6001-22-00-6ап/303
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 2 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшының өкілі М[...], жауапкердің өкілі Т[...],
мүдделі тұлға А[...] қатысуларымен,
талап қоюшы А[...] Казталов ауданының әкіміне (бұдан әрі – жауапкер) 2021 жылғы 29 шілдедегі №25 жер комиссиясының хаттамалық шешімінің №30 лотына қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А[...] сотқа жауапкердің 2021 жылғы 29 шілдедегі №25 жер комиссиясының хаттамалық шешімінің №30 лотына қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен жүгінген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қаңтардағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшы өкілінің түсіндірмелерін, жауапкер өкілі мен мүдделі тұлғаның қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын және шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43-1бабының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығымен бекітілген «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидалары» ережелерімен анықталған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 29 шілдеде өткізілген ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың нәтижелері бойынша жер комиссиясымен талап қоюшыға жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы теріс қорытынды берілген. Кодекстің 43-бабына сәйкес жер комиссиясының құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді. Жер комиссиясының құрамына:
жергілікті өкілді органның депутаттары;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері;
қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері;
Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Ал жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына: 1) жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі;
жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.
Казталов ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 қаңтардағы №16 қаулысымен 9 адамнан тұратын тұрақты жер комиссиясының мүшелері бекітілген. Сондай-ақ, жер комиссиясының құрамына әрбір ауылдық округтің әкімі және жергілікті қоғамдастық жиналысы өкілеттік берген осы округтердің уәкілетті өкілдері енгізілген.
Талап қоюшының конкурсқа комиссия мүшелерінің жұп саны қатысқандығы туралы дәлелдері расталмаған, өйткені жергілікті қоғамдастық өкілдері, әкімдер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жер учаскелері бойынша дауыс беруге қатысады.
Талап қоюшының комиссия мүшелерінің жартысы қатыспағандығы туралы уәждері де өз дәлелін таппады, себебі сотта анықталған мәнжайларға қарағанда, №30 лот бойынша комиссия құрамына жеті адам, оның ішінде 4 адам қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік емес ұйымдардың, ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысқан.
Бұдан басқа, талап қоюшының оған теріс қорытынды табысталмағандығы туралы уәждері дәлелін таппады, өйткені конкурстың қорытындысы бойынша хаттамалық шешім шығарылады, жеке қорытынды шығару немесе жер пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы шешім шығару көзделмеген, талап қоюшымен хаттамалық шешім алынған, бұл туралы кассациялық шағымда көрсетілген.
Талап қоюшының, мүдделі тұлға А[...] бизнес-жоспарымен таныспағаны туралы уәждері назарға алынуға жатпайды, өйткені бизнес-жоспарды жер комиссиясының мүшелері зерттеген.
Жергілікті соттардың конкурстық ұсыныста болжамды инвестициялардың көлемін растайтын құжаттарды табыстамай көлемін көрсету көзделгені туралы тұжырымдарын сот алқасы дұрыс деп санайды, өйткені заң шығарушы конкурсқа қатысушылардың инвестициялық ауқаттылығын тексеруді көздемеген, инвестициялардың болжамды көлемінің өлшемшарттары жоспарлы болып табылады.
Қорыта келгенде, жер комиссиясы өз құзыреті мен өкілеттіктері шегінде талап қоюшыны емес, басқа қатысушыны конкурс жеңімпазы деп тануы заңды, әрі негізді болып табылады.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімі, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар Г. Дуйсенбаев
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.