ВС РК - Постановление от 04.11.2021 по делу 6001-21-00-6ап/8 (Административное)

6001-21-00-6ап/8

ҚАУЛЫ

4 қараша 2021 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья - сот алқасының төрағасы Қ.С. Мусин, судьялар Н.Ү. Қайыпжан, Д.А. Токмурзина болып,

талап қоюшы «ГН[...]» ЖШС-нің өкілі А[...], жауапкер «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің өкілі Ұ[...],

жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-нің өкілі С[...],

мүдделі тұлға «Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасы» ММ-нің өкілі А[...],

мүдделі тұлға «К[...]» ЖШС-нің өкілі Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «ГН[...]» ЖШС-гі жауапкерлер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-не, «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» ММ-не камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушышылықтырды жою және хабарламаға дау айту туралы,

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылғы 16 тамыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына «Г[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «ГН[...]» ЖШС-гі сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызын беріп, онда жауапкерлер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-не, «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» ММ-не камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтырды және хабарламаны жоюды сұраған (әрі – қарай дауланған хабарлама).

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылғы 16 тамыздағы шешімімен «ГН[...]» ЖШС-нің талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өтінішхат беруші осы іс бойынша сот актілерінің заңсыз және негізсіз қабылдануына байланысты сот актілерін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Жауапкерлер және іске қатысушы мүдделі тұлғалар шағым уәждерімен келіспейтінін, сонымен қатар бірінші және екінші сатыдағы соттардың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Іс материалдарын және өтінішхаттың уәждерін зерделеп, тараптардың және мүдделі тұлғалардың уәждерін тыңдап, кассациялық сот алқасы төмендегі жағдайларға байланысты сот актілерін қайта қарауға негіз бар деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан – Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Аталған істе осындай негіздер бар.

Сот отырысында анықталғандай, 2021 жылғы 20 сәуірде «Қызылорда қаласының шекараларын өзгерту және белгілеу жобасы жұмыстарын орындау» бойынша электрондық веб-портал арқылы №5755010-1 конкурс жарияланған. «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-сі (бұдан әріБасқарма) конкурсты ұйымдастырушы ретінде айқындалған.

2021 жылғы 12 мамырдағы ашу хаттамасына сәйкес конкурсқа 9 әлеуетті өнім беруші, соның ішінде талап қоюшы, өтінімдерін ұсынған.

2021 жылғы 1 маусымдағы қорытынды хаттамаға сәйкес талап қоюшы жеңімпаз деп танылған.

2021 жылғы 22 маусымда Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (бұдан әрі - Департамент) басқармаға камералдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы №431010000-4-6-136861 даулы хабарлама жіберген.

Хабарламаға сәйкес талап қоюшы әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты конкурс жеңімпазы болып негізсіз танылған. Сәйкессіздік талап қоюшы мен «МИК[...]» ЖШС-нің арасында жасалған жұмыстарды орындау үшін қажетті арнайы жабдықты жалға алу шартының мерзімі М[...] сатып алу шарты бойынша жұмыстарды орындау мерзімінен бұрын аяқталғандығында болған.

2021 жылғы 7 шілдедегі №5755010-ОК1 қорытынды хаттамамен Басқарма аталған байқаудың жеңімпазы деп «К[...]» ЖШС-гін таныған.

Бірінші сатыдағы соттың шешімінен анықталғандай, 2021 жылғы 12 шілдеде даулы хабарламаның күшін жою туралы талап қоюшының шағымын ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитеті кері қайтарған.

Осылайша, әкімшілік органмен талап қоюшыға қатысты екі ауыртпалық түсіретін әкімшілік акті шығарылған - камералдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы №431010000-4-6-136861 хабарлама және №5755010-ОК1 қорытынды хаттама.

2021 жылғы 3 тамызда талап қоюшы ӘРПК-нің 142-бабының тәртібімен талап қою талаптарын өзгертіп Департаменттің даулы хабарламасын, «Қ[...]» ЖШС-гін конкурс жеңімпазы болып танылған Басқарманың конкурстық комиссиясының 2021 жылғы 7 шілдедегі №5755010-ОК1 хаттамасын, сондай-ақ "Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасы" ММ-сі мен «Қ[...]» ЖШС-нің арасында жасалған 2021 жылғы 10 шілдедегі №10/21 шартты заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды сұраған.

ӘРПК-нің 3-бабына сәйкес осы Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. ӘРПК-нің 102-бабына сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. Конкурстық комиссияның №5755010-ОК1 хаттамасын уәкілетті орган – "Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" ММ-нің шығарғанына жауапкерлердің дау айтпайтыны және олармен дауланбағаны анықталған.

Көрсетілген хаттамамен талап қоюшының М[...] сатып алу шартын жасасу құқығы тоқтатылған.

ӘРПК-нің 4-бабы 1-бөлігінің 4) сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт ауыртпалық салатын әкімшілік акт деп аталады.

Тиісінше, мұндай актіні даулау туралы талап-арыздар МАӘС-тың қарауына жатады.

Көрсетілген талаптарды бұза отырып, бірінші сатыдағы сот 2021 жылғы 16 тамыздағы ұйғарымымен ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сілтеме жасай отырып, №5755010-ОК1 конкурстық комиссиясының хаттамасын даулау бөлігіндегі талап қошының арызын әкімшілік іс жүргізу тәртібінде қарауға жатпайтын ретінде негізсіз қайтарған.

2021 жылғы 28 шілдедегі ұйғарыммен бірінші сатыдағы сот мүдделі тұлға ретінде іске қатысуға Басқарманы тартқан.

Одан әрі, сот Басқарманы іске нақты қатыстыру не шеттету туралы шешім қабылдамаған және оның процестік мәртебесін дұрыс айқындамаған. Нәтижесінде, сот шешімдерінде жауапкер ретінде пайда болады, іс материалдарында соттың Басқарманы жауапкер ретінде тарту туралы ұйғарымы жоқ.

Бұл мән-жайларды апелляциялық сатыдағы сот назардан тыс қалдырған. Кассациялық қарау барысында тараптар істі татуласумен аяқтауға дайын екендіктерін білдірді. Алайда, ӘРПК-нің 142-бабы кассациялық қайта қараудағы талап қоюды өзгертуді қабылдауға тыйым салатындықтан, сот қарауының осы сатысында талап қоюшының жауапкермен татуласуы мүмкін емес.

ӘРПК-нің 110-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс бойынша түпкілікті шешімдер сот отырысында тікелей зерттелген дәлелдемелерге ғана негізделуі мүмкін.

ӘРПК-нің 130-бабына 1-бөлігіне сәйкес сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті.

Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.

Даулы хабарламада талап қоюшының өтінімінде ұсынылған «МИК[...]» ЖШС-нен жалға алынған жабдықтардың 2020 жылғы 11 желтоқсандағы жалға алу шартының (әрі қарай – жалға алу шарты) мерзімі 2021 жылғы 11 желтоқсанға дейін, әрі қарай ұзарту мүмкіндігімен (одан әрі ұзартумен) деп көрсетілгенін. Яғни, жалға алу шартының қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада белгіленген жұмыстарды орындау мерзімінен кем екені көрсетілген.

ӘРПК-нің 6-бабының 1 және 4-бөліктеріне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу ӘРПК-нің 2-тарауында баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады және қағидаттарды бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға әкеп соғады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.

ӘРПК-нің 8, 14 және 16-баптарына сәйкес соттар әділеттік қағидаттарын басшылыққа алуға, формальды талаптарды теріс пайдаланбауға және судьяның белсенді рөлін басшылыққа алуға тиіс. Алайда, соттар бұл қағидаларды толық орындамағанын келесі жағдайлар растайды.

Біріншіден талап қоюшы тендерге қатысып, «МИК[...]» ЖШС-гін – (бұдан әрі ЖШС) тарта отырып, оның жеңімпазы болып танылды, ол жобаны іске асыру үшін жабдық ұсынуға міндеттенді. Дәл осы жабдық берушілермен жасалған келісім-шарт мемлекеттік органдардың сатып алу кезінде және одан әрі сот ісін жүргізуде зерттеу нысаны болды. Осылайша, іс жүзінде ЖШС-гі ӘРПК-нің 30-бабына сәйкес әкімшілік процестің мүдделі тұлғасы болып табылады. Алайда, бірінші сатыдағы сот судьяның белсенді рөлі қағидасын атқармай, ЖШС-гін іске қатысушы ретінде тартпаған.

Сонымен қатар, ЖШС-гі мен талап қоюшы арасында негізгі қарастырылып отырған шарттан басқа, 2021 жылғы 9 маусымдағы шартты ұзарту туралы қосымша келісім шарт жасалған, бұл жағдай іс бойынша объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында толық зерттелмеген және ЖШС-гі сот отырысында тыңдалмаған. Мүдделі тұлға "Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасы" ММ-сі және «К[...]» ЖШС-нің кассациялық сот алқасына берген түсіндірмелеріне сәйкес, 2021 жылғы 16 тамыздағы сот шешімі шығарылған кезде «К[...]» ЖШС-гі даулы жабдықты пайдалана отырып, көрсетілетін қызметтердің 80%-ын орындап қойған.

Алайда, сот жоба бойынша 2021 жылдың маусым айынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін даулы жабдықтармен жасалынатын жұмыстың қай кезеңге қажет екендігі туралы мәселе зерттелмеген. Яғни, дауды қарау формальды сипатта болған. Бұл ӘРПК-нің 14 бабының қағидасын бұзады.

Сот талап қоюшының «МИК[...]» ЖШС-нен жалға алған жабдықты, істелетін жұмыстың алғашқы бөлігінде ғана пайдаланып 2021 жылғы 11 желтоқсанға дейін толық аяқтауға мүмкіндігіміз болды деген уәждерін зерттемеген.

ӘРПК-нің 120-бабына сәйкес тараптар өз-ара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.

Аталған процесте екі жауапкер "Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті" РММ-сі, "Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" ММ-сі бар. Бұл ретте талап тек Департаментке ғана мәлімделді. Бұл факт барлық тараптардың татуласуын қиындатады. Бірінші сатыдағы сот өзінің белсенді рөлін дұрыс пайдаланғанда, талап қоюшының тиісті жауапкерге талаптарын нақтылауға мүмкіндігі болар еді.

"Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің" РММ-нің хабарламасы камералдық сипатта болған, яғни техникалык бағдарлама арқылы ұсынған материалға ғана негізделген.

Сот алқасы «МИК[...]» ЖШС-гін мүдделі тұлға ретінде тартуды, дәлелдемелерді қосымша зерттеуді қажет етілетіндіктен, дауланған сот актілері жойылуға, ал іс қайта қарауға жатады деп есептейді. АПК-нің 427-бабының 1- бөлігінің 1) тармақшасын және 4) тармақшасын, 4-бөлігінің 4) тармақшасын сәйкес кайта қарау бірінші сатыда жүзеге асырылуы тиіс, өйткені сот іске қатысуға тартылмаған тұлғаның құқықтары туралы мәселені шешкен.

Істі қайта қараған кезде, бірінші сатыдағы сот аталған кемшіліктерді жойып, іске «МИК[...]» ЖШС-гін қатыстырып, тараптардың уәждерін жан-жақты тексеріп, істің мән-жайларын толық анықтап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға беріп, дауды қолданыстағы материалдық және процестік заңнамасына сәйкес қарап, шешім қабылдауы қажет.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 4) тармақшасын, 427-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасын және 4) тармақшасын, 4-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылғы 16 тамыздағы шешімінің және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын, әкімшілік ic бірінші сатыдағы сотқа жаңадан басқа құрамда қарауға жіберілсін.

«ГН[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Қ. Мусин Судьялар Н. Қайыпжан Д.Токмурзина

Көшірмесі дұрыс

Судья Д.Токмурзина

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.