Қ А У Л Ы
2026 жылғы 11 наурыз №6003-25-00-2к/4784 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі Н.Нургалиев, жауапкердің өкілі А.Байдильдинованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жезқазған қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» акционерлік қоғамына қосымша келісімге қол қоюға міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 маусымдағы шешіміне және Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысына
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жезқазған қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген.
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен өзеріссіз қалдырылған Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – акционерлік қоғам) қосымша келісімге қол қоюға міндеттелген.
Акционерлік қоғамынан жергілікті бюджет кірісіне 1 966 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілген.
Кассациялық шағымында жауапкер сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Шағымды, Мемлекетік сатып алу туралы заңының 18-бабы 2-тармағы 16) тармақшасына сәйкес шарт сомасын өзгерту тек табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтердің (бағалардың) өзгеруі жағдайында ғана рұқсат етілетіні, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - ІІМ) бүйрығы табиғи монополиясы саласындағы орган бекіткен тариф болып табылмайтыны, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің №90 бұйрығына сәйкес тарифты өзгертуге негіз жоқ екені, 2021-2025 жылдарға арналған тарифтік сметаларды бұзуға алып келетінімен негіздеген.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, төмендегі түйінге келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылыққа жол бермеген.
Жауапкердің объектісі стратегиялық санатқа жататын объектілердің тізіміне енгізілген.
«Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі – заң) мемлекеттік күзетуге жататын объектілерді күзетуді мемлекеттік органдар, яғни, ІІМ-нің мамандандырылған күзет бөлімшелері жүзеге асырады.
2024 жылғы 24 желтоқсанда мемлекеттік мекеме мен акционерлік қоғамының арасында жауапкердің «Гидроцех» ШАТҚ стратегиялық санатқа жататын объектісін күзетуге арналған №384-юр келісім-шарт (бұдан әрі – шарт) жасалған.
Шарттың 1.2-тармағына сәйкес күзет қызметтері үшін қаражат Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінің кіріс бөлігіне аударылатынын, күзет құнын есептеу кезінде ІІМ-нің бұйрығымен бекітілген тариф қолданылады. Жаңа тариф енгізілген жағдайда тараптар күзетілетін объектілердің төлем құнын ұлғайтуды көздейтін қосымша келісімге қол қоюға міндетті.
Шарт бойынша күзет бекетінің бір сағаттық тарифтік құны 1 888 теңгені, ал жалпы бір жылғы сомасы 49 616 640 теңгені құраған.
ІІМ-нің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №287 қбпү бұйрығы негізінде 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап тарифтерге өзгерістер енгізіліп, бір сағаттық тариф құны 3 334 теңге деп бекітілген.
Аталған бүйрық негізінде талап қоюшы жауапкерге қосымша келісімшарт жасауды ұсынған. Алайда жауапкер қосымша келісім жасаудан бас тартқан.
Осыған байланысты талап қоюшы соттан жауапкерді қосымша келісімге қол қоюға міндеттеуді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот келісім шартта тараптар жаңа тариф енгізілген жағдайда күзетілетін объектілердің төлем құнын ұлғайтуды көздейтін қосымша келісімге қол қоюға келіскеніне, бұл шарт заң талаптарына қайшы келмейтініне құқықтық баға беріп, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырым жасаған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 271-бабына сәйкес мiндеттеме шарттан пайда болады.
АК-нің 401-бабы 1-тармағына сәйкес егер осы Кодексте, басқа да заң құжаттары мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келiсуiмен өзгертiлуi және бұзылуы мүмкiн.
Заңның 1-1-бабының 1-тармағына сәйкес аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілер; стратегиялық маңызы бар және жарғылық капиталында акцияларының бақылау пакетін (қатысу үлестерін) мемлекет тікелей немесе жанама түрде иеленетін заңды тұлғаларға тиесілі экономика салаларының объектілері мемлекеттік күзетілуге жатады. Мемлекеттiк күзетiлуге жататын объектiлердi күзетудi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерi, Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құрылымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
Талап қоюшы күзететін жауапкердің объектісінің стратегиялық маңызы бар және лаңкестік тұрғыдан осал объекті болып саналатындықтан, Заң талаптарына сәйкес мамандандырылған күзет бөлiмшелерiмен күзетілуге жатады. АК-нің 380-бабына сәйкес азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi.
Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.
АК-нің 382-бабының талаптарына орай тиiстi шарттың мазмұны заңдармен жазылған жағдайлардан басқасында, тараптар шарт ережелерiн өз қалауы бойынша белгiлейдi.
Шарттың 1.2-тармағында күзет қызметтері үшін қаражат Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінің кіріс бөлігіне аударылады, күзет құнын есептеу кезінде ҚР ІІМ-нің бұйрығымен бекітілген тариф қолданылады деп белгіленген. Жаңа тариф енгізілген жағдайда тараптар күзетілетін объектілердің төлем құнын ұлғайтуды көздейтін қосымша келісімге қол қоюға міндетті.
Қаралып отырған жағдайда тараптар шарттың елеулі жағдайларын, атап айтқанда тариф ұлғайған жағдайда тараптардың қосымша келісімге қол қоюға міндетті екеніне келіскен.
Бұған қоса Шартты өзгерту туралы талап АК-нің 401-бабының талаптарына қайшы келмейді және Заң аясында мәлімделген.
Жауапкердің Мемлекетік сатып алу туралы заңының 18-бабы 2-тармағы 16) тармақшасына сәйкес шарт сомасын өзгерту тек табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтердің (бағалардың) өзгеруі жағдайында ғана рұқсат етілетіні туралы уәжін сот негізсіз деп табады, себебі Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет қызметінің бөлімшелерімен ақылы күзет қызметінің көрсетуі мемлекеттік монополияға жатпайды. Аталған қызмет табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласы болып табылмайды. Сондықтан ІІМ-нің жаңа тариф енгізу туралы бүйрығын орындау үшін Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті
қорғау комитетінің келісімін алу қажет етпейді. Сондай-ақ, тараптардың арасындағы шарт мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс немесе аукцион өткізу нәтижесінде жасалмағанын да сот ескеру жөн деп санайды.
Жауапкердің дау айтылған сот актілерінің күшін жою үшін келтірген басқа уәждері де негізсіз, себебі соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары дұрыс қолданылып, іс бойынша жиналған барлық дәлелдерге тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 маусымдағы шешімі және Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Г.Бастаубаев А.Даненова
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.