6001-22-00-6ап/1379
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Н.Ү.Қайыпжан, Г.К.Нұрбаев болып,
талап қоюшының өкілі А[...], жауапкер К[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері Б[...], І[...], М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Н[...] жауапкер жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – сот орындаушысы) К[...] атқарушылық іс қозғау, мүлікке тыйым салу, мүлікке бағалау жүргізу, аукционға шығару қаулыларын заңсыз деп танып күшін жою, бағалау есебін жарамсыз деп тану, электрондық аукцион қорытынды хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою, сатып алусату шартын жарамсыз деп тану, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға өкілі І[...] кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, сот орындаушысы К[...] атқарушылық іс қозғауға негіз болған соттың шешімінде даулы мүліктен ақы өндіру туралы көрсетілмегенін, атқару парағының түпнұсқасы заң талабына сай рәсімделмегенін және іс бойынша қабылданған қосымша шешімде судьяның қолы қойылмағанын негіздеп, сот орындаушысының әрекеттерін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылып, 2017 жылғы 20 маусымдағы №423/17-43-944 атқарушылық іс жүргізуді қозғау, 2017 жылғы 23 тамыздағы Қызылорда қаласы, Сәулет шағын ауданы, 38 квартал, [...] учаскеде орналасқан жылжымайтын мүлікке тыйым салу, 2017 жылғы 25 тамыздағы жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізу туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған; 2017 жылғы 5 қыркүйектегі №БМ623-09/17 бағалау есебі жарамсыз деп танылған;
2018 жылғы 21 ақпандағы жылжымайтын мүлікті аукционға шығару туралы қаулысы, 2018 жылғы 13 наурыздағы электрондық аукционның қорытынды хаттамасы жарамсыз деп танылып, күші жойылған;
2018 жылғы 16 наурыздағы «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамы мен жеке сот орындаушы К[...] арасындағы шарт жарамсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 мамырдағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға өкілі І[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған мүдделі тұлға өкілінің түсінігін, талапкер өкілінің іс бойынша қабылданған сот актілерін өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған пікірін, жауапкердің, мүдделі тұлға өкілдерінің шағым уәждерін қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын және шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2017 жылғы 31 мамырда өндіріп алушы « Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Банк) сот орындаушысы К[...] орындау үшін борышкер Н[...] қатысты екі атқару парағын ұсынған:
Н[...] Банктің пайдасына 12 200 179 теңге берешекті және 366 005 теңге мемлекеттік баж шығынын өндіру туралы. (№1 атқару парағы).
Н[...] кепілдегі мүлкі Қызылорда қаласы, Сәулет шағын ауданы, 38 квартал, [...] учаске мекенжайындағы мүлкінен (даулы мүлік) ақы өндіру туралы атқару (№2 атқару парағы). Екі атқару парағы бойынша сот орындаушысы К[...] атқарушылық өндірістер қозғаған.
№1 атқару парағы бойынша қозғалған атқарушылық іске Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 14 қаңтардағы сырттай сот шешімінің көшірмесі тіркелген. Сот шешімі берешек соманы ақшалай өндіруге ғана шығарылған.
№2 атқару парағы бойынша қозғалған атқарушылық іске Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі қосымша шешім көшірмесі тіркелген. Бұл шешімде Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 14 қаңтардағы сырттай сот шешімінің уәждеу, қарар бөліктерінде кепілдегі Қызылорда қаласы, Сәулет шағын ауданы, 38 квартал, [...] учаске мекенжайындағы мүліктен ақы өндіру туралы көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК) 236-бабының 4-бөлігінде атқару құжатында шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз) көрсетiлуге тиістігі қарастырылған.
АІЖК-нің 236-бабының 5-бөлігінде сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшірмесін қоса берілетіндігі көрсетілген.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 38-бабы 1-тармағының 4), 6) және 8) тармақшаларына сәйкес атқарушылық құжат атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе, сот актісі заңды күшіне енбесе, сондай-ақ атқарушылық құжатқа заңды күшіне енгені туралы белгісі бар, судьяның қолымен және соттың мөрімен куәландырылған сот актісінің көшірмесі қоса берілмесе сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарып, құжатты өндіріп алушыға қайтаруы тиіс.
Осы нормаларға сәйкес сот орындаушысы атқару құжатын өз өндірісіне қабылдау барысында оның заң талаптарына, оның ішінде сот актісіне сәйкестігін тексеруі және ондай кемшіліктер орын алған жағдайда атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаруға тиіс болатын. Жергілікті соттар Банктің талап қоюымен қозғалған азаматтық істе жоғарыда көрсетілген қосымша шешімнің түпнұсқасы тіркелмегені және ол туралы мәлімет тізімдемеде көрсетілмегені, атқарушылық өндіріс материалдарына тіркелген сырттай сот шешімінің көшірмесі азаматтық іске тіркелген шешімге сәйкес келмейтінін анықтаған.
Заңның 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Алайда, сот орындаушысы өз міндеттерін тиісті түрде орындамай, заң талаптарына сәйкес келмейтін атқару парақтарының негізінде атқарушылық өндірістерді негізсіз қозғап, олар бойынша атқарушылық өндірісті заңсыз жүргізген.
Атқарушылық істердің құжаттарын, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуге негіз болған азаматтық іс құжаттарын (оның ішінде тараптарға жолданған құжаттарды) зерделеп, жергілікті соттар даулы мүліктен ақы өндіру туралы сот шешімі қабылданбағаны жөнінде дұрыс тұжырым жасаған.
Сот орындаушысы қолданыстағы заңнама талаптарын бұзып, даулы мүліктен ақы өндіріп алу туралы шешім қабылданбаса да, сондай-ақ атқару парағы талапқа сәйкес келмесе де атқарушылық іс жүргізуді қозғап, мүлікті заңсыз сауда-саттыққа шығарып, нәтижесінде Н[...] Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабында бекітілген, заңдармен кепілдік берілген меншік құқығын бұзып, мүлкінен заңсыз айырған.
ӘРПК-нің 84-бабының үшінші бөлігінде заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданатындығы көрсетілген.
Сот орындаушысының әрекетінен талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғандықтан, атқарушылық өндіріс бойынша жүргізілген, яғни бағалау есебі, жылжымайтын мүлікті аукционға шығару, электрондық аукционның қорытынды хаттамасы, Банк пен сот орындаушысы арасындағы шарттарда жарамсыз деп танылу қажет деген төменгі саты соттарының тұжырымдары негізді болып танылады.
ӘРПК-нің 129-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілгендей дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді және де аталған баптың 3-бөлігіне сай жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.
Алайда, істі негізінен қарау барысында сот орындаушысы дауланып отырған қаулылардың заң талаптарына сай қабылданғанын дәлелдей алмаған. Іс құжаттарына қарағанда Банк пен Н[...] арасындағы несие шарты 2027 жылдың қаңтар айында аяқталады. Несие кестесіне қарағанда Н[...] ай сайынғы төлем сомасының негізгі бөлігі банктің сыйақысына және ай сайын комиссия ретінде ұсталған.
Несие шартының талаптары бойынша ай сайынғы төлемнен ең алдымен - банк шығындары, екінші кезекте - комиссия, үшінші кезекте – өсімпұл, төртінші кезекте - сыйақы, бесінші кезекте - негізгі қарыз жабылатыны қарастырылған, яғни берешек мөлшері Н[...] төлемді кешіктірген мерзімінің аса ұзақ болмағаны байқалады.
2011 жылғы 23 тамызда, яғни мүліктен өндіру туралы шешім қабылданған уақыттан кейін, Банк пен Н[...] арасындағы несие шартына қосымша келісім жасалып, осыған орай қарыз алушы үш ай бойы ай сайын 155 128,75 тиын Банктегі шотын қамтамасыз етуге кепілдік берген, яғни тараптар арасындағы шарттың күші сот шешімінен кейін де тоқтамағанын, яғни шарттық міндеттемелердің жалғасқанын білдіреді.
Сонымен қатар, сот орындаушысы тарапынан Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілген Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларының 38-2 және 39-тармақтарының талаптарының бұзылуына жол берген.
Атап айтқанда, аукцион хаттамасында аукционның әрбір қадамының тарихы көрсетілмеген, аукционның сағат нешеде басталғаны, сатылым бағасын қатысушылар неше қадамнан кейін бергені мүлдем көрсетілмеген.
Хаттамаға қарағанда аукционға тек Банк қатысқан және ол жеңімпаз болып танылған.
Жергілікті соттар, сот орындаушысымен қабылдаған даулы қаулылары мен әрекеттері ӘРПК-де бекітілген заңдылық, әділдік қағидаттарына сай келмейді деп дұрыс қорытынды жасаған.
Заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, ӘРПК-ге және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыруы тиіс. Әділдік қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
Сот алқасы төменгі саты соттарының талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мәнжайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында талапкер сотқа шағымдану мерзімін өткізіп алған, сот шешімімен мүдделі тұлға Банктің құқықтары бұзылды деген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Н. Қайыпжан Н. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.