ВС РК - Постановление от 12.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/869 (Административное)

№6001-24-00-6ап/869

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Айгуль Бахитжанқызы Елеуованың Атырау қаласы әкіміне, «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – ММ) 2018 жылғы 2 қарашадағы №12 хаттамалық шешімнің Айгуль Бахитжанқызы Елеуоваға қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қарашасындағы ұйғарымына және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қарашасындағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, заңды күшіне енген Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 29 наурыздағы шешімімен талап қоюшы А.Б.Елеуованың жауапкер «Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Атырау қаласының әкіміне тұрғын үй кезегінен шығарып тастау әрекетін заңсыз деп тану, тұрғын үй кезегін 2014 жылдан бастап қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қоюлары қаралып, қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшымен дауланған 2018 жылғы 2 қарашадағы №12 хаттамалық шешімі Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 29 наурыздағы шешімін қабылдауға негіз болған.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар деп көрсеткен.

Соттардың бұл тұжырымы заңды болып табылады.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 12) тармақшасына сай, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы болса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қарашасындағы ұйғарымы және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы Айгуль Бахитжанқызы Елеуованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова

Г.К. Нұрбаев Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.