6001-23-00-6ап/1870
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшы Т[...] жауапкер Шымкент қаласының сот орындаушылар өңірлік палатасына арыз шағымдары бойынша әрекетсіздігіне шешім шығаруды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Т[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, негіздемесінде Шымкент қаласының сот орындаушылар өңірлік палатасы жолдаған арыз шағымына, жалпылама түрде жауап бергенін көрсете келе, арыз-шағымдарды заң аясында шешуді міндеттеуді сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымымен талап арыз қараусыз кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талапкердің талап арызын кері қайтарып, оны ӘРПКнің 138-бабы 2-бөлігінің 11)-тармақшасының негізінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.
Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдары материалдық және процестік құқық нормаларына сай дұрыс қабылданған деп санайды. ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.
Іс құжаттарына қарағанда талапкер Т[...] жауапкер Шымкент қаласының сот орындаушылар өңірлік палатасына арыз шағымдар бойынша әрекетсіздігіне шешім шығаруды сұраған, алайда тараптар арасындағы бұл дау жария-құқықтық қатынастардан туындамаған.
Істің бұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қайтару туралы тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.
Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғаруымен мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.