ҰЙҒАРЫМ
2026 жылғы 22 қантар № 6003-26-00-2/4 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы А.Қ. Тлеубаева,
талап қоюшылар Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі мемлекеттік мекемесі мен «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің Игорь Васильевич Божиевке, Сержан Набиуллинович Канешевке, «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамына мәжбүрлеу туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істің соттылығын анықтау туралы Қазақстан Республикасының Әскери сотының төрағасының ұсынысын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюшылар «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесі мен «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Қазақстан ГАЖ орталығы» Акционерлік қоғамын және Игорь Васильевич Божиев пен Сержан Набиуллинович Канешевті шарттары бойынша жетіспейтін бағдарламалық құжаттарды қалпына келтіруге және ақпараттық жүйелерге беруге міндеттеу туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық іс соттылығы бойынша Ақмола гарнизоны әскери сотына жолданған.
Сот істі соттылығы бойынша жолдағанда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 34-бабы 2-бөлігінің 3) тармақшасы, 27-бабының 2-бөлігі басшылыққа алып, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, әскери соттар азаматтық істерді қарайтынын негізге алған.
Соттар арасында істің соттылығы туралы дау туындағандықтан Қазақстан Республикасының Әскери сотының төрағасы кассациялық сотқа істің соттылығын анықтап беру жөнінде ұсыныс келтірген.
Әскері соттың ұсынымы бойынша талап қою Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының қарауына жатады.
Іс материалдарын, ұсыныстың уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келеді.
АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, басқа соттың соттылығына жататындығы заңда айқындалған істерді қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар бойынша, сондай-ақ корпоративтік даулар бойынша азаматтық iстердi қарайды және шешеді.
Осы талап қою бойынша жауапкерлер ретінде жеке тұлғалар И.В. Божиев және С.Н. Канешев болғандықтан, бұл дау Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттын қарауына жатпайды. Сондай-ақ талап қою материалдарынаң көрініп тұрғандай, жауапкерлер И.В. Божиев пен С.Н. Канешев әскери қызметшілер болып табылады.
АПК-нің 27-бабының 2-бөлігіне сәйкес мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, егер тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, әскери соттар азаматтық істерді қарайды.
Жоғарыда аталған негіздерге байланысты Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты соттылығы бойынша Ақмола гарнизонының Әскери сотына дұрыс жіберілген.
АПК-нің 34-бабының 6-бөлігінің талаптарына сай, соттардың арасындағы істің соттылығы туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.
Жоғарыда аталған негіздерге байланысты бұл азаматтық іс Ақмола гарнизонының әскери сотына негізінен қарауға жолдануға жатады.
АПК-нің 36-бабының 4-бөлігін, 268, 269 баптарын басшылыққа алып, судья
ҰЙҒАРДЫ:
Талап қоюшылар «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесі мен «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамын және Игорь Васильевич Божиев пен Сержан Набиуллинович Канешевті шарттары бойынша жетіспейтін бағдарламалық құжаттарды қалпына келтіруге және ақпараттық жүйелерге беруге міндеттеу туралы азаматтық іс соттылығы бойынша Ақмола гарнизонының әскери сотына жолдансын.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.