Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/853 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/853

ҚАУЛЫ 2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, аудармашы Е.А.Төкештің,

арызданушы өкілі С.С.Аккуловтың, мүдделі тұлға З.У.Исраиловтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

арыз беруші «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Астана қаласының полиция Департаментінің «Сарыарқа» ауданының полиция Басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Басқарма) мүдделі тұлға Заур Хамзатович Исраиловты Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі мүдделі тұлғаның Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 29 қаңтардағы шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, Ресей Федерациясының азаматы З.Х.Исраиловты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен З.Х.Исраилов Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған.

Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот шешімімен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, арызданушы өкілінің шағымға қарсылығын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот шешімін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Бірінші сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабына сәйкес егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер заң мен сот алдында тең болады, оларды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды.

Заңның 28-бабында шетелдік мына жағдайларда: егер оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса; егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса; егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса; егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберілуі мүмкiн екендігі қарастырылған.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотының 2020 жылғы 30 қаңтардағы үкімімен Ресей Федерациясының азаматы З.Х. Исраилов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны (аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 6 ай мерзімге төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Жазаны өтеу орнында нашақорлықтан мәжбүрлі ем тағайындалған. Оның әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануы танылған.

Сонымен қатар, З.Х.Исраиловтың 2007, 2012, 2016 жылдардағы басқа да соттылығы бар.

З.Х.Исраиловтың Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа бірнеше рет тартылған, осыған байланысты, аталған фактілер оны Қазақстан Республикасының шегінен шығаруға негіз болып табылады.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымында жазасын өтеу орнынан шартты түрде мерзімнен бұрын босатылғанын, осы кезеңде өзіне жүктелген шектеулерді бұзбағанын, қазіргі кезде Астана қаласында сырқат ағасымен бірге тұрып жатқанын, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мақсаты бар екенін алға тартқан.

Алайда, кассациялық шағымның бұл уәждері назарға алуға жатпайды.

Өйткені, З.Х.Исраилов Қазақстан Республикасының аумағында уақытша бола тұра жоғарыда көрсетілген Заңның талаптарын сақтамай, жүйелі түрде өрескел бұзып, қылмыстар жасап келген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы №4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» Нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 14тармағында азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім

шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажет екені көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот шешімінде З.Х.Исраиловтың қылмыстық бұзушылықтары дұрыс ескерілген. Оның мұндай әрекеттері қоғамдық тәртіпті қорғау мүдделеріне қайшы келетіні және оған қолданылған шара құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды құралы болып табылатыны назарға алынған. З.Х.Исраиловтың жүйелі түрде бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуы оның Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын сақтауға ниетті болмағанын көрсетеді.

Бірінші сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс анықталған, материалдық заң нормаларын дұрыс қолданған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Мұндай жағдайда, кассациялық сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деген тұжырымға келеді.

Нормативтік қаулының 18 тармағына сай соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.

Сондықтан кассациялық сот З.Х.Исраиловты Қазақстан Республикасының аумағынан 2026 жылдың 1 маусымына дейін шығарылуы тиіс деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 29 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. 1968 жылдың 27 желтоқсанында туылған Ресей Федерациясының азаматы Заур Хамзатович Исраилов Қазақстан Республикасының аумағынан 2026 жылдың 1 маусымына дейін шығарылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.