6001-24-00-6ап/1372
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев, жауапкер Ұ.Н. Сейітжапардың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Жаханова Жанар Абусеитовнаның жауапкер жеке сот орындаушы Сейітжапар Ұзақбай Нағыметоллаұлының 2023 жылғы 10 қазандағы мүлікті өткізу туралы қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы электронды аукцион қорытындысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қаңтарындағы шешіміне және жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурызындағы қаулысына және ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж.А. Жаханова жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қаңтарындағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.
Жеке сот орындаушы Сейітжапар Ұзақбай Нағыметоллаұлының 2023 жылғы 10 қазандағы Ақтау қаласы, 31Б шағын ауданы, 19 үй, №1 тұрғын емес үй жайдағы Қ.С.Садыбайдың ½ үлесін өткізуге беру туралы қаулысы және 2023 жылғы 1 желтоқсандағы электронды аукцион қорытындысы заңсыз деп танылған және күші жойылған.
Сондай-ақ осы сотпен жеке сот орындаушы Ұ.Н. Сейітжапар атақарушылық өндіріс туралы заңнама талаптарын бұзғаны туралы жеке ұйғарым қабылданған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурызындағы қаулысымен және ұйғарымымен сот шешімі және жеке ұйғарым өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Басқа іске қатысушылар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер Ұ.Н. Сейітжапардың шағым уәждерін қолдаған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық шағымдардың уәждерін жанжақты талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 20 наурыздағы шешімімен жеке кәсіпкер «Береке» К.С.Садыбайдан жеке кәсіпкер Л.Ө.Жолдыбайдың пайдасына 8 000 000 теңге қарыз сомасы мен 80 000 теңге іс жүргізу шығындары өндірілген.
ЖСО 2020 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғап, сот шешімін орындау мақсатында тиісті іс әрекеттер жасаған.
Ақтау қаласы №2 сотының 2022 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен ортақ меншіктегі Ақтау қаласы, 31Б шағын ауданы, 19 үйде орналасқан №1 тұрғын емес бөлмеге К.С.Садыбайдың үлесі ½ болып анықталған.
2023 жылғы 16 тамыздағы «БизнесЭкспертОценка» ЖШС-нің бағалау есебіне сәйкес жылжымайтын мүліктің құны 22 881 711 теңгеге бағаланған.
ЖСО 2023 жылғы 10 қазанда Ақтау қаласы, 31Б шағын ауданы, 19 үй, №1 тұрғын емес бөлмедегі Қ.С.Садыбайдың ½ үлесін өткізуге беру туралы қаулы қабылдап, 2023 жылғы 1 желтоқсанда аталған мүлік электронды аукционда Ю.В.Орловаға 8 695 050,14 теңге сатылған.
2023 жылғы 8 желтоқсанда ЖСО Ұ.Н.Сейітжапар мен Ю.В.Орлованың арасында сатып алу-сату шарты жасалып, Ю.В.Орлованың меншік құқығы тіркеуші органдарда тіркелген.
2023 жылғы 15 желтоқсандағы ЖСО қаулысымен атқару өндірісі тоқтатылған. Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім талап қоюшы мен борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдық құқығымен сатып алу туралы хабарламаны ЖСО курьерлік почтамен табысталмауына сай кері қайтарылғаннан кейін, аталған хабарламаны талап қоюшының «WhatsApp» қосымшасына немесе электронды почтасына жолдауға, Қазақстан Республикасы ІІМ Маңғыстау облысының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасына сұраныс жолдап, тіркелген мекен-жайын анықтауға мүмкіндігі бола тұра, талап қоюшыға тиісті түрде табысталмаған, оның басымдықпен алу құқығын шектеу деп, соның салдарынан оның құқықтары бұзылған деп тұжырымдаған.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының бұл тұжырымдары сотта зерттелген іс құжаттарына, қолданыстағы материалдық заң нормаларының талаптарына сай келмейді деп есептейді.
Қазақстан Республикасының «Сот орындаушысының мәртебесі және атқарушылық іс жүргізу туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 27-бабының 2,3бөліктеріне сай, хабархат немесе шақыру қағазы, егер атқарушылық іс жүргізуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжай бойынша, атқарушылық іс жүргізуге қатысушының жұмыс орны бойынша оларды алғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен не өзге де байланыс құралдары арқылы жіберіледі не адресатқа қолы қойғызылып табыс етіледі.
Осы Заңның 60-бабында борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы мүліктің меншік иелеріне хабарлауға және оларға борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдықпен сатып алу құқығын ұсынуға міндетті. Үлестің құны маманның жазбаша қорытындысы негізінде хабарламада көрсетілетіні көзделген.
Заңның 60-бабының 3-ші бөлігіне сай, қосалқы меншік иелеріне хабарлау олардың тұрғылықты (болатын) жерінің белгісіздігі, тұрғылықты жерінде болмауы және басқа да дәлелді себептер салдарынан мүмкін болмаса, ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен соң жүргізілуі мүмкін.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушысы талап қоюшы мен борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдық құқығымен сатып алу туралы хабарламаны талап қоюшыға 2023 жылғы 31 тамызда куръерлік почтамен жіберген, алайда хат табысталмауына сай кері қайтарылған.
Осыдан кейін ЖСО 2023 жылғы 10 қазанда Ақтау қаласы, 31Б шағын ауданы, 19 үй, №1 тұрғын емес бөлмедегі Қ.С.Садыбайдың ½ үлесін өткізуге беру туралы қаулы қабылдаған.
Яғни Заңда белгіленген ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен. Істің мұндай тұрғысында талап қоюшы Ж.А. Жаханованың сот орындаушысы басым құқықпен сатып алу құқығы ұсынылмаған деген уәждерін сот алқасы негізсіз, керісінше заңды күшіне енген сот актісін орындаудан жалтару деп сот алқасы есептейді. ӘРПК-нің 8-бабының бірінші және екінші тармақтарына сәйкес сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
Сот алқасы, іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілері күші жойылып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп есептейді, себебі сот орындаушысының дауланып отырған әрекеттері Заң талаптарына сай, өз кұзіреті шегінде жасалған.
Сот актілері күші жойылуына байланысты, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жеке ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының ұйғарымының күші жойылуға жатады.
Осыған орай, кассациялық шағым иесінің өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қаңтарындағы шешімінің және жеке ұйғарымының, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурызындағы қаулысының және ұйғарымының күші жойылып, іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс.
Г.К. Нұрбаев
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.