6003-25-00-2к/5036
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 21 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.К.Тлеубаева, Л.Б.Мамырбаева,
арыз беруші «Павлодар қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Р.Р.Хисматулиннің, И.М.Ныгметованың, мүдделі тұлға Р.Д.Тягунованың, аудармашы Е.Төкештің қатысуларымен,
ашық сот отырысында арыз беруші «Павлодар қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің иесіз қалған мүлік және коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі мүдделі тұлға Р.Д.Тягунованың Павлодар қалалық сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешіміне және Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Арыз беруші жоғарыда көрсетілген арызбен сотқа жүгінген.
Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Павлодар қалалық сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешімімен арыз қанағаттандырылған.
Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Гагарин көшесі, 32 үй, 7 пәтер иесіз қалған мүлік және коммуналдық меншікке түсті деп танылған.
Мүдделі тұлға Р.Д.Тягунованың кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарауға жататын құқық туралы дау бар дей келе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 304-бабының талаптарына сәйкес, істі ерекше іс жүргізіп қарау кезінде құқықтық даудың бар екендігі ескеріп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қараусыз қалдыруды немесе талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған мүдделі тұлға Р.Д.Тягунованы, шағымға қарсылық білдірген арыз беруші «Павлодар қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Р.Р.Хисматулинді, И.М.Ныгметованы тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Іс құжаттарына қарағанда, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтамаға сәйкес, Т.С.Малых Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Гагарин көшесі, 32 үй, 7 пәтер мекенжайы бойынша орналасқан жылжымайтын мүліктің меншік иесі.
Т.С.Малых 2016 жылдың 20 шілдесінде қайтыс болған.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы» Павлодар облысы бойынша филиалдың 2024 жылғы 12 қарашадағы жауабында Т.С.Малыхқа қатысты «АХАТ ТП» ақпарат жүйесінде неке қию және некені (ерлі - зайыптылықты) бұзу, бала туу туралы мәліметтер жоқ екендігі көрсетілген.
Павлодар облысы нотариаттық палатаның 2024 жылғы 24 шілдедегі жауабына сәйкес, Т.С.Малыхқа қайтыс болғанннан кейін мұрағат құқықтылығы туралы куәлік берілмеген. Сонымен қатар, Павлодар қаласының нотариустарының іс жүргізуінде мұрагерлік істің және өсиеттердің болуы туралы мәліметтер жоқ.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі –АК) 1083-бабының талаптарына сәйкес мұраны иесіз қалған мүлік деп таныған.
Р.Д.Тягунованың бірінші сатыдағы сот істі оның қатысуынсыз қарады, іс жүргізу заңнамасының талаптары бұзылды деген уәждері апелляциялық сатыдағы сот зерделеп, негізсіз деп тапқан.
Кассациялық сот, бұл олқылықты апелляциялық сатыдағы сот толтырып, оған қарсылық білдіру және қарсылықтарын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсыну құқығы берілген деп есептейді.
АК-нің 242-бабының 1, 3-тармақтарында меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады. Иесi жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесi жоқ жылжымайтын зат есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнеді. Бұл ретте, егер иесіз зат халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектісі болып табылса, Қазақстан Республикасының заңдарында сот бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп танығанға дейін оны уақытша пайдалану көзделуі мүмкін деп көрсетілген.
Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Гагарин көшесі, 32 үй, 7 пәтер
мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік иесіз зат деп танылмаған, жергілікті атқарушы орган жылжымайтын мүлікті тиісті түрде есепке алмаған, тиісті органда тіркемеген.
АПК-нің 302-бабының 1-бөлігі 12-тармағына сәйкес, сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы істер жататындығы көзделген.
Аталған Заң нормаларында иесіз деп тану, иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат иесiз болып табылатындығы туралы көрсетелген.
Ал иесіз қалған мүлік туралы норма АК-нің 1083-бабында көрсетілген.
Мүдделі тұлға Р.Д.Тягунова иесіз деп тану туралы ұғымымен, иесіз қалған ұғымын шатастыруда. Сондықтан, оның арызды қараусыз қалдыру қажет деген уәжі негізсіз.
Осыған байланысты мүдделі тұлғаның шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мүлікті иесіз қалған және коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы арызды қанағаттандыруы заңды.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Павлодар қалалық сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы шешімі және Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Р.Д.Тягунованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.К.Тлеубаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.