ВС РК - Постановление от 20.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1958 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 ақпан 6001-24-00-6ап/1958 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,

талап қоюшының өкілі Н[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімідігіне (бұдан әрі – Әкімдік), «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2022 жылғы 5 сәуірдегі №533 қаулының күшін ішінара жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 ақпандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Әкімідіктің 2022 жылғы 5 сәуірдегі №533 қаулысының 2-қосымшасы 8- тармағымен Б[...] Шымкент қаласы, [...] орналасқан кадастрлік №[...] алаңы 0,0217 га жер учаскесіне 5 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен беру туралы бөлігі заңсыз деп танылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Сот алқасы талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымға қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Әкімдіктің 2007 жылғы 13 ақпандағы №13527 жылжымайтын мүлікті жария ету туралы шешімімен Б[...] Шымкент қаласы, [...] жария етілген.

Б[...] алаңы 0,0800 га жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін бұрын салынған тұрғын үй үшін кадастрлік №[...] акт рәсімделген.

Сонымен қатар, Б[...] алаңы 0,0217 га жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен 10 жылға бұрын салынған тұрғын үй үшін кадастрлік №[...] акт рәсімделген.

2007 жылы 13 қыркүйекте Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі мен Б[...] арасында алаңы 0,0217 га кадастрлік №[...] жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен 10 жылға бұрын салынған тұрғын үй үшін берілген кадастрлік №[...] актімен 2017 жылдың 13 қыркүйегіне дейін жер учаскесін жалға беру туралы шарт жасалған.

2013 жылы Б[...] алаңы 0,0800 га жер учаскесін алаңы 0,0400 га екіге бөліп құрылысы бітпеген үй құрылысы бар бөлігін ауызша мәмілемен Д[...] сатқан.

2022 жылы 5 мамырда Д[...] пен Б[...] арасында Шымкент қаласы, [...] алаңы 0,0800 га жер учаскесі сату-сатып алу келісім шарты жасалған. Д[...] атына алаңы 0,0400 га жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін бұрын салынған тұрғын үй үшін кадастрлік №[...] акті рәсімделген. 2022 жылы 5 сәуірде Шымкент қаласының әкімдігінің №533 қаулысымен Б[...] Шымкент қаласы, [...] орналасқан кадастрлік №[...], алаңы 0,0217 га бұрын салынған тұрғын үй үшін берілген бөлінбейтін жер учаскесі 5 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен берілген, аталған жер учаскесіне кадастрлік №[...] акт рәсімделген.

Бұл қаулымен келіспеген Д[...] өзіне тиесілі жер учаскесінің бөлігі Б[...] заңсыз берілгенін көрсетіп, сотқа жүгінген

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2023 жылғы 16 ақпандағы заңды күшіне енген шешімімен Б[...] жауапкерлер Д[...], Д[...] 2022 жылы 5 мамырдағы сату-сатып алу келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Аталған сот шешімімен 2013 жылы Б[...] алаңы 0,0800 га жер учаскесін алаңы 0,0400 га екіге бөліп, бір бөлігін Д[...] сатқандығы, алайда заң жүзінде тараптар арасындағы мәміле, сату-сатып алу келісім шарты, жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар дайындалғаннан кейін ғана, 2022 жылдың 5 мамырында жасалғандығы, сатып алған жер учаскесінде Д[...] он жыл бойы тұрғын үй салынып, онда соңғынын баласы Д[...] отбасымен тұрып, коммуналдық және басқа да төлемдерді төлеп келе жатқандығы анықталған.

Көшпелі сот отырысында аталған даулы жер учаскесін зерттеу барысында кадастрлік №[...] жер учаскесінде тұрғын үй және тұрғын емес құрылыс нысаны орналасқаны, кадастрлік №[...] жер учаскесінде талап қоюшы Д[...] тұрғын үй құрылысының 43 шаршы метр бөлігі және мачталық антенна құрылғысы орналасқаны анықталған. Бұл мән-жайлар 2023 жылғы 29 наурыздағы және 2024 жылғы 15 ақпандағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жасаған далалық зерттеу актілерімен де расталады, яғни жоғарыда аталған жер учаскелері жеркадастрлық істегі және МЖК ААЖ графикалық дерек қорындағы мәліметтерге сәйкес беттеспейді. Нақты орналасуы бойынша Д[...] тұрғын үйінің [...]х10 метр бөлігі кадастрлік №[...] жер учаскесінің аумағында орналасқаны анықталған.

Яғни, даулы жер учаскесінде Б[...] тиісті қандай да бір құрылыстың жоқтығы, ол жерде керісінше соңғының талап қоюшы Д[...] сатқан үй құрылысының 43 шаршы метр бөлігі орналасқандығы анықталған.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 ақпандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.