ҰЙҒАРЫМ
2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-4к/1453 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
іске қатысатын адамдарды шақырмастан талап қоюшы Майра Ашимхановна Нугуманованың жауапкер Абай облысы Үржар ауданының әкіміне қатысты жер комиссиясының 2012 жылғы 26 маусымдағы №293 хаттамалық шешімі мен аудан әкімінің 2012 жылғы 23 шілдедегі №297 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысындағы қате жазуларды түзету туралы арызды қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысының күші жойылып, осы іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілген.
2025 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің Кассациялық соттарда және Жоғарғы Сотта прокурорлардың қатысуын қамтамасыз ету басқармасының аға прокуроры Б.И. Саттыбаев кассациялық соттың қаулысындағы қате жазуларды түзету туралы арызбен жүгініп, прокурордың қатысуы туралы мәліметті қосуды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады.
АПК-нің 452-бабына сәйкес, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Кассациялық сатыдағы сот АПК-нің 235 және 237-баптарында көзделген жағдайларда және тәртiппен қате жазылған жазбалар мен анық арифметикалық қателердi түзету туралы мәселені қарауға, кассациялық сатыдағы сот бұрын шығарған қаулыны түсiндiруге құқылы, бұл туралы ұйғарым шығарылады, ал АПК-нің 236-бабында көзделген жағдайда және тәртіппен қосымша қаулы шығарылады.
АПК-нің 235-бабының екінші бөлігіне сай, сот өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын адамдардың арызы бойынша шешiмде жiберiлген қате жазуларды және анық арифметикалық қателердi түзете алады. Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, 2025 жылғы 19 қыркүйектегі сот отырысына тек тараптардың өкілдері ғана, атап айтқанда талап қоюшының өкілі Ә. Серікқазы, жауапкердің өкілдері Д.Ж. Амирбаева мен А.М. Абдрахманов, мүдделі тұлға «Саябақ» шаруа қожалығының басшысы Е.Мустафин мен оның өкілі Ж. Сулеев қатысқан.
Ал прокурор, сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылғандығына қарамастан, сот отырысына қатыспаған. Осыған байланысты, қате жазуларды түзету туралы арыз қанағаттандыруға жатпайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 235, 452-баптарын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҰЙҒАРДЫ:
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің Кассациялық соттарда және Жоғарғы Сотта прокурорлардың қатысуын қамтамасыз ету басқармасының аға прокуроры Б.И. Саттыбаевтың Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысындағы қате жазуларды түзету туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.