6001-22-00-3Г/2195
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 6 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы А.К.Ескендіров, талап қоюшы С[...] жауапкер К[...] ортақ меншіктегі мүліктен үлесін анықтау туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 26 қазандағы ұйғарымын кассациялық тәртіпппен қайта қарау туралы талап қоюшы С[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
С[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, онда төмендегі ортақ меншіктегі мүліктерден үлесін анықтауды сұраған:
Ақтау қаласы, 14 шағын ауданы, 12-үй, 104 және 11-пәтерлеріндегі;
Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылы, Жыңғылды көшесінде орналасқан
№ 60 А және 62 А жер учаскелеріндегі (бұдан әрі – даулы мүлік);
Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылы, Жұлдыз шағын ауданы, Көкесем
көшесінде орналасқан № 61 А және 63 А жер учаскелеріндегі;
Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылы, Саура көшесінде орналасқан № 63 А
жер учаскесіндегі;
Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылы, Жұлдыз шағын ауданы, А[...]
көшесінде орналасқан № 100 Д жер учаскесіндегі;
мемлекеттік нөмірі [...], «L[...] 570» маркалы
автокөлігіндегі.
Жаңаөзен қалалық сотының 2021 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, ортақ некеде сатып алынған жоғарыда аталған даулы мүлікте талап қоюшының ½ үлесі анықталған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 26 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Өтінішхатта арыз беруші апелляциялық ұйғарыммен келіспей, тұжырымы істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, процестік құқық нормаларына қайшы келетінін көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Өтінішхат иесі мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілгенін көрсетіп, келесідей уәждер келтірген.
АПК-нің 277 бабының 1) және 2) тармақшаларында егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сол тараптардың арасындағы дау бойынша сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына немесе тараптардың татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот ұйғарымы болса, iс бойынша іс жүргізу тоқтатылатыны көзделген.
АПК-нің 23-бабының 2-бөлігіне сәйкес азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарынан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша талап қою ісін жүргізудің азаматтық істері соттардың ведомстволығына жатады.
Талап қоюшының ортақ мүлкінің үлесін анықтау туралы талабы Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) ережелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына негізделеді. Сол себептен, қойған талаптар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуы тиіс.
Сондықтан АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасында қарастырылған негіз бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот алқасының қорытындысы заңсыз және осы заңнамалық актінің нормаларына қарама қайшы келеді .
Бұл бұзушылық Маңғыстау облыстық сот алқасының процестік заңнама нормаларын дұрыс қолданбауын білдіретінін көрсетеді.
Сонымен қатар, шағымданып отырған Маңғыстау облыстық сот алқасының ұйғарымында Жаңаөзен қалалық сотының 2020 жылғы 14 қазандағы ұйғарымына сілтеме жасай отырып, АПК-нің 277-бабының 2) тармақшасына сүйеніп іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуы бойынша келесілерді атап өту қажет.
Аталған ұйғарыммен медиациялық келісім бекітіліп, онда талап қоюшының жауапкердің атына некеде алынған төрт мүлікті қайта рәсімдеу міндеті қарастырылған.
Ал, сот алқасының шағымданған ұйғарымымен күші жойылған Жаңаөзен қалалық соттың 2021 жылғы 14 шілдедегі шешімімен жоғарыда аталған медиациялық келісімді бекіту кезінде шешілмеген тағыда басқа 5 мүліктің үлесі анықталған.
Бұл жағдайда, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының ісі бойынша іс жүргізуді АПК-нің 277-бабының 2) тармақшасына сүйеніп тоқтатуы заңсыз және шындыққа сәйкес келмейді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, даулы мүлік тараптармен ортақ некеде алынған.
Жаңаөзен қалалық сотының 2020 жылғы 14 қазандағы ұйғарымына
сәйкес К[...] мен С[...] арасында медиациялық келісім жасалған.
Аталған келісім негізінде К[...] С[...] бірлескен ортақ меншіктің үлестерін айқындау және оны бөлу туралы талап қою арызынан толық бас тартқан. Келісім талаптары бойынша С[...] Ақтау қаласы, 14 шағынауданы, 12-үй, 11 және 104-пәтерлерін, Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылы, Жыңғылды көшесінде орналасқан № 60 А және 62 А жер учаскелерін өз еркімен К[...] атына рәсімдеп беруге міндеттенген. К[...] алдағы уақытта С[...] мүліктік талап қоймауға міндеттенген.
Бірінші сатыдағы сот АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сай осы іске аталған ұйғарымның преюдициялық маңызын анықтап, медиациялық келісімде бөлінген мүліктердің үлесі анықталуға жатады деген тұжырымға келген.
Мұндай тұжырыммен келіспеген апелляциялық сот алқасы АПК-нің 277-бабының 1) және 2) тармақшаларын басшылыққа алып iс бойынша іс жүргізу тоқтату туралы қорытындыға келген.
Бұл ретте тараптардың ортақ мүліктегі үлестерді айқындау қажеттілік жоқтығын, себебі Кодекстің 38-бабының 1-тармағына сәйкес ерлiзайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп заңмен танылғанын, ал аталған іс бойынша тараптар арасында дау тіптен жоқтығын, себебі медиациялық келісім шартпен берілген мүлікті К[...] өз атына тіркеп алғанын, қазіргі таңда қалған мүлікке таласы жоқтығын айтып отырғанын, сондықтан тараптар өзара белгілі бір уақытқа келісе отырып, С[...] тиесілі мүлікті рәсімдеулері қажет деп түйіндеген
Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату талап қоюшының немесе арыз берушінің сот арқылы қорғалу құқығы болмаған кезде орын алады. Сондықтан іс жүргізуді тоқтату сотта қайталап талап қою мүмкіндігін жоққа шағарады.
Егер мұндай арызды сот қате қабылдаған болса, онда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға тиіс. Іс жүргізуді тоқтатпас бұрын, сот талап қою арыздың сәйкестігін сенімді түрде анықтауға тиіс.
Ал, талаптардың ұсқастығы арыздардың бірдей нысанға, негізге және субъектілік құрамға ие екенін білдіреді.
Судьяның пайымы бойынша мұндай жиынтықтың бірлігі апелляциялық сатыдағы сот дұрыс анықталмаған, өйткені сілтеме жасалған Жаңаөзен қалалық сотының 2020 жылғы 14 қазандағы ұйғарымы бойынша Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылы, Жұлдыз шағын ауданы, Көкесем көшесінде орналасқан № 61 А ( 1 ) және 63 А (2) жер учаскелері, Саура көшесінде орналасқан № 63 А (3) жер учаскесі, Жұлдыз шағын ауданы, А[...] көшесінде орналасқан № 100 Д (4) жер учаскесі, мемлекеттік нөмірі [...], «L[...] 570» маркалы автокөлігі (5) соттың қарау нысаны болмаған.
Жоғарыда көрсетілген уәждер мен іс үшін маңызы бар мән-жайлар дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында
қарауға жататын негіздердің бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 26 қазандағы ұйғарымына талап қоюшы С[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья А.Ескендіров
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.