№6001-22-00-6ап/799 (2)
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры К[...],
талап қоюшының өкілі Е[...], жауапкерлердің өкілдері К.Т.У[...].Арыстангалиеваның
қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер Атырау облысы, [...] әкіміне, Құлсары қаласы әкіміне, «Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2019 жылғы 14 қаңтардағы № 21 Құлсары қаласы әкімінің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Е[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда 2019 жылғы 14 қаңтардағы Құлсары қаласы әкімінің № 21 шешіміне сай 2012 жылғы 27 наурыздағы № 31 шешімінің күшін заңсыз жойылғанын көрсеткен.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. Даулы шешімінің Б[...] қатысты қабылданған бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қою ішінара қанағаттандыру жөніндегі бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2022 жылғы 15 наурыздағы жеке ұйғарымымен Жылыой ауданы әкімінің назарына Құлсары қаласы әкімінің тарапынан жіберілген заң бұзушылыққа аударылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2012 жылғы 27 наурызда Құлсары қаласы әкімінің №31 шешімімен талап қоюшы Б[...] Құлсары қаласы, И[...] көшесінен ғимарат құрылысын салу және оған қызмет көрсету үшін 0,4864 гектар жер учаскесі жеке меншік құқығымен берілген.
Бұл шешімінің 3), 4) тармақтарында Б[...] Жылыой ауданы жер қатынастары бөлімімен жер учаскесін сатып алу-сату шартын 10 жұмыс күндік мерзімнен кешіктірмей жасау ұсынылған.
2021 жылғы 8 желтоқсандағы прокурордың заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсынудың негізінде 2019 жылғы 14 қаңтардағы Құлсары қаласы әкімінің № 21 шешіміне сай жоғарыда аталған 2012 жылғы 27 наурыздағы № 31 шешімінің күшін жойылған.
Аталған шешімммен талап қоюшы келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы соты талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жергілікті атқарушы орган шешім қабылдағанда, Жылыой ауданы жер қатынастары бөліміне жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын беру және жер-кадастрлық құжаттамасына тиісті өзгерістер енгізу ұсынбағанын көрсеткен. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 49бабының 1-тармағына сай мемлекет меншігіндегі жер учаскесі сатып алусату шартын жасасу арқылы сатып алушының жазбаша өтініші бойынша он жыл мерзімге төлеу мерзімі ұзартылып сатылады.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы шешіммен келіспей, талап қоюшы тиісті уәкілетті органмен жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күн мерзімде жер телімін сатып алусату шартын жасаспағанын байланысты, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.
Соттың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.