Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3882 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 4 ақпан №6003-25-00-2к/3882 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,

талап қоюшының өкілі Б. Қадыр,

жауапкер М.Т.Догоманов, жауапкерлердің өкілі Тумарбаева А.Т.,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Әлия Сембайқызы Өскенбаеваның жауапкерлер Марат Тлеужанұлы Догомановқа, Елена Николаевна Мукашеваға берген, даудың нысанасына дербес талап мәлімдемейтін талап қоюшы жағындағы үшінші тұлға Мадина Сембаевна Джумагулова, мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешіміне және Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына жауапкерлердің өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ә.С. Өскенбаева талап қоюында 2023 жылғы 17 қаңтардағы №41 сатып алу-сату шарты негізінде Талдықорған қаласы, Күншығыс көшесінде орналасқан №59 үй және алаңы 0,0469 га жер учаскесіне (бұдан әрі - даулы үй) меншік құқығы туындағанын, кейін 2023 жылғы 23 қаңтарда үйді М.Т. Догомановқа 8 000 000 теңгеге сату туралы шартын рәсімдегенін, алайда оны сату ниеті болмағанын, себебі даулы үй апайы М.С.Джумагулованың отбасының үйі екенін, оның жұбайы Д.Ч.Джумагулов даулы үйге құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ақша қажет болып, пайыздық өсімімен қосып қайтару міндеттемесімен М.Т.Догомановтан қарызға 3 000 000 теңге сұрағанын, алайда 2 560 000 теңге алғанын, 600 000 теңге пайыз ретінде саналғанын, даулы үй кепіл ретінде қойылғанын көрсетіп, 2023 жылғы 23 қаңтардағы № 299 сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Ә.С. Өскенбаева мен М.Т. Догомановтың арасындағы 2023 жылғы 23 қаңтардағы сатып алу - сату шарты жарамсыз деп танылған.

Осы соттың 2025 жылғы 31 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшының жауапкер Е.Н. Мукашеваға қойған 2024 жылғы 10 қаңтардағы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қараусыз қалдырылған.

Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкерлердің өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Жауапкердің және жауапкерлердің өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, талап қоюшының өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157бабының 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.

АК-нің 160-бабының 1-бөлігіне сай оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.

Осы баптың 2-бөлігінде егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылатыны ескерілген.

«Мәмiлелердің жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 21-тармағына сай бүркемеленген мәміле бойынша істерді қарау кезінде соттар АК-нің 160-бабының 2-тармағының мағынасын негізге алулары қажет. Заңның аталған нормаларының қағидалары бойынша мәмілелердің қаралып отырған санаты екі түрден: бүркемелейтін және (бүркемеленген) мәміледен тұрады (мысалы, сатып алу және сату шарты сенімхатпен, қарыз және одан кейінгі кепілдік шарты сыйға тарту, сату және сатып алу шарттарын ресімдеумен, өсиет шарты сыйға тарту шартымен бүркемеленеді және сол сияқты). Басқа мәмілені жасыру мақсатында қулықпен жасалған мәміле жарамсыз (мәніссіз) болып табылады.

Сондықтан мәмiленiң сипатын ескере отырып, соттар тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты қағидаларды қолдануы қажет.

2023 жылғы 23 қаңтарда Ә.С. Өскенбаева даулы үйді М.Т. Догомановқа 8 000 000 теңгеге сату туралы сатып алу-сату шартын рәсімдеп, соңғы талап қоюшының «Halyk Bank» есеп шотына 1 080 000 теңге және 2023 жылғы 4 наурызда 440 000 теңге аударылған.

М.Т. Догомановтың «Kaspi Bank» есеп шотына Ә.С. Өскенбаевамен 2023 жылғы 25 сәуірде - 200 000 теңге, 2023 жылғы 6 мамырда - 500 000 теңге, 2023 жылғы 31 мамырда - 665 000 теңге, 2023 жылғы 16 қыркүйекте - 300 000 теңге, 560 000 теңге, яғни жалпы сомасы - 2 225 000 теңге аударылған.

М.Т.Догоманов даулы үйде М.С.Джумагулова отбасымен тұратынын, оның жұбайы Д.Ч.Джумагулов үйде құрылыс - жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қарыз сұрағанын, оған ақшаны үйді сату туралы мәміле жасаған жағдайда ғана беретінін айтқанын, осыған келісіп даулы мәмілені жасағанын растаған.

Даулы үйде М.С.Джумагулова отбасымен осы уақытта да тұрады, үй олардың иелігінен мүлдем шықпаған, коммуналдық төлемдерді өздері төлеуде.

Көріп отырғандай даулы мәміленің бүркеме мәміле екені дәлелдер жиынтығымен расталған, сондықтан жергілікті соттардың даулы мәмілені жарамсыз мәміле деп танығаны негізді.

Осыған орай жергілікті соттардың 2023 жылғы 23 қаңтарда Ә.С.Өскенбаеваның М.Т.Догомановтан 8 000 000 теңге алғаны көрсетілген қолхатқа сын баға бергені дұрыс, себебі тұрғын үйдің үшінші тұлға М.С.Джумагулованың отбасына тиесілі екені, қарызды Д.Ч.Джумагулов сұрағаны анықталған, бұл мән-жайды тараптар растаған, яғни қолхаттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Демек, жауапкер М.Т.Догоманов үйді адал алушы болып танылмайды.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың дауланып отырған шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырғаны дұрыс.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында зерттелген, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешімі және Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкерлердің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.