№ 6003-25-00-2к/1377 Қ А У Л Ы
2025 жылғы 24 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, прокурор О.Пернеевтің,
талап қоюшы Е.М.Артыкбаевтың, оның өкілі Т.Б.Сатбековтің, жауапкердің өкілі М.К. Каримованың қатысуларымен,
бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Ерденбай Мухаммедгалиевич Артыкбаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесінен моральдық зиянды және материалдық шығынды өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған,
Қорғалжын аудандық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімі мен Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,
Талап қоюшы сотқа жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі - РММ) 20 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян және қылмыстық іс бойынша қорғаушының көмегіне төленген 1 000 000 теңге материалдық шығынын, қаралып отырған азаматтық іс бойынша өкілдің көмегіне төленген 1 000 000 теңге сот шығындарын өндіру туралы талап қоюымен жүгінген. Моральдық зиянды өтеу туралы талабы оны қылмыстық жауаптылыққа тарту және оған қатысты бұлтартпау шараларын қолдануға байланысты келтірілген зиянға негіздеген.
Ақмола облысы Қорғалжын аудандық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» РММ-нен Е.М.Артыкбаевтың пайдасына моральдық зиян 3 000 000 теңге, материалдық шығын 1 000 000 теңге, өкілдің қызметі үшін 300 000 теңге, барлығы 4 300 000 теңге өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шешімнің орындаулы бюджеттік бағдарлама әкімшісі - «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» РММ-не жүктелген.
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебіне жатқызылған.
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерден өндірілген моральдық зиян көлемін
ұлғайтуды сұраған. Сот өз шешімінде Е.М.Артыкбаевтың 8 қылмыстық іс бойынша заңсыз жауапқа тартылып, оған сегіз ауыр санаттағы қылмыс жасаған деп заңсыз айып тағылғанын, 1 жыл 3 ай 8 күн бойы тергеу изоляторында заңсыз қамауда отыруымен қоймай, оның үстіне 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындалғанын, үкім күшіне енген соң бас бостандығынан айыру туралы жазаны қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін өтегенін ескермеген деп санайды.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғандай, 2019 жылғы 18 қаңтарда жылқы малдарын жымқыру дерегі бойынша Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімімен (бұдан әрі - Жаңаарқа ПБ ТБ) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. 2019 жылғы 30 маусымда Е.М.Артыкбаев қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылып, ҚПК-нің 128-132-баптарына сәйкес ұсталып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстык істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылған Е.М.Артыкбаевқа қатысты Қарағанды облысы Қаражал қалалық сотының 2020 жылғы 8 қазандағы үкімі мен Қарағанды облыстық сотының қылмыстык істер жөніндегі алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысының күші жойылып, қылмыстық іс осы бөлігі бойынша апелляциялық сатыдағы сот алқасына жаңадан сот қарауына жіберілген.
Жаңаарқа ауданы прокурорының 2021 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен Е.М.Артыкбаевқа қатысты қылмыстық қудалау ақтайтын негіздермен тоқтатылған.
ҚПК-нің 39-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеткізу туралы талаптар осы тарауда көзделген тәртіппен құқықтарды қалпына келтіру тәртібі
түсіндірілетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай ішінде қойылуы мүмкін.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы прокурорының зиянды өтеу туралы талаптар қою тәртібі мен мерзімдерін түсіндіру хабарламасы Е.М.Артыкбаевқа тек 2024 жылғы 9 сәуірде жолданған. Сондықтан ҚПК-нің 42-бабына сәйкес егер зиянды өтеу туралы талап көзделген тәртіппен беруге арналған алты айлық мерзім өткізіп алынуына байланысты талап қоюшы азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгінген. ҚПК-нің 41-бабының 2-бөлігінің келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай мәнде өтемақы туралы талаптар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 951бабының 1-тармағына сәйкес, моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
АК-нің 951-бабы 3-тарамғының 2) тармақшасында көрсетілгендей, моральдық зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының салдарынан келтiрiлсе зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтеледi.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 38-бабының 2-бөлігіне сай, қылмыстық процестi жүргiзетін органның тиісті заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеткізуге әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған, сондай-ақ, ҚПКнің 37-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың құқығы бар. ҚПКнің 166-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық iс бойынша берілген азаматтық талап қоюды дәлелдеу осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша жүргiзiледi. Егер азаматтық талап қоюға байланысты туындаған құқықтық қатынастар осы Кодексте реттелмеген болса, онда азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады. Жергілікті соттар құқықтар бұзылудың салдарлары ауырлығын ескеріп, талап етілген моральдық зиян мөлшері тым артық деген қорытындыға негізді келген және де ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін басшылыққа алып, оны 3 000 000 теңге мөлшерінде дұрыс өндірген.
ҚПК-нің 40-бабының 1-бөлігінің 4) тармағына cай осы Кодекстiң 38бабының 2-бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға келтiрiлген мүлiктiк зиян заң көмегін көрсету үшiн адам төлеген сомаларды қамтиды.
АК-нің 923-бабының 1-тармағына сәйкес заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды заңсыз қолдану, қамау немесе еңбекпен түзеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне заңсыз орналастыру салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары лауазымды адамдарының кiнәсiне қарамастан, заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен толық көлемде мемлекет өтейдi.
Сонымен қатар жергілікті соттармен талап қоюшыға келтірілген келтiрiлген мүлiктiк зиян - қылмыстық іс бойынша қорғаушының көмегіне төленген 1 000 000 теңгені негізді өндірген, сот актілері бұл бөлікте шағымдалмаған.
«Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» 1999 жылғы 9 шілдедегі №7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 11, 12, 18-тармақтарына сәйкес, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы 2021-2023 жылдарға арналған «Республикалық бюджет туралы» №840 Заңын ескеріп, қылмыстық процестi жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеумен байланысты ақшалай төлемдердi жасау сол органдардың кiнәсiне қарамастан республикалық бюджет есебiнен «010 Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві» бюджеттік бағдарламасының әкімшісі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінен дұрыс өндірілген.
Осыған байланысты талап қоюшыға заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тартумен келтірілген зиян қылмыстық қудалау органынан өндірілуге жатады деген жауапкердің уәждерін қанағаттандырудан негізді бас тартылған.
Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы түйіндерімен келіседі.
Азаматтық іс бойынша өкіл көмегіне ақы төлеу бойынша талап қоюшының шығысы адалдық, әділдік пен парасаттылық өлшемдері ескеріліп 300 000 теңгеде дұрыс өндірілген.
Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық баға берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші А.К.Рамазанова
Судьялар А.К.Айкенова
Д.Д. Махметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.