6кп/13-22
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 23 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар М.Ж. Омарбекова, М.Т. Балкен,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...] қатысуымен,
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның өкілі А[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 маусымдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен
Б[...] дара кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 159-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен дара кәсіпкер Б[...] ӘҚБтК-нің 159-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен монополиялық кіріс 1 429 290 теңге тәркілене отырып, монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған кірістің (түсімнің) үш пайызы, яғни 42 878 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.
Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор Т[...] қорытындысын, А[...] түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс құжаттарына сәйкес уәкілетті орган Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына тергеу жүргізген. 2020 жылғы 16 наурыздағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес уәкілетті орган 2019 жылғы қыркүйекте сұйытылған мұнай газына бөлшек сауда бағаларын белгілеу бойынша нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімнің белгілерін анықтаған.
Ұсынуда ӘҚБтК-нің 159-бабының бірінші бөлігі бойынша Б[...] іс-әрекеттерін саралаудың дұрыстығы дауланбайтыны, алайда тәркіленуге жататын кіріс мөлшері бөлігінде сот тағайындаған жазаның дұрыс еместігі көрсетілген.
Іс бойынша шешімнің негіздемесінде бірінші сатыдағы сот уәкілетті органның 2020 жылғы 12 ақпандағы қорытындысынан монополиялық кірістің мөлшерін айқындады, ол күніне 60 теңгеден 25 160 литр газды сату бойынша 10 күн ішінде 1 509 600 теңге мөлшерінде газды өткізуден
түскен түсімді бөліп шығарған. Негізделген шығыстарды сот қорытындыдан да 80 310 теңге мөлшерінде қабылдады (жалақыға арналған шығыстар 33 330 теңге, 18 000 теңге тасымалдаудың 1 рейсін төлеуге арналған шығыстар, бұзушылық кезеңі үшін төленген салықтар, корпоративтік табыс салығын төлеуге жататын 521 685 теңге негізге алына отырып). Сот тәркіленуге жататын кіріс 1 429 290 теңгені құрайды деген тұжырымға келген. ӘҚБтК-нің 159-бабының бірінші бөлігі бойынша дара кәсіпкер Б[...] тағылғын құқық бұзушылық Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде (бұдан әрі - КК) тыйым салынған нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін құрайды.
Бұл құқық бұзушылық монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) - үш пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
КК-нің 225-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасында монополиялық кірісті анықтау кезінде шығыстарды шегеру туралы тікелей көрсетілген. Сот уәкілетті орган есептеген монополиялық кіріс сомасын оның есебін тексермей негізге алған. Кассациялық өтінішхатта Б[...] монополиялық табысты есептеу кезінде оның әлуметтік салық бойынша 205 917 теңгені құрайтын шығындары шегерілмегенін атап өтті. Уәкілетті органның 2020 жылғы 12 ақпандағы қорытындысына сәйкес онда келтірілген есептеуден қандай салықтар ұсталғаны көрсетілмеген.
Сонымен бірге уәкілетті органның есептері растаусыз кәсіпкердің жалпы мәліметтеріне ғана негізделген. Аталған мәліметтер бухгалтерлік есептің бастапқы құжаттарымен, салық есептілігімен расталмаған.
ӘҚБтК-нің 768-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.
Осыған байланысты алқа Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сот және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 маусымдағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева
Судьялар М. Омарбекова М. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.