Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4278 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4278

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 17 ақпан

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор А.Е.Кадылбековтың, аудармашы Е.А. Төкештің, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер М.Б.Джумабаеваның және оның өкілі Ф.М.Берсанованың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Куандык Джумабаевқа, Рауза Сапаргалиевна Джумабаеваға, Марат Куандыкович Джумабаевқа, Марал Борамбековна Джумабаеваға, Ерқанат Маратұлы Жұмабаевқа, Толғанай Ардаққызы Жұмабаеваға өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және үйден шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. М.Мұратұлына меншік құқығына тиесілі кадастрлық №21-318-029-380, жалпы ауданы 0,0704 га, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, 63 мекенжайында орналасқан жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісіне 117 046 000 теңге ақшалай өтемақы төлеу арқылы онымен бірге тұрып жатқан адамдарды мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, төленетін өтемақыны 49 827 938 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 12 тамыздағы №510-2652 қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфуллин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га, жер учаскесін сатып алу арқылы Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Алынатын жер учаскесінің шегіне Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, 63, мекенжайында орналасқан, №21-318-029-380, жалпы ауданы 0,0704 га жер учаскесі орналасқан, ол 1999 жылғы 8 қарашадағы қабылдау туралы актісімен жер учаскесіне жеке меншік құқығының негізінде жер учаскенің және жылжымайтын объектінің меншік иесі К.Джумабаев болып табылады.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 49 827 938 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған орай бірінші сатыдағы сотпен мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын мүліктердің нарықтық құнын айқындау үшін комиссиялық сот сараптамасы тағайындаған.

«Экспертно оценочный центр» ЖШС-нің сарапшылары В.Н.Лобаевтың, С.К.Досмаковтың 2025 жылғы 24 маусымдағы қорытындысымен жауапкер К. Джумабаевқа тиесілі жер учаскесінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 117 046 000 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшылардың қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшылармен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 117 046 000 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.