Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.06.2026 по делу 6003-25-00-2к/997 (Гражданское)

6003-25-00-2к/997

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К.Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор К[...], аудармашы Т[...],

талап қоюшының Б[...], жауапкер М[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-ММ) жауапкерлер М[...], М[...], М[...] және кәмелеттік жасқа толмаған М[...], Ғ[...], М[...], Ғ[...], заңды өкілі М[...] өтемақы төлеумен жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен және үйден шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкер М[...] меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, М[...] меншік құқығындағы Астана қаласы, «Сарыарка» ауданы, Б[...] [...] үй, мекенжайындағы кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 0,0884 га, жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті объектісімен бірге 310 305 512 теңге ақшалай өтемақыны төлеумен, онымен бірге тұратын М[...], М[...] және кәмелеттік жасқа толмаған балалары 2009 жылы 25 ақпанда туған М[...], 2017 жылы 11 ақпанда туған Ғ[...], 2012 жылы 1 сәуірде туған М[...], 2021 жылы 21 желтоқсанда туған Ғ[...] мемлекеттік қажеттіліктері үшін

мәжбүрлеп иеліктен және үйден шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 230 119 031 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған. Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін қайта қарауға жіберуді сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2023 жылдың 1 қантардағы №197-62 қаулысына сәйкес, Конституция көшесінен Сарайшық көшесіне дейін орналасқан, жалпы ауданы 57,3197 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Кіші айналма жолды жобалау мен салу үшін » берілген V учаске (Б[...] көшесі) объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Алынатын жер учаскесінің шекараларына М[...] 2015 жылдың 30 наурыздағы жеке меншікке құқық куәлігі негізінде меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, «Сарыарка» ауданы, Б[...] көшесі [...] үй, кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 0,0884 га жер учаскесі, және ол жерде орналасқан жылжымайтын мүлік енеді.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 230 119 031 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған Әділет Министрлігінің Сот сараптамысының 2025 жылғы 20 мамырдағы қорытындысы бойынша, даулы мүлік құны 310 305 512 теңгеге бағалаған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының қорытындысында аталған мән-жайлар толығымен ескеріліп, мүліктің нарықтық құны анықталып, бағаланған. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін

мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 310 305 512 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.