6001-24-00-3Г/6879
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қаңтар
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Молдахметова Т.Ә.,
талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер жеке кәсіпкер Л.Е.Конопьяноваға ақшалай өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүліктен мәжбүрлеп иеліктен шығару, жылжымайтын мүлік объектісін босату туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысына Л.Е.Конопьянова өкілі М.Т.Турубаевтың келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жеке кәсіпкер Л.Е.Конопьянованың меншік құқығындағы Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Ш.Уәлиханов көшесі, 22/2-үй, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-324-029-150, жалпы ауданы 0,0566 га, оның ішіндегі үлесі 0,0266 га, жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүлік объектісі 235 731 708 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
Жеке кәсіпкер Л.Е.Конопьянова ақшалай өтемақы алғаннан кейін Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Ш.Уәлиханов көшесі, 22/2-үй, мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік объектісін босатуға міндеттелген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы жеке ұйғарымымен «Тәуелсіз сот сараптамасы одағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сарапшысы С.К.Досмаковтың тарапынан орын алған бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының әділет министрлігіне хабарланған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жылжымайтын мүлік пен алынатын жер учаскесі үшін ақшалай өтемақы сомасын 449 133 216,8 теңге, жіберіп алған пайда сомасын 279 295 000 теңге, барлығы 728 428 217 теңге мелшерінде айқындауды сұраған.
Анықталғандай, Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2023 жылғы 22 тамыздағы № 510-1696 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Ш.Уәлиханов және С.Сейфуллин көшелерінің қиылысы ауданында орналасқан, жалпы ауданы 0,4100 га жер учаскесі, сызба мен қосымшаға сәйкес «Абаттандыруға арналған учаске» ретінде іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатқызылған.
Алынатын жер учаскесінің шекарасында Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Ш.Уәлиханов көшесі, 22/2 мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-324-029-150, жалпы ауданы 0566 га, оның ішіндегі үлесі 0,0266 га (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) алып қоюға (сатып алуға) жататыны анықталған.
Л.Е.Конопьянова даулы жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
Меншік иесіне 2024 жылғы 21 ақпанда жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатындығы (сатылатындығы) туралы хабарлама тапсырылған.
2024 жылғы 11 сәуірде иеліктен шығарылатын мүлік үшін жауапкерге 171 007 348 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынылған.
Л.Е.Конопьянова ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
Басқарма осы талап қоюмен сотқа жүгініп, соттан жауапкердің меншік құқығындағы даулы жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлік үшін 171 007 348 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп жауапкердің иелігінен шығаруды және оны босатуға міндеттеуді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын сотпен тағайындалған сот сараптамасының қорытындысымен негіздеген.
Сарапшының 2024 жылғы 26 шілдедегі № 131 қорытындысы (бұдан әрі – Қорытынды) бойынша, 19 тамыздағы енгізілген түзетулерді қоса алғанда, даулы жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 235 731 708 теңгені құраған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Өтінішхат иесі, жергілікті соттардың шешімімен келіспей, төмендегі уәждерді келтірген.
«Сот-сараптама қызметі туралы» заңның 5-бабына сәйкес, сот-сараптама қызметі: 1) заңдылық; 2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін
сақтау; 3) сот сарапшысының тәуелсіздігі; 4) сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы, объективтілігі және ғылыми негізділігі; 5) сотсараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік; 6) сот сарапшысының әдебін сақтау қағидаттарына негізделеді.
Алайда, сарапшы 2024 жылғы 26 шілдедегі № 131 қорытындысын дайындау кезінде бұл ұстанымды бұзып, көптеген және өрескел қателіктерге жол беріп, қорытындыға көрінеу анық емес деректерді енгізген. Атап айтқанда:
даулы жерде ораналасқан коммерциялық ғимарат – сауда үйі болып табылады. Алайда, Қорытындының (22 бет) № 12 кестесінің астында сараптаманың зерттеу объектісі ретінде – үш бөлмелі пәтер көрсетілген;
жер учаскесінің және жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын анықтау барысында Қорытындыда сарапшы кірісті тәсіл – капиталдандыру әдісін қолданып, жылжымайтын мүлік объектісінің баламасы ретінде ауданы 500, 9, 76 шаршы метрді құрайтын нысандарды қолданған. Салыстырмалы әдісте қолданылған нысандардың екеуі Алматы және Сарырақа аудандарында, ал біреуі Қосшы қаласында орналасқан. Ал, осы іс бойынша даулы нысан (сауда үйі) Астана қаласының «Байқоңыр» ауданында және көлемі 447,2 шаршы метрді құрайды. Яғни, сарапшы даулы нысан орналасқан аудандағы ұқсас нысандарды емес, балама болып табылмайтын басқа аудандарда орналасқан нысандарды салыстырған;
жылжымайтын мүлік пен жер учаскесінің құнын шығысты тәсіл шеңберінде айқындау кезінде № 10 кестеде тағы да Астана қаласының басқа ауданында, Байқоңыр емес, Сарыарқа ауданында орналасқан аналогтар қолданылған;
сараптау кезінде сарапшымен вариация коэффициенті сақталмаған; - Қорытындыдағы кестеде зерттелуші объектінің ауданы 61 шаршы метр деп қате көрсетілген, ал анығында оның ауданы 447, 2 шаршы метрге тең;
сарапшы зерттелетін объектінің ауданына түзету коэффициентін қолданбаған: қабаттылығы, орналасуы, құрылыс түрі. № 11 кестеде олардың барлығы 0-ге тең деп көрсетілген;
2024 жылғы 19 тамызда өткен сот отырысының барысында сарапшы Досмаков С.К. жауапкердің сұрақтарына, осындай тұжырымдарды не себепті жасады және бұл қателерге неліктен жол берді деген сұрақтарға жауап бере алмады. Бұл жағдайда сарапшының қорытындысында көптеген қарамақайшылықтар болғандықтан, сот қайталама сараптама тағайындауға тиіс болатын. Алайда сот, іс жүргізу нормаларын бұза отырып, сот отырысын кейінге қалдырды және сарапшыға жіберілген қателіктерді түзетуге заңсыз мүмкіндік берді, бұл сот тарапынан да, сарапшы тарапынан да одан да маңызды бұзушылықтарға әкелді;
2024 жылғы 23 тамызда сот отырысының жұмыс чатына нөмірі сол № 131 және күні сол 2024 жылғы 26 шілде деп көрсетілген, 2024 жылғы
19 тамыздағы Толықтырулар ескерілген Сарапшының № 131 қорытындысы деп аталатын сарапшының жаңа қорытындысы салынды, онда жер учаскесі бар ғимаратты бағалаудың сомасы – 240 342 017 теңге деп өзгеше көрсетілген. Осылайша, сарапшы сотқа екі түрлі қорытынды берді, бірақ күні мен саны бір, ал мазмұны және бағалау мөлшері әртүрлі;
- Қазақстан Республикасының «Сот-сараптама қызметі туралы» заңының 36-42-баптарында сараптама түрлерінің түпкілікті тізімі көрсетілген. Бұл – жеке-дара және комиссиялық сараптамалар, кешенді сараптамалар, қосымша және қайталама сот сараптамасы.
АПК-нің 88-90-баптарында да осындай нормалар қамтылған.
Қолданыстағы заң нормаларына сәйкес, сарапшы қорытындысына белгілі бір толықтыру немесе өзгерту енгізу көзделмегеніне ерекше назар аударамыз;
сотта жауапкер тарапынан қайта сараптама тағайындау туралы жазбаша өтінішхат берілді, алайда сот айқын қарама-қайшылықтар бола тұра және сарапшы С.К. Досмаковтың қолы қойылған бір нөмірмен және бір күнмен берілген екі сараптама бола тұра, өтініш қанағаттандырылмай, сотпен қайталама сараптама тағайындалған жоқ;
сотпен Әділет министрлігінің атына «Тәуелсіз сараптама одағы» ЖШС-нің сарапшысы С.К.Досмаковтың тарапынан жіберілген бұзушылықтар туралы» жеке ұйғарым шығарылған. Алайда, сот өзіне өзі қарсы шығып, сарапшының әрекеттерін заңсыз дей тұра, сол сарапшының қателіктер анықталған қорытындысын негізге алып, шешім қабылдаған;
жауапкер Л.Е.Конопьянованың ұсынған 2024 жылғы 3 мамырдағы № 33 қорытындысын сот шешімінде еш уәжсіз, бұл қорытынды назарға алуға жатпайды деп, қабылдамаған;
«Астананың сот сарапшысы» ЖК 2024 жылғы 3 мамырдағы № 33 қорытындысына сәйкес, Л.Е.Конопьяноваға тиесілі мүліктің салыстырмалы тәсілмен анықталған нарықтық құны 408 246 000 теңгені құраған. Меншік иесі өз күшімен сыртқы электрмен жабдықтау және сумен жабдықтау желілерін жүргізді, олардың құны 40 887 216,8 теңгені құрайды. (сметалық есептеулер қорытындыға қоса беріледі). Жиынтық сома 408 246 000 + 40 887 216,8 = 449 133 216,8 теңгені құраған. Бұл баға жер телімінің және ғимараттың нарықтық бағасын, сонымен қатар осы Байқоңыр ауданында орналасқан ұқсас объектілерді салыстыру арқылы жүргізілген;
сонымен қатар, сотқа «Бағалаудың және сараптаманың өндірістіктехникалық институты» ЖШС-мен жүргізілген 2024 жылғы 9 тамыздағы № 24-С-05/156 «Жіберіп алған пайданы бағалау» туралы есепті ұсынылған. Есепке сәйкес, Л.Е.Конопьяноваға келтірілген жіберіп алған пайда түріндегі зиянның нарықтық құнының жиынтық бағасы (09.08.2024 ж. жағдай бойынша) 279 295 000 теңгені құраған. Алайда, сот коммерциялық объектінің жіберіп алған пайдасын өтеу туралы мәселені назарға алмаған.
Өтінішхатта көрсетілген осы және басқа да уәждер алқа отырысында тексерілуге жатады.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.