6001-24-00-6ап/2968
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Дина Жумахановна Рысбекованың жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй кезегінен алып тастау әрекетін заңсыз деп танып, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы ана ретінде тіркелген тұрғын үйге кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Д.Ж.Рысбекова жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.
Сот шешіміне сәйкес «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің талап қоюшыны тұрғын үй кезегінен алып тастау әрекеті заңсыз деп танылып, жауапкерге Дина Жумахановна Рысбекованы «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы ана» санаты бойынша тұрғын үйге кезегін қалпына келтіруге міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі бұзылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Өтінішхат иесі Д.Ж.Рысбекова іс бойынша апелляциялық саты сотының қаулысы заңсыз және негізсіз қабылдануына байланысты сот актісінің күшін жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін қайта қалпына келтіруді сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық алқа соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 68-бабының 9)-тармақшасына сай «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Д.Ж.Рысбекова – жеті баланың анасы, «Алтын алқа» алқасының иегері, 2020 жылғы 21 қазаннан бастап Шымкент қаласының тұрғыны.
2020 жылы 23 қазанда «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) талап қоюшының арызын қабылдап, «көп балалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге кезекке қойған.
2024 жылы 8 ақпанда талап қоюшы тұрғын үй кезегінен шығарылған.
Бірінші сатыдағы сот, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған наградталған көпбалалы аналар тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды деп тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспей, Д.Ж.Рысбекова 2020 жылдың 21 қазанынан – 2020 жылдың 23 қазанына дейін Шымкент қаласының үш жыл тұрақты тұрғыны болмағандығына байланысты оны тұрғын үй кезегіне қою заң талаптарына қайшы екенін негізге алған.
Апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды.
«Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы №5 нормативтік қаулысының 6-тармағының талаптарына сәйкес, шешім процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестікте шығарылғанда немесе қажет жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтін заңды қолдануға негізделгенде не заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасынан, адалдық, ақылға қонымдылық пен әділдік талаптарынан туындағанда заңды болып табылады.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы 2020 жылдың 10 қаңтарынан 2020 жылдың 21 қазанына дейін Маңғыстау облысында тіркеуде болған, содан кейін тұрақты түрде Шымкент қаласына 2020 жылдың 23 қазанынан бастап тіркеуге тұрған.
2020 жылы 23 қазанда «көп балалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге кезекке қойылған.
Заңның 67-бабының 1-тармағына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар осы елді мекенде тұрақты тұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етіледі.
Сонымен қатар, Заңның 73-бабының 1-тармағына сай бірыңғай республикалық электрондық базада, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығару:
осы Заңның 69-бабына сәйкес тұрғынжайға мұқтаж деп тану үшін негіздер болмаған;
басқа елді мекенге тұрақты тұру үшін кеткен;
мемлекеттік мекемедегі немесе мемлекеттік кәсіпорындағы еңбек қатынастарын тоқтатқан;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған;
тұрғынжайға мұқтаж деп тану үшін негіздер ретінде анық емес деректерді қамтитын құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынған;
Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған немесе шет мемлекеттің аумағында тұруға ықтиярхат не тұрақты тұру құқығын растайтын өзге де құжат алған;
соттың заңды күшіне енген айыптау үкіміне сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айырылған;
соттың заңды күшіне енген шешімімен хабарсыз кетті деп танылған;
қайтыс болған немесе соттың заңды күшіне енген шешімімен қайтыс болды деп жариялаған жағдайларда жүзеге асырылады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды.
Яғни, аталған Заңда тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығару негіздері нақты көрсетілген.
Алайда, талап қоюшы тұрғын үй кезегінен Заңда көрсетілмеген негіздер бойынша шығарылған.
Бұл мән-жайлар апелляциялық алқа сотының назарынан тыс қалған.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот жауапкер тарапынан тұрғын үй кезегіне қою тәртібінің бұзылуы талап қоюшыны кезектен шығаруға негіз бола алмайды деген ӘРПК-нің 13-бабының үшінші бөлігіне сай дұрыс тұжырым жасаған.
ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың Д.Ж.Рысбекованың талап қоюын қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мәнжайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюға, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдырып, Д.Ж.Рысбекованың кассациялық шағымын қанағаттандыруға толық негіздер бар деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысы бұзылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.