ВС РК - Постановление от 01.11.2023 по делу 6001-23-00-3гп/444 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/444

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 1 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М.Ж.Бектұрғановтың

судьялар Т.А.Молдахметованың, А.С.Савинованың,

талап қоюшылардың өкілі Р[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар М[...], Н[...] жауапкер «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмыстан босату бұйрықтарын заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндері үшін орташа жалақы өндіру, төленбеген міндетті зейнетақы жарнасын жеке зейнетақы шоттарына аудару, моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшылардың өкілі Р[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар М[...], Н[...] жауапкер «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім, жұмыс беруші) жұмыстан босату бұйрықтарын заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндері үшін орташа жалақы өндіру, төленбеген міндетті зейнетақы жарнасын жеке зейнетақы шоттарына аудару, моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талаптарымен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылардың өкілі Р[...] өтінішхатында жергілікті соттар дау айтылған сот актілерін іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамай, сот отырысында талқыланған жайттарға нақты құқықтық баға бермей, материалдық және процестік құқық нормаларын елеулi түрде бұзу арқылы қабылдағанын

көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшылардың өкілі Р[...] өтінішхат уәждерін қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің қарсылығын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Бөлімнің 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 21-ж/қ және 22-ж/қ бұйрықтарымен М[...], Н[...] мекеменің балалар мен он сегіз жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерлері ретінде жұмысқа қабылданған.

2021 жылғы 05 қаңтарда аталған бұйрықтардың негізінде Бөлім басшысы Т[...] М[...] және Н[...] араларында № 16, сәйкесінше № 17 еңбек шарттары жасалған.

Бөлімнің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 219-ж/қ, № 220-ж/қ бұйрықтарымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 49-бабының 3) тармақшасы негізінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарттары бұзылып, М[...] және Н[...] жұмыстан босатылған.

Еңбек шарттарының бұзылуына аталған жұмыскерлердің Бөлімнен қызмет алушыларға қызмет көрсетуге бармай, атап айтқанда;

  • М[...] бұрын Бөлімнен қызмет алушы ретінде есепте болған, бірақ 2022 жылғы 20 қарашада Қызылорда облысы, [...]на қоныс аударған Б[...] 2022 жылғы 20 қараша мен 23 желтоқсан аралығында қызмет жасамаған күндеріне 22 сағаттық қызмет көрсеткені туралы мәліметті;

  • Н[...] бұрын Бөлімнен қызмет алушы ретінде есепте болып, 2022 жылғы 2 желтоқсаннан бастап № 71 мектеп-интернатына орналастырылған Ә .Рсқалиевке 2022 жылғы 2 желтоқсан мен 22 желтоқсан аралығында қызмет жасамаған күндеріне 19 сағаттық қызмет көрсеткені туралы мәліметті кестеге енгізгендері негіз болған. Аталған қызмет алушыларға қатысты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету 2022 жылғы 22 желтоқсанға дейін тоқтатылмай, М[...] мен Н[...] қызмет алушыларға барғандарын кестелеріне көрсетіп келген. Сол себепті, жұмыс беруші қызметкерлер өздерінің функционалдық міндеттерін атқармаған деген негізбен, Еңбек кодексінің 49-бабының 3) тармақшасына сәйкес оларды жұмыстан шығарған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруын, талап қоюшылардың өздері қызмет көрсетпейтінін біле тұра, арнаулы қызмет алмайтын балаларды оларға бару кестесіне көрсетіп келгенін, сол себепті жұмыс берушінің өздеріне деген сенімін жоғалтқанымен негіздеген.

Сонымен қатар, сот отырысында кестені талап қоюшылар жасайтыны анықталғанын, талап қоюшылар өздері қызмет көрсететін балалардың біреуі басқа қалаға көшіп кеткенін, бір баланың мектеп-интернатқа орналастырылғанын, оларға қатысты қызмет көрсету тоқтайтыны туралы басшыларына ұсыным берілмегенін, осыған байланысты талап қоюшылармен еңбек шарты Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде тоқтатылуға жатады деп көрсеткен.

Сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың бұл тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері процестік құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

Еңбек кодексінің 61-бабының 2-тармағында сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 10-тармағында жұмыс берушінің актісінде еңбек шартын тоқтатудың негіздері нақты көрсетілу керек екендігі қарастырылған.

Алайда даулы бұйрықтарда шарттардың тек жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылғаны көрсетілген.

Осыған қарамастан жергілікті соттар жоқ негіздемеге сүйеніп, еңбек шарттарының Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес тоқтатылғаны жөнінде заңсыз тұжырым жасаған.

Еңбек кодексінің 49-бабының 3) тармақшасында еңбек шартын тоқтату үшін негіздер жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу болып табылатыны көзделген. Талап қоюшылар аталған норманың талаптары негізінде жұмыстан шығарылған.

Еңбек кодексінің 61-бабының 2-тармағымен жұмыс берушінің актісінде еңбек шартын тоқтатудың негізі көрсетілуге тиіс екендігі белгіленген. Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса бұзылуы мүмкін екендігі қарастырылған.

Ал, Еңбек кодексінің 53-бабының 7-2-тармағында, 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу жұмыскердің кінәлілік әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелер

көрсетіле отырып, ішкі тергеп-тексеру актісімен расталуға тиіс. Ішкі тергептексеру тәртібі жұмыс берушінің актісінде белгіленеді.

Алайда, іс-құжаттарына сәйкес жауапкермен М[...] мен Н[...] кінәлі әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелер көрсетілмеген.

Бұдан басқа, жауапкермен ішкі тергеп-тексеру тәртібін белгілеу жөніндегі бұйрығы (актісі) қабылданбаған.

Аталған фактілерге жергілікті соттар баға берілмей, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасы бойынша өзінің қызмет бабын өзі үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған, бұл әрекеттер жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болғандықтан бұзылған деп қате тұжырымға келген.

Нормативтік қаулының 23-тармағына сәйкес Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа қайта алу туралы істерді қарай келе, соттар ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға тікелей қызмет көрсететін (қабылдау, сақтау, тасымалдау, бөлу және т.б.) жұмыскерлер ғана емес, өздеріне жүктелген еңбек міндеттеріне орай ақша операцияларына тікелей қол жеткізе алатын, өздеріне деген сенімнің жоғалуына негіз болатын кінәлі әрекет не әрекетсіздік жасаған басқа жұмыскерлер де осы негіз бойынша жұмыстан шығарылуы мүмкін екенін ескеруі керек.

Мұндай әрекеттерге, атап айтқанда: тиісті құжаттарсыз көрсетілген қызметтер үшін ақы алу, ұзындықты дұрыс өлшемеу, салмақты дұрыс өлшемеу, дұрыс есептемеу, спирт ішімдіктерін сату немесе есірткілі дәрілік заттарды беру қағидаларын бұзу, бағаларды өсіру, мүлікті иемдену немесе оның жетіспеушілігі мен артық шығуына кінәлі түрде жол беру, белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізілген банктік операциялар жатқызылуы мүмкін.

Алайда, талап қоюшылар әлеуметтік қызметкер болып табылады және аталған әрекеттер олардың міндеттеріне жатқызылмайды.

Нормативтік қаулының 22-тармағында берілген түсіндірмелерге сәйкес егер сот еңбек тәртібін бұзғаны үшін еңбек шарты бұзылған адамды жұмысқа қайта алу туралы істі қарау кезінде теріс қылық шынында да орын алған, бірақ еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінде белгіленген тәртіптік жаза қолдану тәртібін немесе мерзімін бұза отырып жүргізілген деген тұжырымға келсе, сот жұмыскерді жұмысқа қайта орналастыруы мүмкін.

Мұндай жағдайда, сот алқасы жергілікті соттардың жұмыстан шығару туралы өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне еңбекақы мен төленбеген міндетті зейнетақы жарнасын жеке зейнетақы шоттарына аудару туралы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру негізсіз, осы бөлігінде талаптарды қаңағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағында бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленетіні көзделген.

Сондықтан, жауапкерден М[...] пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыдан ұстап қалулар есепке алынбай 1 829 900 теңге мөлшерінде жалақы өндірілуге жатады.

Сонымен қатар, жауапкерден Н[...] пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыдан ұстап қалулар есепке алынбай 1 146 356 теңге мөлшерінде жалақы өндірілуге жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда - жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).

Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысына сай, моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың заңға қайшы бұзылуының, кемсiтiлуiнің немесе олардан айырылуының нәтижесінде туындаған жан немесе тән азабын түсiну қажет

Нормативтік қаулының 24-тармағына сәйкес, еңбекақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюларды қараған кезде соттар Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының негізінде әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітушіліксіз сыйақы алуға құқығы бар екенін назарда ұстаулары қажет. Жұмыстан заңсыз шығару, еңбекақыны уақтылы төлемеу қызметкердің еңбегі үшін сыйақы алу конституциялық құқығын бұзу болып табылады, олар еңбекақыны өндіріп алу туралы талапты қойған кезде азаматтардың қорғалуға жататын мүліктік емес құқықтарының да бұзылуына әкеп соқтырады, делінген.

Моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қойылған кезде, талап қоюшы жан азабы мен тән азабын бастан кешіргенін дәлелдеуге тиіс.

Алайда, М[...] мен Н[...] талап қоюда нақты өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуының мән-жайларын көрсетпеген, соның нәтижесінде қандай жан немесе тән азабы келтірілгенін және оны растайтын дәлелдемелерді ұсынбаған.

Бұл жағдайда, алқа шешімнің М[...] мен Н[...] моральдық зиянды өндіруден бас тарту бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген қорытындыға келеді.

АПК-нің 117-бабының 1-тармағында талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынатыны көзделген.

Сондықтан осы іс бойынша сот шығыстары туралы мәселе, аталған норманың талаптарына сәйкес шешілуге жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің жұмыстан босату жөніндегі бұйрықтарын заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндері үшін орташа жалақы өндіру, төленбеген міндетті зейнетақы жарнасын жеке зейнетақы шоттарына аудару туралы талаптарын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

2022 жылғы 26 желтоқсандағы «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің № 219-ж/қ және № 220-ж/қ бұйрықтарының күші жойылсын.

Талап қоюшылар М[...], Н[...] мекеменің балалар мен он сегіз жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкер лауазымына қайта орналастырылсын.

М[...] пайдасына жауапкер «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен төлемдерді есепке алмай бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 829 900 (бір миллион сегіз жүз жиырма тоғыз мың тоғыз жүз) теңге өндірілсін. Н[...] пайдасына жауапкер «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен төлемдерді есепке алмай бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 146 356 (бір миллион бір жүз қырық алты мың үш жүз елу алты) теңге өндірілсін.

«Арал аудандық жұмыспен қамту,әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен мемлекет пайдасына 49 818 (қырық тоғыз мың сегіз жүз он сегіз) теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін.

«Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен М[...] пайдасына 220 000 (екі жүз жиырма мың) теңге сот шығыстары өндірілсін.

«Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен Н[...] пайдасына 220 000 (екі жүз жиырма мың) теңге сот шығыстары өндірілсін.

Дау айтылған сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшылардың өкілі заңгер Р[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Ж. Бектұрғанов

Судьялар Т.А. Молдахметова А.С. Савинова

Көшірмесі дұрыс Судья М.Ж. Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.