Қ А У Л Ы
2026 жылғы 11 наурыз 6003-25-00-2к/4183(3) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.А.Даненова,
судьялар Қ.Р.Айтжанов, А.Б.Тоқсанбаев,
прокурор Л.Е.Жоламанова, талап қоюшының өкілі Ж.С.Қабеп, жауапкердің өкілдері Р.М.Құржықаев, Р.Е.Қасымбаевтың
бейнеконференц байланыс арқылы қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы «Абай облысы Абай ауданы Қарауыл ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Качество-СтройРемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне және Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымын қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы сотқа жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «Качество-СтройРемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі-ЖШС) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған.
ЖШС-нен мемлекет пайдасына 346 300 теңге мөлшеріндегі тұрақсыздық айыбы, 12 235 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж өндірілген. Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда жауапкер сот шешімдерімен келіспей, соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне өз талаптарын дәлелдей отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкердің өкілдерінің кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін тексеріп, сот келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 126-бабының 3 бөліміне сәйкес осы кодексте белгіленген мерзімдер сот дәлелді деп таныған себептер бойынша өткізіп алынған жағдайда сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Кассациялық шағым уақытымен беріліп, алайда жауапкер мемлекеттік баж салығын дұрыс төлемегені үшін қайтару барысында мерзім өткізілгендіктен, процессуалдық мерзім қалпына келтірілді.
«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабының 4-тармағы 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған, не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
2024 жылғы 28 маусымда ЖШС және «Абай облысы Абай ауданы Қарауыл ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - мекеме) арасында Абай облысы Абай ауданы Қарауыл ауылындағы «Тәуелсіздік» алаңын абаттандыру туралы құрылыспен байланысты емес жұмыстарды орындауға №88 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. Аталған шарттың негізінде жасалатын жұмыстар көлемі 78 400 000 теңгеге бағаланған. Осы шарттың талаптары бойынша ЖШС жұмыстарды 2024 жылдың 1 қазанына дейін аяқтауға міндеттенген.
2024 жылғы 11 қазанда тараптардың арасында шартқа қосымша келісім жасалған. Қосымша келісім бойынша жұмыстарды орындау мерзімі 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартылған.
Шарттың 8.3-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу шарттары орындалмаған жағдайда тапсырыс беруші өнім берушіден міндеттемелерін орындамаған жағдайда мерзімі өткен әрбір күн үшін шарттың жалпы сомасының 0,1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын ұстауға құқылы.
ЖШС-гі шартта көрсетілген жұмыстарды уақытында орындамағандықтан тапсырыс беруші 2024 жылғы 20 желтоқсанда шартты біржақты тәртіппен бұзған.
Талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және 346 300 теңге мөлшеріндегі тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгініп, жауапкер белгіленген мерзімде жұмыстың жалпы көлемінің 45%-ын ғана орындағанын, жұмысты толық аяқтамағанын көрсеткен.
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ЖШС мемлекеттік сатып алудың
жосықсыз қатысушысы деп танылған. ЖШС-нен мемлекет пайдасына 346 300 теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілген.
Жауапкер 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалпы сомасы 78 400 000 теңгені құрайтын жұмыстардың 35 111 505 теңге мөлшеріндегі жұмыстарды атқарған, яғни жұмыстардың көп бөлігі орындалмаған. Талап қоюшы орындалған жұмыстарды қабылдап алып, ақысын төлеген, атап айтқанда: 2024 - жылғы 12 қыркүйекте - 5 000 000 теңге; 2024 жылғы 27 қыркүйекте 20 000 000 және 2024 жылғы 31 қыркүйекте - 10 111 505 теңге төлеген.
ЖШС шартта көрсетілген жұмыстарды мерзімінде орындамағандықтан, тапсырыс беруші 2024 жылғы 20 желтоқсанда шартты біржақты тәртіппен бұзған. Шарт бұзылған күнге орындалмаған жұмыс көлемінің құны 43 288 495 теңгені құрайды. Бұл мән-жай жауапкердің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын білдіреді.
Мердігер 2024 жылғы 1 қарашада жасалған хаттамаға сілтеме жасап, жобалау-сметалық құжаттамада қателіктер бар екенін, оған тиісті түрде өзгертулер енгізу қажеттігін, жұмыстарды бастауға рұқсат беретін құжат кеш алынғанын көрсетіп, тапсырыс берушінің кінәсінен жұмыстарды уақтылы аяқтауға мүмкіндігі болмағанын ескеруді сұраған.
Жергілікті соттардың жауапкер келтірген уәждерге дұрыс құқықтық баға бере отырып, аталған мән-жайлар жауапкерді жауаптылықтан босатпайды деген тұжырымдары негізді.
Тапсырыс беруші мердігердің жұмысты орындау мерзімін кешіктіргені және жұмыстарды тиісінше орындамағаны туралы жауапкерге бірнеше рет ескерткен, атап айтқанда: 2024 жылғы 12, 28 тамызда, 15 қазанда және 5 желтоқсанда хабарламалар жіберген. Мердігер көрсетілген хабарламаларға тек 2024 жылғы 15 қазанда ғана жауап қайтарып, жұмысты аяқтау үшін қосымша бригада қосуға кепілдік берген. Өз жауабында мердігер жұмысты жалғастыруға кедергі келтіретін қандай да бір сәйкессіздіктерді немесе техникалық шешім қабылдау қажеттілігін мәлімдемеген, тек 2024 жылғы 6 қарашада мердігер тапсырыс берушіге алдағы уақытта орындалатын жұмыс түрлері туралы шешім қабылдау үшін жұмысты тоқтата тұру қажеттігін хабарлаған. Осы ретте жауапкер жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу қажеттігін нақты негіздеп, дәлелдер келтірмеген.
ЖШС бұл мән-жайларды талап қоюшыға жұмыстарды орындау мерзімі аяқталғаннан кейін ғана хабарлағанын, жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу қажеттілігін негіздейтін дәлелдеме ұсынбағанын ескеріп, бірінші сатыдағы соттың оның іс-әрекеттерін жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасалған деген тұжырымын кассациялық сот дұрыс деп санайды.
Жауапкердің жұмысты бастауға рұқсат беретін құжат кеш алынған деген уәждері де апелляциялық алқа сотымен негізсіз деп орынды анықталған. Себебі, іс құжаттарындағы орындалған жұмыс актілеріне сәйкес жауапкер 2024 жылғы қыркүйекте жалпы көлемі 35 000 000 теңгенің жұмысын орындап, тапсырған, яғни рұқсат құжаты уақтылы алынбағаны оған мердігерлік жұмыстарды ұйымдастыруға кедергі болмағанын айқындайды.
Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға келісім білдіру түрі болып табылады. Яғни өнім беруші конкурсқа қатысқан кезде жобалау сметасымен, осы құжаттар көрсетілген жұмыстармен, оның бағасымен толық келіскен, яғни жауапкердің шағымындағы жобалаусметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу қаншалықты қажет екенін растайтын құжаттарды сотқа ұсынбаған.
Жергілікті соттар істің мән-жайларын анықтай келе, жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға негіз бар, шарт жауапкердің кінәсінен орындалмады деген тұжырымдары негізді.
Сонымен қатар, талап қоюшы сатып алу туралы заңнаманы бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа арызданған.
Шарттың 8.3-тармағына сәйкес тапсырыс беруші шарт орындалмаған жағдайда өнім берушіге айыппұл санкциясын қолдануға құқылы. Осы тармаққа сәйкес жұмыстарды орындау мерзімі кешіктірілген жағдайда орындаушы міндеттемені толығымен орындамаса, тапсырыс беруші кешіктірілген әрбір күн үшін шарттың жалпы сомасынан 0,1 % мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) ұстап қалады (өндіріп алады), ал міндеттемелер тиісті түрде орындалмаса (ішінара орындалмаса), кешіктірілген әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеменің жалпы сомасынан 0,1 % мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) ұстап қалады (өндіріп алады). Бұл ретте, тұрақсыздық айыбының жалпы сомасы (айыппұл, өсімпұл) шарттың жалпы сомасының 10%-нан аспауы тиіс. Осы ретте, тұрақсыздық айыбы дұрыс есептелген.
Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер растамайды. Жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан жауапкердің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Жауапкер «Качество-СтройРемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін. Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімі және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы іс бойынша күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья Судьялар
Төрағалық етуші судья А. Даненова Судьялар Қ.Айтжанов А.Тоқсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.