Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 30.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/1003 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 30 сәуір №6003-26-00-2к/1003 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор Н[...], талап қоюшы өкілі Н[...], жауапкерлер өкілдері Р[...], О[...], А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «Т[...]» атауымен әрекет етуші Т[...] (бұдан әрі - Кәсіпкер) жауапкерлер Қызылорда қаласының әкіміне, «Қызылорда қаласы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (бұдан әрі - Кәсіпорын) мүліктік шығындарды өндіру туралы электрондық азаматтық істі Кәсіпкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 қазандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпкер сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан өзіне материалдық шығын келтірілгенімен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 7- бабының 1-тармағын, 8-бабының 4-тармағын, 272-бабын және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 26 шілдедегі №310 Заңын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Кәсіпкер мен Кәсіпорын араларында 2020 жылғы 1 маусымда №63 жер учаскесінің бөлігін жалға беру шарты (бұдан әрі - шарт) жасалған.

Шарттың 1.1., 1.2.-тармақтарына сәйкес Кәсіпорнымен (жалға беруші) Кәсіпкерге Қызылорда қаласы, [...] мекен-жай бойынша орналасқан жалпы ауданы 843 шаршы метрді құрайтын жер учаскесінің бөлігі (жеке меншікке сатып алу құқығынсыз) жалға берілген.

Берілген жер учаскесінде орналасқан жұмыс жасамайтын сорғылау станциясының (бұдан әрі - станция) ғимаратын жалға алушы өз есебінен демонтаж жасайды. Шарттың мерзімі аяқталғаннан кейін жалға беруші жалға алушының демонтажға кеткен шығындарын төлейді.

Жалпы көлемі 843 шаршы метр жалға беру объектісі қоғамдық тамақтандыру және азық-түлік өнімдерін сату ғимаратын орналастыруға және салуға беріледі.

Талап қоюшы талабында шарт талаптарын орындау мақсатында станция ғимаратын демонтаж жасап, оған сметалық есептеуге сәйкес 20 014 509 теңге жұмсағанын, 2025 жылдың ақпан айында тұрғын емес жайдың құрылысын бастап, оған сметалық есептеуге сәйкес 25 345 700 теңге жұмсағанын, сол уақытта қалалық мәдениет және демалыс паркінің қайта жаңғырту жұмыстары басталып, парктің 6 гектар аумағында жаңа нысандардың құрылысы жоспарланғанын, сол кезде өзіне табысталған жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысандары рұқсатсыз бұзылғанын көрсеткен.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

Шарттың 2.1. тармағына сәйкес жалдау нысаны 10 жылға жалға беріледі. Жалдау ақысы есептеу мерзімі жылжымайтын мүлік объектісі пайдалануға берілген сәттен басталады.

Алайда, сотта шарттың мемлекеттік тіркеуден өтпегені және жылжымайтын мүліктің пайдалануға берілмегені анықталған, яғни шарт талаптары өзінің қолданысын бастамаған.

Сонымен қатар, сотта Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидасы» талаптарына сәйкес Кәсіпкер құрылыс нысанына сәулет-жобалау тапсырмасын, инженерлік желілерге қосуға арналған техникалық шарттарын алғандығы, эскизді (эскиздік жобаны) әзірлеп, келісуден өткізгені, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлегені, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органнан құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлағандығы туралы дәлелдеме және станцияда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізген арнайы рұқсаты (мемлекеттік лицензиясы) бар мердігер мекемемен мердігерлік шартын ұсына алмаған.

Кәсіпкермен ұсынылған екі смета негізді күмән туғызады, себебі 2019 жылғы 7 тамыздағы смета шарт жасалып, тараптар арасында міндеттемелер пайда болғанға дейін әзірленсе, онда тапсырыс беруші көрсетілмеген және тапсырыс берушімен бекітілмеген, ал «Қызылорда қаласында кірпіштен қоршау және БКП құрылысы» деп аталатын 2024 жылғы 9 қыркүйектегі сметалық есепте нысанның атауы, тапсырыс беруші, орындаушы көрсетілмеген және тапсырыс берушімен, орындаушымен де бекітілмеген.

АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта Кәсіпкер өз уәждерін растайтын дәлелдемелерді ұсынған жоқ және жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығаратын мән-жайлар анықталмады.

Істің мұндай тұрғысында талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 қазандағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы жеке кәсіпкер «Т[...]» атауымен әрекет етуші Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.