6001-25-12/3п/13
ҰЙҒАРЫМ
2025 жылғы 28 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Р.Қуанышбаева
талап қоюшы Феруза Сабыржановна Рахманалиеваның жауапкер Пауль Игорович Децурға негізсіз баюдың соммасын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша Алматы қалалық соты төрағасының азаматтық істің соттылығын анықтау туралы ұсынысын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
2024 жылғы 2 қыркүйекте Ф.Рахманалиева Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық сотына жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Осы соттың 2024 жылғы 1 қазандағы оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарылған шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
2024 жылғы 7 қазанда П.Децур сотқа аталған шешіммен келіспей оны бұзу туралы арызбен жүгінген.
Соттың 2024 жылғы 17 қазандағы ұйғарымымен оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарылған 2024 жылғы 1 қазандағы шешім бұзылып, іс қайта қарауға тағайындалған.
Сәтбаев қалалық сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы ұйғарымымен азаматтық іс соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылдануына байланысты Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК) 34-бабы 2-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес Алматы қаласы Медеу аудандық сотының қарауына берілген.
Алматы қалалық сотының төрағасы ұсыныста азаматтық іс басқа соттың қарауынан процестік заңның талаптары бұзыла отырып берілген деп санап, оның соттылығын анықтауды сұраған. Ұсыныс уәждерінде талап қою бастапқыда жауапкердің тіркелген жері бойынша дұрыс берілгенін, өйткені тіркеу мәліметтері бойынша П.Децур Ұлытау облысы, Сәтпаев қаласы, Болман көшесі, 7 үй, 11 пәтер мекенжайында тіркелгенін көрсеткен.
АПК-нің 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
АПК-нің 29-бабының 1-бөлігіне сай талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі. Жеке тұлғаның, оның ішінде заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның тұрғылықты жері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (бұдан әрі - АК) белгіленген қағидалар бойынша айқындалады.
АК-нің 16-бабының талаптары бойынша азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады. Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-
қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады. Азаматтың тiркелген жерi оның заңды мекенжайы болып танылады.
Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкердің тұрғылықты жері Алматы қаласы, Самал-1 мөлтек ауданы, 34 үй, 63 пәтер екені жөнінде мәліметтер, сондай-ақ оның осы мекенжайда тұрақты немесе көбiнесе тұратын тұрғылықты жерi екенін растайтын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесімен қалыптастырылған 2025 жылғы 20 қаңтардағы мәліметіне сай П.Децур Ұлытау облысы, Сәтпаев қаласы, Болман көшесі, 7 үй, 11 пәтерде тіркелген.
Көрсетілген талаптардың мәніне қарағанда талап қоюшы негізсіз баюдың соммасын өндіруді сұрайды.
Яғни, АПК-нің 29-бабында белгіленген аумақтық соттылықтың жалпы ережесіне сүйене отырып, талап қою жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуы тиіс.
Осыған байланысты, Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық соты істі соттылық ережесін сақтай отырып қабылдаған және жауапкердің орналасқан жері осы соттың құзыретіне жататын аумақта орналасқандықтан, осы соттың қарауына жатады. Бұл ретте, Алматы қалалық соты төрағасының істі соттылығы бойынша беру туралы ұсынысында баяндалған тұжырымдары негізді болып табылады. АПК-нің 34-бабының 6-бөлігін басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Талап қоюшы Феруза Сабыржановна Рахманалиеваның жауапкер Пауль Игорович Децурға негізсіз баюдың соммасын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі соттылығы бойынша Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық сотына жолдансын.
Ұйғарым түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Судья Р.Қуанышбаева
Көшірмесі дұрыс Судья Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.