ВС РК - Постановление от 31.05.2022 по делу 6001-22-00-6ап/353 (Административное)

6001-22-00-6ап/353

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 31 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нурбаев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім прокуроры А[...],

талап қоюшының өкілі А[...], жауапкерлер:

«Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...],

«Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Ар-Иман» мүгедектердің қоғамдық қоры (бұдан әрі - «Ар-Иман» МҚҚ-ы) жауапкерлер «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне және «Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - аудит Департаменті) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 10 тамыздағы № 4-8/4104 хабарламаны және мемлекеттік сатып алудың 2021 жылғы 18 тамыздағы қорытындысын заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған,

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен күшінде қалдырылған, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

«Ар-Иман» МҚҚ-ы кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2021 жылғы 13 шілдеде «Қарағанды қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесі (ұйымдастырушы) «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығын қалыптастыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жариялаған.

Тапсырыс беруші ретінде «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту

және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-сі болған.

Мемлекеттік сатып алуға қатысуға 3 әлеуетті өнім беруші: «Ар-Иман» МҚҚ-ы, «Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы» ЖҚБ-ы, «Прогресс» соқырлар қоғамы ЖҚБ-ы өтінімдер ұсынған.

Тапсырыс беруші конкурстық құжаттаманың «Сатып алынатын қызметтердің Техникалық ерекшеліктерінде» (2-3 қосымша) материалдық ресурстары бойынша мынадай біліктілік талаптары қойылған: 1.қызмет көрсетуге арналған аймақ – ғимарат тапсырыс берушінің қызмет көрсету орнында болу керек және 100ш.м. кем емес; 2.телефондық аппарат (оның ішінде ұялы телефон) – 4 дана; 3.кеңселік үстелдер – 7 дана; 4.сейф – 1 дана; 5.су диспенсері – 2-ден кем емес.

Конкурстық комиссияның 2021 жылғы 27 шілдедегі қорытындысына сәйкес бұл әлеуетті өнім берушілер жобаны іске асыру үшін қажетті материалдық ресурстарға ие екендігін растамағандықтан конкурсқа қатысуға жіберілмей, мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған.

Аталған қорытындымен келіспей «Ар-Иман» МҚҚ-ы мен «Прогресс» соқырлар қоғамы ЖҚБ-ы Департаментке шағым түсірген.

Департаментпен жүргізген камералдық бақылау нәтижелері бойынша 2021 жылғы 10 тамызда конкурс ұйымдастырушысы «Қарағанды қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (бұдан әрі – Хабарлама) жолдаған.

Хабарламаға сәйкес «Прогресс» соқырлар қоғамы ЖҚБ-ы мен «Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы» ЖҚБ-ның өтінімдерді заңсыз қабылдамауға байланысты қорытындыларды қайта қарау бөлігіндегі бұзушылықтарды жою көрсетілген.

«Ар-Иман» МҚҚ-ның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осыған байланысты конкурс нәтижесі 2021 жылғы 18 тамызда қайта қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындыларының хаттамасына сәйкес «Прогресс» соқырлар қоғамы ЖҚБ-ның және «Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы» ЖҚБ-ның өтінімі қаралып, ал «Ар-Иман» МҚҚ-ы біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты конкурсқа қатысуға жіберілмеген.

Нәтижесінде «Прогресс» соқырлар қоғамы ЖҚБ-ы жеңімпаз болып танылып, одан кейінгі екінші орынды «Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы» ЖҚБ-ы иеленген.

«Ар-Иман» МҚҚ-ы Хабарлама мен 2021 жылғы 18 тамыздағы конкурс қорытындысына Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетіне келтірген шағымы Департаментке жолданып, соңғысымен шағым қанағаттандырылусыз қалдырылған.

Осыдан кейін талап қоюшы сотқа жүгінген.

Төменгі саты соттары талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімдерін «Ар-Иман» МҚҚ-ы конкурстық құжаттамада көзделген материалдық ресурстарын растайтын құжаттар ұсынбағанымен негіздеген.

АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігінің 4) – тармақшасына сай егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.

Соттар істі қарағанда іске қатысуға тартылмаған тапсырыс беруші «Қарағанды қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің, әлеуетті өнім берушілер «Прогресс» соқырлар қоғамы ЖҚБ-ның және «Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы» ЖҚБ-ның құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен.

Сондықтан осы негіздермен сот актілерінің күші даусыз жойылуға жатады.

Бұдан басқа, соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын да дұрыс айқындамаған және анықтамаған.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітелген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 225-тармағында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен көзделген көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алулар кезінде әлеуетті өнім берушілерге келесі біліктілік талаптары қолданылмайды:

  1. төлем қабілеттілігінің болуы;

  2. шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстарының болуы.

Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген талаптар бір қаржы жылынан асатын мерзімге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен көзделген көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуларға қатысушы әлеуетті өнім берушілерге қолданылмайды.

Тапсырыс берушімен толтырылған конкурстық құжаттаманың «Сатып алынатын қызметтердің Техникалық ерекшеліктерінде» (2-3 қосымша) қызметтерді көрсету мерзімі «қаңтар-желтоқсан» деп көрсетілген (істің 1-томы, 42-парағы).

Ал, Департаменттің ұстанымы бойынша даулы конкурс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуларға бір қаржы жылынан асатын мерзімге көзделген. ӘРПК-нің 16-бабына сай әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

Бірақ соттар өзінің белсенді рөлін атқармай, веб-порталда орналастырылған конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарламаны, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің тапсырған конкурстық құжаттамаларын зерттемей, іске тіркемеген. Сөйтіп мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен көрсетілетін қызметтер қандай мерзімге көзделгенін, конкурсқа қатысушыр қандай құжаттар тапсырғанын немесе тапсырмағанын анықтамай, қарама-қайшылықтарды жоймаған.

Бұл дерек шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстарының болуы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен көзделген көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуларға қатысушы әлеуетті өнім берушілерге қолданылатыны немесе қолданылмайтындығын айқындау үшін қажет екені соттардың назарынан тыс қалған.

Істі жаңадан қарағанда аталған кемшіліктерді жойып, іске қатысуға тартылмаған тұлғалардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ете отырып, анықталған мән-жайларға байланысты заңды және негізді шешім қабылдау қажет. Істің бұл тұрғысында дауланып отырған шешім мен қаулының күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдануға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.

Іс Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.

«Ар-Иман» мүгедектердің қоғамдық қорының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Г. Нурбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.