№6001-23-00-6ап/855
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 21 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев талап қоюшының өкілі Е[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер Атырау қаласы әкіміне, «Атырау қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, П[...] жер учаскесін беру әрекеттерін заңсыз деп тану, П[...] жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №2983 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы қаулысына талап қоюшының өкілі М[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда 2001 жылғы 2 қарашада әкімнің шешімімен даулы жер учаскесі өзіне берілгенін, аталған жер учаскесіне меншік құқығы тіркелгенін, алайда жауапкерлер өзінің меншігіндегі жер учаскесін П[...] заңсыз бергенін көрсеткен.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкер Атырау қаласының әкіміне жер учаскесін П[...] беріп жіберу әрекеті заңсыз деп танылған.
П[...] жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №2983 санды қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жауапкерлер «Атырау қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, П[...] қойылған талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюды қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшы М[...] жауапкер Атырау қаласы әкіміне жер учаскесін П[...] беру әрекеті заңсыз деп тану, П[...] жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №2983 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің пікірін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Атырау қаласы әкімінің 2001 жылғы 2 қарашадағы №3786 шешімімен талап қоюшыға тұрғын үй салу үшін Атырау мөлтек ауданы №697 көлемі 1000 шаршы метр жер учаскесі бір жыл мерзімге жалға берілген.
2021 жылғы 30 қыркүйектегі Атырау қаласы әкімінің №2983 қаулыcымен жауапкер П[...] жеке тұрғын үй құрылысын салу және пайдалану үшін көлемі 0,0719 гектар Атырау қаласы, Атырау шағын ауданы, Қызғалдық көшесі, №22 жер учаскесі (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл мерзімге берілген. 2021 жылғы 5 қазанда «Атырау қалалық жер қатынастар бөлімі» ММмен П[...] арасында жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдауды) келісім шарты жасақталған.
2021 жылғы 30 қарашада П[...] жоғарыда көрсетілген әкімнің қаулысы негізінде кадастрлік нөмері [...] даулы жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін акт алған.
2021 жылғы 9 желтоқсанда П[...] жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы мемлекеттік тіркеуден өткен.
П[...] жер пайдалану құқығы берілгені туралы әрекеттермен келіспей, талап қоюшы сотқа шағымданған.
Бірінші сатыдағы сот, 2022 жылғы 22 тамыздағы тексеру актісімен П[...] берілген жер учаскесі талап қоюшының жер учаскесімен беттесіп жатқанын анықтап, талап қоюшының меншік құқығы бірінші тіркелгеніне байланысты талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы, сот шешімін өзгерткенде мына мәнжайларды ескерген.
Талап қоюшыға әкімнің 2001 жылғы 2 қарашадағы шешімімен жерге уақытша пайдалану құқығы бір жылға берілген.
Аталған мерзім өткеннен кейін М[...] бұл жерді пайдалану құқығын ұзарту немесе жеке меншігіне беру туралы әкімнің шешімі қабылданбаған.
Бұл жағдайда әкімнің даулы жер учаскесін басқа тұлғаға беруі Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарына қайшы келмейді.
Апелляциялық сот алқасының басқа тұжырымдары мен негіздемелері дауланып отырған сот актісінде толық көрсетілген.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен, сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сатыдағы сотпен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.