-046 (0,0200 га) және 13-200-044-599 (0,0400 га) жер учаскелері біріктіріліп, көлемі 0,0600 га кадастрлық №13-200-044-605 жер учаскесі қалыптастырылған.

«Income KZ» ЖШС мен А.А.Конысбаевтың арасында 2023 жылғы 9 каңтарда жасалған № 01/2023 сатып алу-сату шарты негізінде кадастрлық №13200-044-605 жер учаскесі пайдалану құқығы соңғыға берілген. 2023 жылғы 4 шілдедегі № 1152 сатып алу-сату шарты негізінде кадастрлық №13-200-044-605 жер учаскесі А.Е.Тумышев пен А.М.Тлеповаға сатылған.

Бөлімнің 2024 жылғы 11 маусымдағы № KZ57VBG01422779 бұйрығына сәйкес кадастрлық №13-200-044-605 нысаналы мақсаты кеңейтумен ғимараттар мен құрылғының құрылысын салу және пайдалану үшін, алаңы 0,0600 га берілген жер учаскесінің пішінін (конфигурациясын) өзгерту бойынша жасақталған жерге орналастыру жобасы бекітілген. Департаментпен 2024 жылғы 2 қазандағы А.Т.Бижанованың өтінішінің негізінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде кадастрлық № 13-200-044-605 жер учаскесін табыстау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған.

2024 жылғы 30 желтоқсанда Департаментпен жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы Бөлімнің атына нұсқама берілген. Жергілікті соттар Департаментпен жоспардан тыс тексеру кезінде 2022 жылғы 9 қыркүйектегі әкімнің қаулысы негізінде «Income KZ» ЖШС-не негізгі жер учаскесі кадастрлық №13-200-044-046, 0,0200 га игерілмеген жерге, яғни ешқандай құрылысы болмаған жерге кеңейту үшін берілген 0,400

га, кадастрлық №13-200-044-599 жер учаскесі сауда-саттықсыз жер заңнамасының талаптары бұзыла отырып берілгені анықтаған.

Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 48-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру, осы тармақтың 1)-21) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда саудасаттықтарда (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Жер Кодексінің 48-бабы 1-тармағы 5) тармақшасында жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін сауда-саттықтан тыс берілетіндігі көрсетілген.

Жер кодексінің 65-бабы 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар: жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.

Ақтау қаласы әкімдігі 2022 жылғы 27 маусымдағы, 2022 жылғы 29 қарашадағы қаулылары негізінде «Income KZ» ЖШС-не берілген жер учаскесінің нысаналы мақсаты бойынша игерілмегеніне қарамастан, уақытша өтеулі ұзақ (жалдау құқығын сату шартымен бес жыл) мерзімге пайдалану құқығын жер кодексінің талаптарын сақтамай заңсыз ұзартқан.

Бірінші сатыдағы сот жауапкерлердің арасында даулы жер учаскелеріне қатысты 2022 жылғы 4 шілдедегі «Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Income KZ» ЖШС арасында №1058 жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты мазмұны заң талаптарына сай келмейтін мәміле деп заңды жарамсыз деп танылған.

Демек, бастапқы мәміленің жарамсыздығының салдары, осы мүлікке қатысты кейінгі мәмілелердің де жарамсыздығын туындатады.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Мәмілелер жарамсыз деп танылуына байланысты, даулы жер АК-нің 157-1-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекет меншігіне заңды қайтарылған.

Жауапкердің шағымдағы уәждері апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер А.Е.Тумышевтің өкілі Ж.Т.Елумисовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.