№ 6ап-80-16
ҚАУЛЫ
2016 жылғы 29 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Т.Қ.Баратбеков,
судьялар М.Т.Балкен, Н.Ө.Жолдасбеков,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған Ж[...] қатысуымен кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулыларына келтірілген наразылығымен түскен
Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен Ж[...] әрекетінде құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты, оған қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 1- бөлігімен қозғалған әкімшілік іс өндірістен қысқартылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, Атырау қаласы прокурорының апелляциялық наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жоюды, іс жүргізу өндірісін қайта қалпына келтіруді, істі қайта қарау үшін Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберуді сұраған.
Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Ж[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2016 жылғы 4 сәуірде шамамен сағат 18:08-де Ж[...], өзінің басқаруындағы «Toyota Rav-4» маркалы мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] көлік құралын Атырау – Орал тас жолы 45 шақырым тұсында алкогольдік масаң күйінде басқарған.
Махамбет аудандық орталық ауруханасының №234 санды медициналық куәландыру қорытындысы (әрі қарай - №234 қорытындысы) бойынша алкогольден жеңіл дәрежедегі мас күйінде болғандығы анықталған.
Қазақстан Республикасының Жол жүру қағидаларының 2.4.2-тармағының талабын бұзып, алкогольдік масаң күйінде автокөлікті басқарған деп Ж[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен Индер аудандық Ішкі істер бөлімінің жол патрульдік полиция (бұдан әрі - ІІБ-нің ЖПП) аға сержанты М[...] 2016 жылғы 4 сәуірдегі 06 №240310 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама (әрі қарай - хаттама) толтырған.
2016 жылғы 20 сәуірдегі Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Ж[...] шағымы қанағаттандырылып, хаттаманың күші жойылған.
Бірінші сатыдағы сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасының күші жойылғандықтан жүргізуші Ж[...] Қазақстан Республикасының Жол жүру қағидаларының 2.4.2-тармағының талабын бұзып, алкогольдік масаң күйінде автокөлікті басқарғанын растайтын жеткілікті басқа дәлелдемелер анықталмаған деп тапқан.
Апелляциялық сатыдағы сот аталған тұжырыммен келісіп сот қаулысын өзгеріссіз қалдырған.
Алайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының 2016 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулыларының күші жойылған.
Ж[...] 2016 жылғы 4 сәуірде жасалған сериясы 06 №240310 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасын заңсыз деп тану туралы шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы соттың медициналық куәландырудан өткізу барысында клиникалық деректер толық зерттелмеген, нұсқаулықтың талаптары толық орындалмай, алкогольдің және басқа да психикалық белсенді заттардың үрлеген ауада және ағзадағы биологиялық ортада болуы анықталмаған, биологиялық күйі қаны зерттелмеген, ауа арнайы құралмен тексерілмеген, сондықтан Ж[...] медициналық куәландыру өткізу кезінде мас күйінде болды деп қорытынды жасауға толық және біржақты негіз жоқ деген тұжырымы да заң талаптарына қайшы келеді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 11 маусымдағы [...]бұйрығымен бекітілген Психикалық белсенді зат пайдалану фактісін және мас болу жағдайын анықтау тәртібі туралы нұсқаулықтың 17-бөлігінде мастық күйінің клиникалық сипаты дәрігердің күдігін туғызса немесе куәландырылатын адам куәландыру қорытындысын мақұлдамағанда, ол адамның дем алатын ауасы мен биологиялық күйі (зәр, қан, түкірік) тексеріледі делінген.
Іс құжаттарына тіркелген №234 қорытындысынан Ж[...] биологиялық ортасында – түкірігінде алко скрин арқылы тексеру барысында 0,2% алкоголь анықталып, алкогольдік мас күйі жеңіл дәрежелі деген корытынды берілген. Аталған қорытындымен Ж[...] танысып, қарсылық білдірмей қолын койған.
Сонымен қатар, жергілікті соттардың, Ж[...] шыққан алкогольдің иісі тек оның құрамында алкоголь бар Нитроминт тіл астылық аэрозоль дәрісін пайдаланғандығын ғана растайды деген тұжырымы да негізсіз, себебі соңғының медициналық куәландыру барысында аэрозоль дәрісін қабылдағанын айтпаған, керісінше жарты шөлмек сыра ішкенін және қандайда бір аурумен ауырмайтынын айтқан.
Мұндай жағдайда, мамандандырылған сот алқасы жергілікті соттардың Ж[...] қатысты әкімшілік өндірісті қысқарту туралы қабылдаған сот актілері бұзылуға жатады деген прокурордың наразылықта келтірген уәждерімен толық келіседі.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармақшасына сәйкес, судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мәнжайлары туралы түйіндерінің наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
Сондықтан, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы Ж[...] қатысты қабылданған қаулылары заңсыз болғандықтан күші жойылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 1) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Ж[...] қатысты әкімшілік өндірісті қысқарту туралы Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулыларының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу қайта қалпына келтірілсін.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Т.Баратбеков
Судьялар
М.Балкен
Н.Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.