ҚАУЛЫ
2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-2К/427 Астана қаласы
Азаматтық істер жөнінідегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Даненова,
талап қоюшының өкілі С.Алымның, жауапкер Б.Кошарованың, үшінші тұлға А.Сермахановтың мобильді бейнеконференц байланысы арқылы қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкер Балжан Корганбаевна Кошароваға қарызды кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу туралы талап қоюымен қабылданған Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылыққа жол берген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 317-бабының 1-тармағының талабына сай, борышкер өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес, егер борышкердің кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде: 1) орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
- кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
АК-нің 318-бабының 1-тармағына сәйкес, кепіл ұстаушының талаптарын кепілге салынған мүліктің құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Іс құжаттарына қарағанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы және жеке кәсіпкер Н.Аяпбергеновтың арасында 2019 жылдың 13-ақпанында №МН—19-ДКП-Игілік-0021 санды несие шарты (әрі қарай – шарт) жасалған.
Несие шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы, жеке кәсіпкер Н.Аяпбергенов және Б.Кошарованың араларында 2019 жылдың 13 ақпанында — №МН 19-ДЗ-Игілік-0021/1 кепіл шарты жасалған.
Кепіл шарты бойынша жауапкерлер өзіне тиесілі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы, Құдайбергенов көшесі 25 үй, мекен-жайы бойынша, көлемі 0,0994 га жер учаскесінде (кад. №13-196-002-5392) орналасқан, литерлері Г1, Г2, Г3, I, II, III шаруашылық құрылыстары бар, тұрғын үйді кепілге қойған.
Кепіл шартының 2.1.5. және 3.1 тармақтарына сәйкес, талап қоюшы кепіл ұстаушы ретінде қарыз алушы тарапынан кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған кезде кепіл нысанасының құнынан өндіруге құқылы.
Н.Аяпбергенов несие қарызын қайтару жайлы міндеттемесін тиісті түрде орындамаған.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 30 шілдедегі шешімімен жеке кәсіпкер Н.Аяпбергеновтен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы пайдасына 5 086 000 теңге қарызы өндірілген.
2021 жылғы 7 желтоқсандағы қосылу туралы шартына сәйкес, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының құқықтық мирасқоры болып танылған.
Бағалаушы «ADAL EXPERT» ЖШС-нің 2024 жылғы 29 қарашадағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы қорытындысына сәйкес, кепілге қойылған мүліктің нарықтық құны 14 000 000 теңге сомасын құрайды.
Н.Аяпбергенов 2021 жылғы желтоқсанда соңғы рет 90 000 теңге төлеген.
2025 жылдың 9 қаңтарына Н.Аяпбергеновтің акционерлік қоғамының алдындағы қарызы 3 220 900 теңгені құрайды.
Жергілікті соттардың кепіл жылжымайтын мүлік жауапкердің жалғыз баспанасы екені және Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының 55, 57-баптарына сілтеме жасап, сот шешімі орындауы мүмкін еместігі және атқарушылық іс-әрекеттерді жасау мүмкін етпейтін немесе қиындататын мән-жайларды бекітетін дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмағаны туралы уәждері талап қоюшының қарызды кепіл мүлкінен өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды, себебі АК-нің 317, 318-баптарының және шарттың талаптарына сәйкес кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Алайда, сот жергілікті соттардың аталған тұжырымын іс құжаттарына және материалдық құқық нормаларына сәйкес келмейді деп таныды. Себебі, несие алушымен қарызды қайтару міндеттемесі алты жылдан астам уақыттан бері тиісті түрде орындалмауда. Бүгінгі күні даулы болып отырған берешек қарыз сомасы 3 220 900 теңгені құрады. Аталған берешек соманы несие алушыдан мәжбүрлеп өндіру мүмкін емес. Кепілге салынған мүліктің нарықтық құны 14 000 000 теңгені құрайтынын, берешек сомамен салыстырғанда, қарыз кепіл мүлкінің нарықтық құнының 10 пайызынан жоғары және міндеттеме алты айдан астам уақыт орындалмағанын ескеріп, АК-нің 317-бабы 2-тармағы негізінде кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тарту мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, сот үшінші тұлға (борышкер) Н.Аяпбергенов жауапкер (кепіл беруші) Б.Кошарованың ұлы екенін, ол 29 жаста, еңбекке жарамды екенін, солай бола тұра, еңбек етіп, қарызды қайтаруға әрекет жасамағанын ескереді.
Сондықтан, сот баяндалған мән-жайларды басшылыққа алып, жауапкердің банк алдында қалыптасқан қарыз сомасын өтемегендігін, кепіл берушінің міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мәнжайлар анықталмағанын ескере отырып, талап қоюшының кепілге қойылған мүлік құнының есебінен қарыз сомасын өндіріп алу туралы талабы негізді деген қорытындыға келді.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың шешімі мен қаулысының күші жойылып, талап қоюшының талабы қанағаттандыруға, АПК-нің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауапкерден мемлекет пайдасына сот шығындары өндірілуге, шағым қанағаттандыруға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
Шешім мен қаулының талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкер Балжан Корганбаевна Кошарованың кепіл мүлкінен несие қарызын өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жайлы бөлігінің күші жойылсын.
Талап қоюдың осы бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Жеке кәсіпкер Нурлан Азатұлы Аяпбергеновтің «Аграрлық несие корпорациясы» Акционерлік қоғамының алдындағы 3 220 900 (үш миллион екі жүз жиырма мың тоғыз жүз) теңге көлеміндегі берешегін өтеу мақсатында Балжан Корганбаевна Кошароваға тиесілі, Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы Бейнеу ауылы, Құдайбергенов көшесі, 25 үй, мекенжайы бойынша, көлемі 0,0994 га жер учаскесінде (кадастрлық №13-196-002-5392) орналасқан, литерлер Г1, Г2, Г3, I, II, III шаруашылық құрылыстары бар, тұрғын үйден, бастапқы бағасын 14 000 000 (он төрт миллион) теңге көлемінде анықтап, жария сауда арқылы ақы өндірілсін.
Жауапкер Балжан Корганбаевна Кошаровадан мемлекет пайдасына 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Шешім мен қаулының басқа бөлігі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
А.Тоқсанбаев М.Ибрагимова А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.