Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/12158 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 13 қараша №6003-25-00-2к/12158 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі Д.К.Бисалиевтың, жауапкер өкілі А.А.Кругловтың, аудармашы Р.А.Таласбаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Nappa.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану, қарсы талап бойынша талап қоюшы Серіктестіктің қарсы талап бойынша жауапкер Мекемеге мемлекеттік сатып алу шартты біржақты бұзуды заңсыз деп тану және тауарды қабылдауға міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Серіктестіктің Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Мекеме аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемені тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Серіктестік қарсы талабында шарт бір жақты заңсыз бұзылғанын және әкелінген тауар негізсіз қабылданбағанын көрсеткен.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қою қанағаттандырусыз қалдырылып, қарсы талап қою ішінара қанағаттандырылған, тараптар арасында жасалған шарттың бір жақты бұзылуы заңсыз деп танылған және Мекемеге Серіктестіктен 14 дана етік тауарды қабылдау міндеттелген, Мекемеден Серіктестіктің пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Алқа қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған, сот шешімінің Серіктестіктің қарсы талап қоюын қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған және Серіктестіктен жергілікті бюджетке 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі бөлігінің күшін жойып, бұл бөлікте сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым

қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сот алқасымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 360-баптарын, 401-бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді). Анықталғаны, 2024 жылғы 27 ақпанда тараптар арасында 13 977 600 теңге құрайтын 120 жұп жазғы етіктерді тігу жүмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, Серіктестік жұмыстарды 2024 жылғы 31 шілдеге дейін тапсыруға міндеттенген.

Техникалық ерекшелікке сəйкес Орындаушы (Серіктестік) əскери қызметшілерді жеке бастапқы антропометриялық өлшеуді жүзеге асыруға міндетті.

Шарттың 4.3-тармағының 1-тармақшасына сəйкес Тапсырыс беруші (Мекеме) жұмыстарды орындау үшін Орындаушы мамандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Аталған тауар Серіктестікпен алғашқы рет 2024 жылғы 4 шілдеде жеткезілген, алайд ол техникалық ерекшеліктерге сай болмағандықтан Мекемемен кері қайтарылған.

Шартпен белгіленген мерзімде 2024 жылғы 31 шілдеге дейін Серіктестікпен тауар жеткізілмеуіне байланысты Мекеме 2024 жылғы 9 тамызда осы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Одан кейін, 2024 жылғы 28 тамызда Серіктестікпен 120 дана тауар жеткізілген, алайда сол күнгі акті бойынша тек 2 жұп аяқ киім қабылданып, қалған тауар өлшемдер тобының сәйкес келмеуіне байланысты Мекеме тарапынан қабылданбаған.

2024 жылғы 7 қазанда Серіктестікпен 60 дана тауар жеткізілген, алайда сол күнгі түгендеу қабылдау актісіне сай тауар өлшемдер тобының сәйкес келмеуіне байланысты Мекемемен 21 жұп аяқ киім ғана қабылданған.

2024 жылғы 10 қазанда Серіктестікпен 55 дана тауар жеткізілген, бірақ сол күнгі акті бойынша өлшем тобына сәйкес келмеуіне байланысты Мекеме 30 дана аяқ киім және қосымша 15 жұп етік ғана қабылдаған.

Жалпы Серіктестік тауарларды жеткізудің барлық кезеңінде 270 жұп аяқ киім шығарса, оның ішінде 66 жұп талап Мекемемен қабылданып алынған.

Демек, Серіктестік Шартта айқындалған мерзімде тауарды жеткізбеген, ал жеткізілген тауар Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшеліктерге сай болмауына байланысты (өлшем тобына сәйкес келмеу) кері қайтарылған, бұл мән-жай тараптармен жоққа шығарылмаған.

Сонымен қатар, сотта Серіктестік өкілі тапсырысты орындау үшін басқа өндірушілермен келісім шарт түзілгенін көрсеткен, яғни оның Шарт талаптарын орындауға мүмкіншлігі жоқ.

Ал, Серіктестіктің тапсырысы бойынша етіктерді тіккен кәсіпкерлік субъектінің өкілі А.Г.Тохпаридидің Шарт бойынша Мекемеге барып өзі жеке ұландардың өлшемдерін қабылдағаны, алайда не бәрі 87 солдаттан өлшемдер алынғаны, қалғандарын стандартты түрде тігіп беруін Мекеме өкілі ауызша өтінгені туралы уәждері сотта өз дәлелін тапқан жоқ, тиісінше АПК-тің 72бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.

Бірінші сатыдағы сотпен дау бойынша шешім қабылданғанда 54 жұп аяқ киім жеткізілмегеннен Мекемеге жағымсыз салдар келтірілмеген, Мекеме тарапынан Шартты біржақты бұзуы АК-тің 401, 402, 404-баптарына қайшы келеді, азаматтық заң нормаларында келісім шартты біржақты бұзу түсінігі мүлдем қарастырылмаған деп негізсіз тұжырым жасалған деген апелляциялық сот алқасының қорытындысы дұрыс.

Себебі, сотта бекітілігендей, 120 жұп жазғы етіктердің 2024 жылғы тамыз айында Астана қаласында өткен саммитке қажет болған, алайда ол уақытқа тауарлар дайын болмаған, яғни Мекеме Шарт жасалған кезде үмiт артылғаннан едәуiр дәрежеде айрылған (АК-тің 401-бабының 2-тармағы).

Бұл жағдайда апелляциялық сатыдағы сот Серіктестіктің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі ол сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім беруші болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға, қарсы талап қанағаттандырудан бас тартылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық

бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актінің күшінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкер «Nappa.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.