6001-23-00-6ап/2135
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Е.Ж. Өмірəлиев болып,
талап қоюшы Б[...],
жауапкер өкілдері М[...], Д[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Б[...] «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі – Министрлік), Астана қаласының əкімдігіне, «Астана қаласының Тұрғын үй жəне тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі – Басқарма) өтінішке берілген жауаптармен келіспеу туралы əкімшілік ісі бойынша,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б[...] аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, уəждерінде ішкі істер органдарында қызмет атқарған жылдарда қызметтік тұрғын үй немесе пəтер жалдау үшін төлемақы алмағанын, 2007-2020 жылдар аралығында тұрғын үй алуға байланысты мемлекеттік бағдарламаларға қатысып оның нəтижесіз болғанын, үй алу мақсатында бірнеше рет Министрлікке, Тұрғын үй инспекциясына, Астана қаласы əкімдігімен мəслихатына жəне басқа да мекемелерге жүгінгенін, алайда олардың жауап хаттарына қанағаттанбайтынын негіздеген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 17 мамырдағы ұйғаруымен талап арыз кері қайтарылған.
Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғаруымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымында бірінші жəне апелляциялық саты сотының іс бойынша қабылдаған сот актілерін заңсыз деп танып күшін жоюды, талап арызды əкімшілік сотқа негізінен қарауға жолдауды міндеттеу туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағым уəждерін қолдаған пікірін, жауапкер өкілдері М[...], Д[...] пікірлерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уəждерін жан-жақты зерттеп сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларымен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Б[...] 1995-2020 жылдар аралығында Астана қаласы бойынша Полиция департаментінде қызмет атқарып, 2020 жылы денсаулығына байланысты запастағы полиция капитаны шенінде зейнеткерлікке шыққан.
Б[...] өзі қызмет атқарған жылдар ішінде тұрғын үйге мұқтаж қызметкер ретінде қызметтік тұрғын үй немесе тұрғын үйді жалға алуға ақы төлеу туралы баянатпен ішкі істер органына жүгінбеген.
2014 жылдың 1 наурызынан бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде «мемлекеттік қызметші, бюджет ұйымдарының қызметкері» санаты бойынша кезек нөмірі №4939 болып кезекте тұрады. Жергілікті соттар жауапкерлердің тарапынан талап қоюшыға қатысты тұрғын үй беру не бермеу жөнінде əкімшілік акт қабылданбағанын, олардың арасында жария-құқықтық қатынастардан туындайтын қандай да бір даудың жоқ екендігін ескере отырып, ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11)-тармақшасының негізінде талап арызды кері қайтарған.
Сондай-ақ, жауапкерлер тарапынан ауыртпалық салатын əкімшілік акт - талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай- ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім қабылданбағанын ескерген.
Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдары материалдық жəне процестік құқық нормаларына сай дұрыс қабылданған деп таниды. ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сəйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қаралатыны қарастырылған.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.
Сотта анықталған мəн-жайларға қарағанда тараптар арасында жарияқұқықтық қатынастардан туындайтын дау орын алмаған, себебі жауапкерлер тарапына берілген жауап-хаттар əкімшілік акт болып табылмайды, осыған орай жергілікті соттардың талап арызды кері қайтару туралы тұжырымдары заңды əрі негізді болып табылады.
Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уəждерін, сот алқасы негізсіз деп санайды, себебі олар жалпылама көрсетіліп, қандайда бір дəлелдемелермен бекітілмеген.
Жоғарыда аталғандар негізінде төменгі саты соттары тарапынан материалдық жəне процестік құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгерістер енгізуге негіздер жоқ деп санайды. Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Б.Т. Нажмиденов Е.Ж. Өмірəлиев Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.