6001-21-00-3Г/4545
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 18 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж. Мырзаке талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Салық органы, Мекеме) жауапкерлер «БҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «БҚ[...]» ЖШС, Серіктестік), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қоғам):
-2013 жылғы 26 сәуірдегі №84 мемлекеттік тіркеуден өту туралы бұйрықты (бұдан әрі - Бұйрық) жарамсыз деп тану туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 наурыздағы қаулысына Мекеменің келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен «Б[...]» ЖШС-не сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 13 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, дауланған бұйрық жарамсыз ден танылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімнің күші жойылып, іс бойынша талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Ө[...] істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арызданушының пікірінше іс бойынша жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, «БҚ[...]» ЖШС Қ[...] қалалық Әділет басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі №84 бұйрығымен тіркеуден өткен. Басшысы және құрылтайшысы: Т[...], мекенжайы: Қызылорда қаласы, [...].
Тексеру барысында Серіктестік аталған мекенжайда орналаспағаны анықталған.
«БҚ[...]» ЖШС-нің басшысы Т[...] салық заңнамасын бұзуына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып, рақымшылық заңымен қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандыру туралы тұжырымын Серіктестіктің басшысы Т[...] бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап кәсіпкерлік қызметпен айналысу нақты іс жүзінде жүзеге асырылмағандығымен және тіркеуші органға ұсынған мекенжайда орналаспағындығымен негіздеген.
Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімін, даулы Бұйрықты жарамсыз деп тануға негіз болатын заңда көзделген мән-жайлардың анықталмағанымен және ондай негіздердің келтірілмегендігімен уәждеген.
Алайда апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №4 «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысында (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) берілген түсіндірмеде мемлекеттік кірістер органы заңды тұлғаны құру кезінде жойылмайтын сипаттағы жіберілген заңнаманы бұзушылықтарға байланысты оның тіркеуін жарамсыз деп тану негізі бойынша заңды тұлғаны тарату туралы соттарға талаптар қоюға құқылы екені, мұндай істі қарау кезінде соттар іс үшін маңызы бар нақты мәнжайларға негіздей отырып, заңды тұлғаны құру кезінде жіберілген заңнаманы өрескел бұзушылық және оның жойылмайтын сипаты фактісін анықтауға тиіс екені келтірілген.
Соттың мұндай талаптарды қанағаттандыруы таратылған заңды тұлғаның өзі үшін де және оның контрагенттері үшін де белгілі бір құқықтық салдарларға әкеп соғатыны, сондықтан соттар олардың өз қызметін жүзеге асыру кезінде жіберген бұзушылықтардан заңды тұлғаны құру кезінде жіберілген бұзушылықтардың аражігін ажырату керектігіне аса назар аударылған. Салық органы даулы Бұйрықты жарамсыз деп танудың бір негізі ретінде Серіктестіктің басшысы Т[...] іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын көрсеткен. Алайда, бұл әрекеттер заңды тұлғаны құру кезіндегі емес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезіндегі бұзушылықтарға жатады. Аталған қылмыс құрамы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері ғана жауапқа тартылады. Сондықтан, аталған мән-жайдың заңды тұлғаны құру кезінде жіберілген заңнаманың өрескел бұзушылығы ретінде саралануы дұрыс емес. Бұлайша саралау Серіктестіктің адал контрагенттерінің құқықтарының бұзылуына алып келеді.
Нормативтік қаулының 12-тармағында келтірілген түсіндірмеде соттар мұндай істер бойынша заңды тұлғаның мекенжайының анықтығымен байланысты
мәселелерді зерттеуі қажет екені және тіркеу (қайта тіркеу) кезінде заңды тұлғаның мекенжайы туралы анық емес мәліметтерді қасақана ұсынуы осы заңды тұлғамен қандай да бір байланысты, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін болғызбайтын жағдайда ғана талап қою қанағаттандырылуы мүмкін екені көрсетілген.
Анық емес мәліметтерді ұсыну ретінде: заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының көрсетілген мекенжай бойынша орналаспауы, жүргізілген салықтық тексерулер нәтижелері теріс, хат-хабар ұйымның жоқтығы туралы белгімен қайтарылуы; ұсынылған құжаттарда көрсетілген мекенжай іс жүзінде болмауы не үй-жайларды жалға алуға қатысты жалған құжаттардың ұсынылуы түсіндірілген.
Іс бойынша мұндай мән-жайлар анықталмаған. Заңды тұлғаның мекенжайы туралы анық емес мәліметтерді, оның ішінде Серіктестікпен байланысу мүмкіндігін болғызбайтындай мәліметтерді ұсыну фактісі орын алмаған.
Тіркеуші органға ұсынылған Қызылорда қаласы, [...] мекенжайында 2017 жылдың 10 мамырынан бастап Серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы және басшысы Т[...] тіркеліп тұрган.
Сонымен бірге, электронды іске тіркелген Әділет департаментінің 2020 жылғы 8 қаңтардағы хатында « «БҚ[...]»» ЖШС-і Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 6-1 бабының талаптарына сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде электронды түрде, яғни «Электрондық үкімет» веб-порталында электронды хабарлама беру арқылы 2017 жылғы 12 мамырда №1685-e-1933-01-ЖШС мемлекеттік тіркеуден өткендігі, электронды хабарламаға мәліметтер толық енгізілгені (заңды тұлғаның атауы, мекен-жайы, құрылтайшысы, басшысы, жарғылық капиталының мөлшері, атқаратын қызмет түрлері), « «БҚ[...]»» ЖШС-ның мемлекеттік тіркелуі заңды екені хабарланған.
Қызылорда қаласының №2 сотының 2019 жылғы 25 қазандағы қаулысымен Т[...] Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 1-бөлігімен айыпталып, оған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты Рақымшылық жасау туралы Заңының 2-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс жүргізу тоқтатылған. Анықталғандай, Т[...] 2013 жылғы 24 сәуірде кәсіпкерлік қызметпен айналысу мақсатында «БҚ[...]» ЖШС құру жөнінде шешім шығарып, өзі директор болып тағайындалып, 2013 жылғы 26 сәуірде Қызылорда облысының Әділет департаментінде Серіктестік мемлекеттік тіркеуден өтіп, салық төлеушінің тіркеу куәлігін алған.
Т[...] Серіктестіктің басшысы ретінде, жарғысында көрсетілген тәртіппен Серіктестік істерін басқаруға, бухгалтерлік және салық есебін дұрыс жүргізуге, сонымен қатар декларацияның есептік мәліметтерін салық органдарына уақытылы және сенімді ұсынуға жауапты тұлға бола отырып, мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей, шот-
фактура жазумен айналысып, 2013 жылы 21 140 428 теңге, 2014 жылы 28 322 603 теңге, 2015 жылы 8 516 117 теңге, жалпы мемлекетке ірі мөлшерде 57 979 148 теңге зиян келтірген.
Сонымен қатар, Салық органы Салық кодексінің 95-бабы негізінде автоматтандырылған камералдық бақылау нәтижелері бойынша «БҚ[...]» ЖШС-не хабарламаларды қалыптастырған, алайда олар бүгінгі күнге дейін орындалмаған.
Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.