ВС РК - Постановление от 30.01.2023 по делу 6001-23-00-6ап/2076 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 30 қаңтар №6001-23-00-6ап/2076 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар –Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

талап қоюшының өкілі К[...],

жауапкер «Атырау облысы, [...]

құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Р[...] жауапкер «Атырау облысы, [...] құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2017 жылғы 3 мамырдағы Құрманғазы ауылы, Абай көшесі, [...] үй мекен-жайында орналасқан сауда үйінің эскиздік жобасына берген келісімнің күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 мамырдағы ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшы Р[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 мамырдағы ұйғарымымен талап қою арызы қараусыз қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, әкімшілік істі қайта қарауға жолдауды сұраған.

Сот алқа отырысында талап қоюшы өкілінің қассациялық шағымды қолдап берген уәждерін, жаупкер өкілінің қассациялық шағымға қарсылықтарын тындай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларынан, 2007 жылғы 2 ақпандағы Құрманғазы ауданының ресімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның №5230 шешімімен Атырау облысы, [...] мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі [...] талап қоюшының атына ресімделгені анықталады. 2016 жылы талап қоюшының көршілес жер учаскесінің кадастр нөмірі [...] жер учаскесін Ш[...] сатып алып, сол жерге сауда үйінің ғимаратын салған.

Талап қоюшы «Атырау облысы, [...] құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің 2017 жылғы 3 мамырдағы Құрманғазы ауылы, Абай көшесі, №[...] үй мекенжайында орналасқан сауда үйінің эскиздік жобасына берген келісімнің күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Талап қоюшы әкімшілік рәсімге қатыспаған, өйткені дауланып отырған әкімшілік акт басқа тұлғага қатысты қабылданған. ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сай, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Осы бабының нормасына сәйкес көрсетілген бір жылдық мерзім ол тыйымсалынатын мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.

ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады. ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасында талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратыны көзделген.

Дауланып отырған келісім 2017 жылғы 3 мамырда берілген, ал әкімшілік талап қою сотқа 2023 жылдың 2 мамырында берілген, демек, заңда көрсетілген талабына сай талап қоюдың бір жылдық мерзімі өтіп кеткен.

Сот аталған заң нормаларына сілтеме жасап, талап қоюды негізді талап қоюшыға қайтарған.

Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 мамырдағы ұйғарымы және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Өмірәлиев

Ғ.Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.