ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 желтоқсан №6003-25-00-4к/2287(2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
жауапкердің өкілі А.А. Мыңжасаровтың, мүдделі тұлғаның өкілі А.М. Сагаденованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Сержан Нурланович Кубенгалиевтің жауапкер Орал қаласының әкіміне қатысты шығындарды өтеу туралы шешімді қабылдауды мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, оны көктемгі тасқын салдарынан тұрғын үйіне залал келтірілгенімен негіздеген. Алайда жауапкер оны тізімге енгізуден және өтемақы төлеуден бас тартқан. МАӘС-тің 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Талап қоюшының өкілі Астана қаласына шығу мүмкіндігінің болмауын негізге ала отырып, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхатпен жүгінген. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, 2023 жылғы 26 қаңтардағы №351 сатып алу-сату шартының негізінде С.Н. Кубенгалиев Орал қаласы, «Венера» бағбандық серіктестігі, №213 учаскесі мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 08-130-087-510 жер учаскесінің меншік иесі болып табылады. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – бағбандық жүргізу үшін.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы № 7 шешімімен Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
Орал қаласының әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы №177-р және 2024 жылғы 29 наурыздағы №178-р өкімдерімен:
Орал қаласының аумағындағы су тасқыны орын алуына байланысты келтірілген материалдық шығынын еспетеу жөніндегі комиссиясы;
Орал қаласы аумағындағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндеге комиссиясы құрылған.
2024 жылғы 9 қазанда С.Н. Кубенгалиев төтенше жағдайдың салдарынан өтемақы төлеу және тұрғын үй беру туралы өтінішпен Орал қаласының әкімдігіне жүгінген.
2024 жылғы 30 қазандағы хатымен Орал қаласының әкімдігі С.Н. Кубенгалиевке тұрғын үйінен айырылған және тұрғын үйге мұқтаж адамдардың тізімі төтенше жағдай туындаған күннен бастап екі ай ішінде берілген өтініштер негізінде қалыптастырылатынын, ал С.Н. Кубенгалиев мұндай өтінішпен жүгінбегенін хабарлаған.
С.Н. Кубенгалиев тарапынан Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне берілген шағым 2025 жылғы 24 қаңтардағы хатпен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Төмен тұрған соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, өтемақы төлеуге және тұрғын үй беруге негіздердің жоқ екенін көрсеткен.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап қоюды қанағаттандырудан бас туралы төмен тұрған соттардың қорытындыларымен келіседі.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңның (бұдан әрі – Заң) 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.
«Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысының (бұдан әрі – №1222 Қағидалар) 1, 2-тармақтарына сәйкес, Қағидалар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібін айқындайды.
№1222 Қағидалар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге қолданылмайды.
№1222 Қағидалардың 3-тармағының 4) және 4-3) тармақшаларына сәйкес тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және сол үшін пайдаланылатын жеке тұрғынжай бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ төтенше жағдай кезінде уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе тұруға жарамсыз болып қалған, төтенше жағдай жарияланған кезде меншігінде Қазақстан Республикасының аумағында басқа тұрғынжайы жоқ зардап шеккен адамның меншігінде кемінде екі жыл тұрған құрылыс.
Жеке тұрғын үй – үй-жай учаскесінде орналасқан, шаруашылық және басқа да құрылыстарымен және жасыл екпелерiмен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй.
№1222 Қағидалардың 5-тармағына сай тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімі өтініштер негізінде қалыптастырылады. Зардап шеккен азаматтардан өтініштер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларының (бұдан әрі – №1358 Қағидалар) 1, 2-тармақтары табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке тұлғаның денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу тәртібін айқындайды. №1358 Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не қымбат бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелетін мүлікке қолданылмайды.
Кейбір жағдайларда табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тұрғынжайға уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе меншік иелері мен олардың отбасыларының тұруына жарамсыз болып қалған, әкімшілік аумақтық бірліктің аумағында төтенше жағдай жарияланған кезде меншігінде басқа тұрғынжайы жоқ зардап шеккен адамның меншігінде кемінде екі жыл тұрған құрылыс жатады.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, табиғи сипаттағы жарияланған төтенше жағдай шеңберінде С.Н. Кубенгалиев 2024 жылғы 9 қазанда өз үйін апатты жағдайда деп танытып, өтемақы төлеу және тұрғын үй беру туралы өтінішпен әкімдікке жүгінген.
Заңмен және оның негізінде қабылданған №1222 және №1358 Қағидаларымен өтемақы төлеудің нақты тәртібі, өтініш беру мерзімдері, оның нысаны, сондай-ақ тұрғын үй беру үшін қажетті критерийлер белгіленген.
С.Н. Кубенгалиевпен аталған тәртіпті сақтамаған, жергілікті атқарушы органға жүгіну 2024 жылғы қазанда орын алған, яғни төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай мерзім өткеннен кейін. Бұл мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алуы талап қоюшы тарапынан дәлелденбеген. Бұдан бөлек, талап қоюшыға тұрғын үй беру үшін негіздер болмаған, өйткені ол келтірген мән-жайлар №1222 және №1358 Қағидалардың қолданылу аясына жатпайды. Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, С.Н. Кубенгалиевтің үйінің құрылысы аяқталмаған, жер учаскесінде тек қабырғалары мен қаңқасы тұрғызылған, едені, шатыры және ішкі әрлеу жұмыстары жоқ.
Аталған құрылыс нысанын жылжымайтын мүлік ретінде тану мүмкін емес, ол жеке тұрғын үй (тұрғынжай) ұғымына сәйкес келмейді және уақытша (маусымдық) тұруға арналған объект болып табылмайды.
Заң мен Қағидалардың қолданыстағы нормалары өтемақыны тек жоғарыда көрсетілген шектерде өтеуді көздейді. Бұл императивтік нормалар талап қоюшыға өзге тұрғын үй беруге жол бермейді. Сондай-ақ, жауапкерде өзге әкімшілік қалауы болмаған.
Кассациялық шағымда соттардың қорытындыларын қайта қарауға, олардың заңдылығы мен негізділігіне әсер ететін, не соттың тұжырымдарын теріске шығаратын дәлелдемелерге негізделген қандай да бір өзге уәждер келтірілмеген.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.