№6003-26-00-2к/772
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,
судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,
арыз берушінің Е.Ө.Бисенбиннің, оның өкілі С.И.Болысбаевтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
арыз беруші Едіге Өсербайұлы Бисенбиннің мүдделі тұлға Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Департаменті республикалық мемлекеттік мекемесіне, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы қорғаныс істер жөніндегі бөлімі республикалық мемлекеттік мекемесіне заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы электрондық форматтағы азаматтық істі арыз берушінің Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Е.Ө.Бисенбин сотқа берген арызында өзінің 1985 жылдың 15 мамырынан 1987 жылдың 24 мамыры аралығында №36678-Б және №63544 әскери бөлімдерде әскери қызметін өтеп, ядролық сынақтарға тікелей қатысқанын, «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау» Ақтөбе облысы бойынша Департаменті арнаулы жәрдемақы ядролық сынақтарға тікелей қатысуды растайтын анықтамалардың негізінде белгіленетінін көрсеткенін, алайда, архивтік анықтамада оның ядролық сынаққа тікелей қатысқандығы жөнінде көрсетілмегенін, сол себептен соттан 1985 жылдың 15 мамырынан 1987 жылдың 24 маусымы аралығында өзінің Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тікелей қатысқаны туралы заңдық маңызы бар фактіні анықтауды сұраған.
Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 8 шілдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Арыз беруші кассациялық шағымында соттар оның келтірген уәждеріне дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берілгенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және іс бойынша арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымның уәждерін қолдаған арыз беруші мен оның өкілінің түсініктемелерін тыңдап, істің материалдарын зерттеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілері күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, арыз беруші Е.Ө.Бисенбин 1985 жылдың 15 мамырынан 1987 жылдың 24 маусымы аралығында Семей облысы, Жарма ауданы, Георгиевка елді-мекеніндегі №36678 және 63544 әскери бөлімдерінде әскери борышын өтеген, 2022 жылы 9 желтоқсанда Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Шалқар аудандық филиалына жолдаған хатына сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі енгізген деректер базасына Семей ядролық сынақ полигоны бойынша, Бөлім қызметкерімен мәліметтер енгізу барысында қателікке жол берілген, сол себепті Е.Ө.Бисенбиннің Egov порталы арқылы ҚР ҚМ ИШ базасының (жергілікті басқару органдары) мемлекеттік корпорациясымен (Egov порталы) біріктіру кезінде алынған анықтама дұрыс емес, одан алынған анықтама жарамсыз екенін көрсетілді.
Істі қарау барысында, Е.Ө.Бисенбиннің лауазымы мен әскери мамандығына байланысты ядролық сынақтарға немесе ядролық зардаптарды нақты жоюға тікелей қатысқандығы туралы ақпараттың жоқ екендігі анықталды. Ядролық сынақтарға тiкелей қатысушының мәртебесі Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы № 322-VІ Заңымен реттеледі (әрі қарай-Заң).
Заңның 9-бабында көрсетілген және ядролық сынақтарға тiкелей қатысуды растайтын анықтамалармен, әскери билеттердiң және өзге де құжаттардың, жаралану, мүгедектiк туралы анықтамалардың, сотмедициналық қорытындыларының негізінде анықталады.
Арыз берушімен аталған құжаттар, яғни ядролық сынақтарға тікелей қатысқандығы жөнінде дәлелдемелер ұсынылмаған, ал АПК-нің 65-бабының 3- тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
Демек, адамдардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде ядролық сынақтарға тікелей қатысуы белгілі бір дәлелдеу құралдарымен ғана расталуы мүмкін.
Сондықтан төменгі сатыдағы соттар арыз берушінің жоғары радиациялық қауіпті аймақта әскери борышын өтегендігі ядролық сынақтарға тікелей қатысқан деп тану үшін негіз болып табылмайтыны туралы дұрыс тұжырым жасаған. Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен. Жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Касациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Арыз берушінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.