Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/254 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 сәуір №6003-26-00-2к/254 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор Л.Е.Жоламанованың, талап қоюшы өкілі Б.Ж.Құрманбаевтың, жауапкер өкілі В.А.Чуменконың, аудармашы Е.А.Токештың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Зауре Утегуловна Уракбаеваның (бұдан әрі - кәсіпкер) жауапкер «Бейімбет Майлин ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - бөлім) мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты бұзуды заңсыз деп тану туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпкер сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны бөліммен шарт заңсыз бұзылғанымен негіздеген.

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 қазандағы шешімімен кәсіпкердің талап қоюы қанағаттандырылып, тараптар арасында жасалған шарттың біржақты бұзылуы заңсыз деп танылған және бөлімнен кәсіпкердің пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж, 100 000 теңге өкілдің көмегіне шығысы өндірілген. Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылған.

Кәсіпкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

2025 жылғы 2 мамырда тараптар арасында жиһазды (оның ішінде буккроссинг бұрышы мен музейге арналған жиһазды) дайындауға және жеткізуге №204 баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу

шарты (бұдан әрі - шарты) жасалған, бағасы 2 382 000 теңге, орындау мерзімі - шарт жасалған сәттен бастап 20 күнтізбелік күн.

Шарттың 5.3-тармақшасына сәйкес егер орындалған жұмыстардың нәтижелері тексеру барысында техникалық сипаттамаға және (немесе) жобалық-сметалық құжаттамаға (Шартқа 2-қосымша) сәйкес емес деп танылған жағдайда, Мердігер техникалық сипаттамаға және (немесе) жобалықсметалық құжаттамаға сәйкессіздіктерді Тапсырыс берушінің қосымша шығындарынсыз үш жұмыс күні ішінде жою шараларын қабылдауға міндетті.

Кәсіпкер жеткізген жиһазды қарау нәтижесімен бөлім тарапынан 2025 жылғы 9 маусымда сәйкессіздік акті жасалып, онымен дайындалған және жеткізілген жиһаз техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес келмейтіні бекітілген.

Сәйкессіздік актісінде жиһаздың көрнекі кемшіліктері, атап айтқанда кітаптарға арналған айналмалы сөренің тұрақсыз дизайны; жиһаз бетіндегі көптеген көрінетін зақымданулар (чиптер); дәнекерлеу тігістерінің сапасыз орындалуы; бұйымдардың бетіндегі ластанған тесіктердің іздері көрсетілген және фотосуреттермен расталған.

Бөліммен 2025 жылғы 10 маусымда мемлекеттік сатып алу порталында тіркелген сәйкессіздік актісіне кәсіпкер 2025 жылғы 11 маусымда жазбаша жауап жіберіп, онда тауарды қабылдау жеткізушінің қатысуымен жүргізілуі тиіс екенін, ол талап сақталмағанын, орнату кезінде мектеп директоры бұйымдарды (диваннан басқа) ескертусіз жеке өзі қабылдағанын, комиссия іс жүзінде актіні «өткен күнмен» рәсімдегенін, көрсетілген барлық кемшіліктер жойылатынын және техникалық сипаттамада қарастырылмағанын көрсеткен.

Одан кейін, 2025 жылғы 21 маусымда бөлім кәсіпкерге шартты бұзу туралы хабарлама жіберіп, 2025 жылғы 21 шілдеде шартты біржақты тәртіппен бұзған.

Бүгінгі күнге дейін кәсіпкер тарапынан сәйкессіздік актісінде көрсетілген кемшіліктерді жоюға қандай да бір шаралар жасамаған және жасауға әрекеттенбеген. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандыру жөніндегі тұжырымын жеткізілген тауарды қабылдау тәртібінің бұзылғанымен негіздеген. Алайда, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымы асығыс болып табылады, себебі аталған мән-жайлар талапты қанағаттандыруға сөзсіз негіз бола алмайды, әкелінген тауарды тексеру кезінде орындаушы өкілінің болмауы анықталған кемшіліктердің жарамсыздығына және орындаушыны оларды жоюдан босатуға әкеп соқтырмайды.

Яғни, кәсіпкер шарт талаптарын бұза отырып, ақаулары бар жиһаз жасап, өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған, анықталған кемшіліктерді қалпына келтірмеген.

Сонымен қатар, АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта кәсіпкер өз талаптарын растайтын мән-жайларды дәлелдей алмады немесе бөлімнің уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынған жоқ.

Істің мұндай тұрғысында, яғни кәсіпкер өзінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген апелляциялық сот алқасының тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот алқасының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы жеке кәсіпкер Зауре Утегуловна Уракбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.