ВС РК - Постановление от 01.03.2021 по делу 6001-21-00-3Г/469 (Гражданское)

6001-21-00-3Г/469

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 1 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С. Әбдрахманов,

талап қоюшы А[...] жауапкер К[...] ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау, моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

А[...] сотқа жоғарда аталған талап қою арызымен жүгініп, талаптарын К[...] шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратқанымен негіздеген. Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2020 жылғы 22 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер К[...] талап қоюшы А[...] қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің атына жазған арызында көрсетілген «Қандай жолмен бас дәрігер болғанын бір құдайдың өзі біледі. Бірақ аудан халқының білетін заңсыз әрекет жасап сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алып келгені айдан анық; қарапайым халықтың қалтасын заңсыз тонауда» (бұдан әрі – даулы мәліметтер), Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер шындыққа жанаспайтындықтан, хат жолдау арқылы теріске шығару жауапкер К[...] міндеттелген.

К[...] сот шығыстары өндіріліп, талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған шешімдерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін алға тартып, апелляциялық қаулының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхат уәждері мен азаматтық іс құжаттарын зерделеп, судья мұндай негіздер бар деген тұжырымға келеді.

Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкер К[...] 2019 жылғы 4 шілдеде талап қоюшы А[...] қатысты Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері ретінде оның қызметіне байланысты даулы мәліметтерді көрсетіп, Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Кемелұлының атына «Жуалы-желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде арызданған.

2019 жылғы 19-20 қыркүйекте Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы аталған арыз бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесінде оның жұмыстарын қорытындылап, жұмыс тобы К[...] шағымын негізсіз деп тапқан.

Сот психологиялық-филологиялық сараптамасының 2020 жылғы 5 наурыздағы № 250 қорытындысы бойынша даулы мәліметтердің құрамында А[...] ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне шындыққа сәйкес келмеген жағдайда нұқсан келтіретін мәліметтер бар екендігі анықталған.

Аталған сараптама қорытындысын негізге алып жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.

Уәждерін, Президентке жолдаған арыз мазмұнында А[...] арнамысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің жоқ екенімен, Қазақстан Республикасының азаматы және қоғамдық бірлестіктің төрағасы ретінде Мемлекет басшысына ауруханада орын алып жатқан заңсыз әрекеттерді көрсетіп құқығын жүзеге асырғанымен негіздеген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар. Жеке тұлғаларды, соның iшiнде заңды тұлғалардың мүддесiн танытушы тұлғаларды, олардың отбасы мүшелерiн субъектiлерге және лауазымды тұлғаларға олардың қызметiн сынап не құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында өтiнiш беруiне байланысты қудалаудың жолын кесуге тыйым салу «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында тікелей көзделген. Азаматтың мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаның атына белгілі бір мәліметтер келтірілген арыздармен және өтініштермен жүгінуі, тіпті егер бұл мәліметтер оларды тексеру барысында өзінің растауын таппаса да, азаматты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 143-бабында

көзделген азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тарту үшін негіз бола алмайды. Дауланып отырған арыздың мазмұны бағалау сипатына ие, автордың пікірі мен субъективті пайымы болып табылады, сәйкесінше бұл талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіруді, жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуын куәландырмайды. Қарастырылып отырған жағдайда азаматтың Конституциямен кепілдік берілген өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығын пайдаланып, келіп түскен ақпаратты заңға сәйкес тексеруге міндетті, лауазымды тұлғаға жүгінуі орын алған.

Осылайша, азамат өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін не басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына және лауазымды адамдарға еркін және ерікті түрде жүгінуге құқылы.

Бұл ретте адам өтініште қойылған мәселенің мәніне қатысы бар және оның шешілуіне ықпал етуі мүмкін деп санайтын, өзіне белгілі фактілер мен оқиғаларды өтініште көрсете алады.

Арызданушының өтінішхатта келтірген уәждері назарға алынуға жатады, өйткені іс құжаттарын зерделеу жоғарыда көрсетілгендер жиынтығында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын дәлелдемелердің толық, жан-жақты зерделенбегеніне сілтейді және дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья С.Әбдрахманов Көшірмесі дұрыс Судья С.Әбдрахманов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.