ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 қыркүйек 6003-25-00-4к/133 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі Ө.Жамауовтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Көшербай» шаруа қожалығының жауапкер Жаңақорған ауданының әкіміне талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Көшербай» шаруа қожалығы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы ұйғарымымен «Көшербай» шаруа қожалығының талап қоюы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) - тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған жауапкер мен мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі ӘРПК-нің 115бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот талап қоюшының өкілін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюдан «Көшербай» шаруа қожалығының қандай құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғанын анықтау мүмкін емес деген тұжырымдарымен әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот келіспейді.
ӘРПК-нің 16-бабының бірінші, екінші, үшінші бөліктеріне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мәнжайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Іс құжаттарына қарағанда, «Көшербай» шаруа қожалығы талап қоюын бірнеше рет анықтап, соңында 2024 жылғы 28 қарашада жауапкер ретінде Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы әкімін көрсетіп, 259,42 гектар жер телімін шаруа қожалығының пайдалануына жүзеге асыртуды сұраған.
«Көшербай» шаруа қожалығының осы талап қоюы оның құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын қандай ауыртпалық салатын әкімшілік актіден немесе әкімшілік әрекеттен (әрекетсіздік) туындағаны бірінші сатыдағы сотпен анықталмаған. Аталған сотпен ӘРПК-нің 29-бабының төртінші бөлігіне сәйкес қажеттілік болған жағдайда екінші жауапкерді тарту мәселесі талқыланбаған.
Сонымен қатар, кассациялық саты сотының отырысында талап қоюшы Жаңақорған ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 12 мамырдағы № 510 қаулысымен келіспейтінін алға тартты.
Жоғарыда көрсетілген жағдай істі қарау барысында соттармен белсенді рөл қағидаты жеткілікті жүзеге асырылмағанын көрсетеді. Ал кассациялық сатыдағы сотта талап қоюларды өзгертуге ӘРПК-нің 142-бабының төртінші бөлігіне сәйкес тыйым салынған. Сондықтан кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың ұйғарымдарының күші жойылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы ұйғарымының, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы ұйғарымының күші жойылсын.
Іс қарау үшін Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдансын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші :
Е. Төлеев
Судьялар:
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.