ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 тамыз 6003-25-00-4к/104 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
ашық сот отырысында талап қоюшы Алтмышова Улжан Эркинбековнаның жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі - Басқарма) тұрғын үй кезегінен алып тастау əрекетін заңсыз деп танып, қалпына келтіруді міндеттеу туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
У.Э.Алтмышова жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Басқарманың У.Алтмышованы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару əрекеті заңсыз деп танылып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне қайта қалпына келтіру міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, қаулының күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік – процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мəні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уəждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарына қарағанда У.Алтмышова 2018 жылғы 19 қарашадағы анықтамаға сəйкес екінші топтағы мүгедек болып табылады.
Ол 2019 жылғы 18 наурызда халықтың əлеуметтік жағынан əлсіз топтарының бірінші жəне екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде 11993 санымен кезекке тіркелген.
Талап қоюшы ұсынған мекенжай анықтамасына қарағанда, ол Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 211 орам, №336 үйге 2015 жылғы 19 қаңтарда тіркелген.
Басқарманың жүргізген түгендеу жұмыстары кезінде Шымкент қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының (бұдан əрі – Көшіқон қызметі басқармасы) берген жауабына сəйкес талап қоюшының келесідей тұрғылықты мекенжай тарихы анықталған:
2009 жылғы 12 маусымнан 2015 жылғы 17 сəуір аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Жетісай, Жашаев көшесі, №7 үй, №4 пəтерде тіркелген,
2013 жылғы 13 қарашадан 2018 жылғы 9 қараша аралығында Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Мырзакент, Комсомольская көшесі, №7 үйде тіркелген,
2018 жылғы 9 қарашадан 2019 жылғы 11 қаңтар аралығында Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Жетісай, Бөгенбай батыр көшесі, №18 үйде тіркелген,
2015 жылғы 11 қаңтардан Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 211 орам, 336 үйде тіркелген (тіркеуден шығарылған күні көрсетілмеген). Кейіннен 2015 жылы Түркістан облысы, Мақтарал ауданы көші-қон қызметкерлерімен жəне 2019 жылы Шымкент қаласы көші-қон қызметкерлерімен У.Алтмышованың мекенжай тіркеу тарихына өзгеріс жасалуына байланысты сəйкессіздіктер орын алғаны анықталған.
Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі көші-қон қызметі Комитеті 2024 жылғы 22 шілдедегі хатымен Көші-қон қызметі басқармасына У.Алтмышоваға қатысты тіркеуге қою тарихы мен тіркеуіне енгізілген түзетулер жөнінде ақпарат жолдаған.
Осылайша талап қоюшының 2019 жылдың 11 қаңтарына дейін Шымкент қаласында тіркеуде болмағаны анықталып, ол тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке тіркелу кезінде тұрақты үш жыл тұрмауына байланысты жауапкер оны 2024 жылғы 19 маусымда есептен шығарған.
У.Алтмышованы есепке тіркеу кезінде қолданыста болған мəтіндегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сəуірдегі Заңының (бұдан əрі – Заң) 67-бабының 1-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасының азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етілетін.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, талап қоюшы тарапынан шындыққа сай келмейтiн мəлiметтер берілмегені, ол 2015 жылғы Шымкент қаласындағы тіркеу тарихына өзгеріс енгізіліп, сəйкессіздіктер жойылғанын жəне ол талап қоюшының кінəсі болып табылмайтыны, оның үстіне тіркеуге тұрған кезде Шымкент қаласында тұрақты тұрғаны, сонымен қатар, жауапкер Заңның 73-бабының 4-тармағын басшылыққа алуы қажеттілігімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, өз шешімін У.Алтмышова 2019 жылдың 11 қаңтарына дейін Шымкент қаласында тіркеуде болмағаны, 18 наурызында тұрғын үй кезегіне есепке тұрған кезде Шымкент қаласының үш жыл тұрақты тұрмағандықтан оны тұрғын үй кезегінен заң нормаларына сай жəне негізді шығарылған деп тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен кассациялық сот келіспейді.
Атап айтқанда, ӘРПК-нің 7-бабының бірінші бөлігіне сəйке əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік рəсімдерді өз құзыреті шегінде жəне Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес жүзеге асырады.
Шымкент қаласы əкімдігінің 2024 жылғы 6 наурыздағы № 922 қаулысымен бекітілген "Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережесінің (бұдан əрі – Ереже) 15-тармағының 11-тармақшасына сəйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын кезектен шығару жəне қалпына келтіру бойынша Шымкент қаласы əкімдігінің тұрғын үй комиссиясы қарауына енгізілетін материалдарды дайындауды жүзеге асырады делінген.
Іс-құжаттарынан анықталғаны, У.Алтмышова басқарманың 2024 жылғы 18 маусымдағы бұйрығы негізінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінен шығарылған. Яғни, оған қатысты кезектен шығару бойынша материалдарды Шымкент қаласы əкімдігінің тұрғын үй комиссиясы емес, жауапкердің өзі қарап, шешім қабылдаған. Бұл жайт апелляциялық сатыдағы соттың назарынан тыс қалған.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігіне сəйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы əрекет (əрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Жауапкер дауланып отырған іс-əрекетті құзыретінен аса жасаған.
Ереженің 10-тармағына сəйкес азаматтардың кезектілік тізіміне жыл сайын басқарма түгендеу жүргізеді деген жауапкердің уəжін кассациялық сот негізсіз деп санайды, өйткені түгендеу жұмысын жүргізу азаматтарды кезектілік тізімінен шығаруға құзыретін бермейді.
Мұндай жағдайда басқарманың даулы іс-əрекеті заңсыз болып табылады.
Бұдан бөлек, Заңның 73-бабы 1-тармағының 5)-тармақшасына сай, бірыңғай республикалық электрондық базада, "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасында тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығару тұрғынжайға мұқтаж деп тану үшін негіздер ретінде анық емес деректерді қамтитын құжаттар жəне (немесе) мəліметтер ұсынған жағдайларда жүзеге асырылады.
Шымкент қаласы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының жауабында көрсетілгендей, У.Алтмышоваға қатысты мекенжай ақпаратын өзгерткен Көші-қон қызметі басқармасының бас маманы Р.Багисбекова қызметінен босатылған, оның іс-əрекетінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 369-бабының 2-1-бөлігімен көзделген ресми құжаттарға көрінеу жалған мəлiметтердi eнгізу не аталған құжаттарға олардың шынайы мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгiзу не көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар беру, егер бұл іс-əрекеттер өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасау қылмысының құрамы дəлелденбеген. Мұндай жағдайда шындыққа сай келмейтiн мəлiметтерді енгізуде талап қоюшының кінəсі болып табылмайды, оның үстіне тіркеуге тұрған кезде ол Шымкент қаласында тұрақты тұрған деген бірінші саты сотының тұжырымы негізді болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот жоғарыда көрсетілген мəн-жайларды ескерместен, оларға тиісті құқықтық баға бермей, заңсыз шешім қабылдаған.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2)тармақшасын басшылыққа алып, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Судьялар:
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.